Батыс Қазақстан облысында коронавирус бойынша эпидемиялық жағдай тұрақталып келеді. Мамандар соңғы бір ай ішінде сырқаттанушылық деңгейі 62,7 пайызға төмендегенін хабарлады.
«Қыркүйек айының 8 күнінде облыс бойынша 217 сырқат тіркелді, ал тамыз айының алғашқы 8 күнінде науқастың саны 582 болған еді», дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Құлбарақова. Бұл, әрине, жедел әрі сауатты қимылдап, сырқаттарды сәтті емдеген дәрігерлердің де арқасы.
Жыл басынан бері өңірде 12 654 адам коронавирус жұқтырып, есепке алынған екен. Ал жалпы пандемия басталғалы бері мұндай сырқаттардың саны 52 713-ке жеткен. Бүгінде облыс бойынша 269 инфекциялық төсек дайындалған болса, ол жерде қазір 23 науқас ем алуда. Науқастардың басым көпшілігі (19-ы) вакцина алмаған. Жансақтау бөлімінде жатқан 2 науқастың ілеспе аурулары асқынып тұр, олар да алдын ала екпе алмаған болып шықты.
Коронавирустың беті қайтқандай болғанымен, босаңсуға болмайды. Қазір облыс аумағында жалпы саны 96 мобильдік бригада кезекшілікте тұр. Олардың 32-сі Орал қаласында болса, аудандарда 64 бригада бар. Жыл басынан бері бұл топтар 43 958 мәрте шақырту алып, жолға шығыпты. Соның ішінде 18 889 адамның сырқаты коронавирус болып шыққан.
– Коронавирусқа қарсы ең сенімді қорған вакцина екені әбден дәлелденді. Сондықтан екпе алуға асығыңыздар, – деді А.Құлбарақова.
Бүгінде облыста Comirnaty вакцинасы мен қытайлық Vero Cell вакцинасы бар. Ал жақын күндері өңірге 3 мың доза QazVac, қараша айында 4 680 доза Comirnaty вакцинасы жеткізілмек.
Соңғы мәліметке қарағанда, облыста 288 345 адам коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның І компонентін, 277 468 адам ІІ компонентін толық алған.
Батыс Қазақстан облысы