• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Қыркүйек, 2022

Мәулен Әшімбаев ІІ Елизаветаны жерлеу рәсіміне қатысты

255 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігінің Патшайымы ІІ Елизаветаны мемлекеттік жерлеу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жерлеу рәсімі 18-19 қыркүйек күндері Лондон қаласында өтті.

Сенат Спикері 18 қыркүйекте Вестминстер холлында Патшайымның табытын зиярат ету рәсіміне қатысып, Қазақстан Республикасының атынан ресми көңіл айту кітабына жазба қалдырды. Ол өз жазбасында II Елизавета аса көрнекті көшбасшы және британ ұлтының бірлігі мен тұрақтылығының символы болғанын, алдағы уақытта да Патшайымның тектілігі, қадір-қасиеті мен жетістіктері әлемдегі миллиондаған адамды жігерлендіре беретінін атап өтті.

Сол күні Мәулен Әшімбаев Букингем сарайында Король ІІІ Чарльздің Еуропа, Таяу Шығыс және Азия елдерінің, үкіметтер мен халықаралық ұйымдардың басшыларының және корольдік отбасы мүшелерінің құрметіне арналған қаралы қабылдауына қатысты.

Сенат Төрағасы Король ІІІ Чарльзбен сұхбат барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан көңіл айтып, ел Президентінің шешімі бойынша жақын арада Астананың орталық саябағындағы гүлзарлардың біріне ІІ Елизавета Патшайымның есімі берілетінін жеткізді. Ұлыбритания монархы мұрагер ханзада ретінде 1996 жылы Қазақстанға жасаған сапарын еске алды.

Король Патшайымның қазасына байланысты ықылас танытқан Қазақстан тарапына ризашылығын білдіріп, қазақстандықтарға игі тілектері мен ілтипатын жеткізді.

Қазақстандық делегация 19 қыркүйекте Вестминстерде өткен II Елизавета Патшайымды жерлеу рәсіміне қатысты. Делегация құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко да болды. Рәсімге 2000-ға жуық адам қатысты. Олардың қатарында корольдік отбасының мүшелері, мемлекет және үкімет басшылары, дипломаттар мен қоғам өкілдері бар.