Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Тәжікстанмен шекарадағы қарулы қақтығысқа байланысты ел азаматтарына тікелей эфирде үндеу жасады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Президент Жолдауында Отанын сүйетін ерлерді тәрбиелеген қырғыз аналарына алғысын білдірді.
«Отан үшін жан беріп, қаза тапқан жауынгерлердің аналарына айтарым нағыз батырларды тәрбиеледіңіздер, мен сіздерге бас иемін. Әрбір батырдың ерлігі қырғыз халқының жадында мәңгі сақталады. Отан қорғау жолында қаза тапқан әрбір жауынгердің туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын», деді Жапаров.
Оның айтуынша, қақтығыс кезінде қираған үйлерді қалпына келтіруге мемлекеттің мүмкіндігі бар.
«Қақтығыс кезінде қирап, өртенген үйлерді тез арада қалпына келтіреміз. Аз уақыт ішінде біз айтарлықтай нығайдық. Бұл ішкі және сыртқы жауларды да қатты алаңдатады», деді Қырғыз Республикасының Президенті.
Сондай-ақ ол қайғылы оқиға болған Баткенге халықтың бармауын өтінді. Оның сөзінше, шекарадағы мәселені реттеуге мемлекеттің әскери әлеуеті жеткілікті.
«Тағы бір айта кететін жайт: мен Баткенге барғысы келетін жігіттерді сабырға шақырамын. Мемлекеттің әскери әлеуеті бір деңгейде деп ойламаңыз. Құдайға шүкір, бүгінде әскердің жағдайы басқаша. Шекара бұзушыларға тойтарыс беруге бізде батыл жауынгерлер мен күш жеткілікті. Оған дәлел жерімізге басып кіргендердің жазалануы. Біз халықтан сабыр сақтап, билік пен қарулы күштердің әрекетін бірлікпен қолдауды сұраймыз», деді Садыр Жапаров.
Еске салайық, 16 қыркүйек күні таңертең Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасындағы бірнеше учаскеде атыс басталды. Қырғыз Республикассының ҰҚК шекара қызметінің мәліметінше, шамамен сағат 6:00-де тәжік тарапы шекара отрядтары мен қырғыз тарапының позицияларын атқылай бастаған.