Бағзы заманда бір жас жігіт Меккеге қажылық парызын өтеуге аттанады. Ол кезде қазіргідей көлік жоқ, жігіт көшке ілесіп, жаяу-жалпылап күннің ыстығына, ауа райының қолайсыздығына шыдап, көштен қалмай еріп жүреді. Құдіреттің күшімен ол Қағбаға да жетеді. Сол кезде оған сол жердегі бір ғұламаның көзі түсіпті. Жігіт Қағбаны айналу кезінде де, одан кейін де арқасындағы қомақты бір дорбаны тастамайды екен. Орайы келгенде әлгі ғұлама жігітті шақырып алып, “балам,ана арқаңдағы дорбаң не?” деп сұрайды. Сонда жігіт, “кешіріңіз, бұл дорбаның ішінде менің әкем отыр еді. Ол мені осы жарық дүниеге әкелді. Бағып-қақты, тәрбиеледі. Қазір қартайып, аурушаң болып қалды. Балам, қажылық парызымды өтейінші деген соң, арқама салып әкелдім” деп жауап береді. Сонда ғұлама: – “Сен үлкен жақсылық істеп, сауап алып отырсың, бірақ есіңде болсын. Еліңе қайтқаннан кейін әкеңе бір рет “түһ” деп ренжісең, не кейістігіңді білдірсең,осы жасаған жақсылығыңнан түк қалмайды. Барлық амалыңның сауабы жойылып кетеді”, – деген екен. Мұны айтып отырғанымыз, бала үшін әкенің алатын орны ерекше. Алайда, әкелер де әртүрлі. Балаларын тірі жетім етіп тастап кететіндер де, шарана іште жатқанда бас тартатын да әкелер бар. Өкінішке қарай, соңғы кезде біздің қоғамда әкенің алатын орны тіпті төмендеп кетті. Бұл сөзімізге өз басын алып жүре алмайтын маскүнем, отбасын асырай алмайтын, жұмыс істемейтін ең соңында баласына қарамай, балалар үйіне өткізетін әкелердің көбейіп бара жатқаны нақты дәлел бола алады. Иә, бүгінде жігіттеріміз жеті елдің қамын жемек түгілі, қыз-қырқынның өмірін бір түндік ойынға айналдырып, соңында некесіз туған балалар қаптап кетті. Сәбилер үйіне барсаң қаптаған көгенкөз жетімдер. Олардың басым бөлігі қазақтар екендігін байқағанда, ішің удай ашиды. Тастанды балаға әке фамилиясын бермек түгілі, маңынан да жүрмейді. Бұл жерде тәрбиелеуге, баланы асырап өсіруге мемлекет қана шығынданады. Сонда мемлекетіміздің болашағы қандай болмақ деген заңды сұрақ туындайды. Енді бұл мәселені қалай реттеуге болады? Бәлкім, бұл олқылықтың орнын толтыру үшін бірнеше бала тәрбиелеп, өсірген әкелерге де лайықты құрмет көрсетіп, мәселен “Заңғар әке” деген марапат берілсе оның еш айыбы жоқ сияқты. Ең бастысы, әкенің тәрбиесін, отбасын сақтаудағы тәжірибесін үлгі ғып көрсету керек. Себебі, қазіргі жастар жаһандану заманында өмір сүріп отырғандықтан да олар қаптаған батыс фильмдерін көреді. Ал онда негізінен қаталдық, махаббаттың атын жамылған зинақорлықты насихаттайды. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, ғалым Ерлан Сыдықов былай дейді:
– Қазір әйел адамдардың дені мұғалімдер. Біздің кезімізде мұғалімдер кілең ер адамдардан тұратын. Сабақ үстінде ер адамнан ығып, тыныш отырасың, тіпті далада доп теуіп ойнап жүрсек, алыстан мұғаліміміздің келе жатқанын көріп, амандасу үшін тәртіп сақтап тұра қалатынбыз. Сондықтан да педагогика саласына неғұрлым ер адамдарды тартқан жөн.
Мәжіліс депутаты Владимир Нехорошев та осы ойды сабақтап, қалың қауымға өз пікірін білдіруден қалыс қалмады. “Әке деген сөз мақтанышпен айтылуы тиіс. Ол ана деген сөз сияқты асқақ естілуі керек деп білемін. Өйткені, отағасы бар отбасы – бақытты. Мұндай шаңырақтағы балалардың балалық шағы бақытқа толы болады. Осындай шаңырақты бақытқа бөлеп отырған көпбалалы әкелерді марапаттауымыз керек. Қоғамда әкенің рөлін көтермей, көптеген мәселелерді шеше алмаймыз. Біздің қоғамда қылмыс күн сайын өршіп барады. Балалар колониясы мен әйелдер колониясына қаржы бөлінеді, жыл сайын мыңдаған адамды түрмеге жабамыз. Ал сол қылмысты тоқтатуға болады емес пе? Ол үшін, әрине, жарық дүниеге келген баланың тәрбиесіне мән беруіміз керек. Әкелерге жауапкершілік жүктеуіміз керек. Сонда әке мен ана бала үшін қиындықты бірге көтереді. Біздің сәбилеріміз өмірін жетім балалар үйінде бастап, түрмеде немесе қарттар үйінде аяқтамайтын болады”.
Иә, ер адамның, азаматтарымыздың беделін көтерудің жолдарын іздестіруіміз қажет. Бұдан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
ӘЙЕЛГЕ ЖІБЕК МІНЕЗ ЖАРАСАДЫ
Қазақта “Ауруын жасырған өледі” деген ащы мақал бар. Бәрі жақсы деп кемшілігімізді жылы жауып қойғанымызбен, біз қоғамда өмір сүреміз. Осы ортада талай санамызға жат келеңсіз жағдайлардың орын алғанын көрдім. Оның бірі қызғаншақтық ауруы әлденеше отбасының ойранын шығарғанын білемін. Әсіресе, күйеуін басқа әйелдерден себепсіз қызғанған еркетотайлардың оғаш қылықтары жанымда жатталып қалғанын жасыра алмаймын. Жас кезінде махаббат, сүйіспеншілік сезімдерін бастан кешпеген адамдар кемде-кем шығар. Жігіт бозбала, қыз бойжеткен болып, көңіл қосып, үйленіп, шаңырақ тігіп, балалы-шағалы болады. Әрбір отбасының өзіндік қалыптасу сыры, жолы бар. Менің айтайын деп отырған оқиғаларым, көптеген отбасында кездесіп отыр деген ойдан мүлдем аулақпын. Бірақ, қанша жылдар өтсе де сол бір қызғаншақ әйелдердің жат қылықтарынан қазіргі кездегі жас отау иелері аулақ болып жүрсе екен деген шынайы тілек менің қолыма қалам алғызды.
“Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады” деген мақал әлі күнге дейін өзінің мән-мағынасын жоғалтқан жоқ. Әлі есімде, әжептеуір қызмет атқарып, ел-жұртына сыйлы бола бастаған мекеме бастығы туралы “Әйелі қызғаншақ, қисыны келсін-келмесін, күйеуімен күле сөйлескен қыз-қырқынның соңына түсіп, маза бермейді, байқаңдар” деген сыбыс тараған. Ол кезде кеңес дәуірі еді, дүниенің дүркіреп тұрған кезі. Әлгі дөкейдің әйелі ұжымда қызмет атқаратын күйеуімен ажырасқан жас келіншектің соңынан шырақ алып түсіп алғаны. Қолымыздан келер шара жоқ, іштен тынып, қарсы дау айтып, қорғай алмаймыз. Бәріміз күнімізді көріп, бала-шағамызды асырап отырған қызметке тәуелдіміз. Оның үстіне қауесет сөзден қауіптенеміз. Ал бастықтың әйелі болса қысқа күнде қырық рет әлгі жас келіншекті телефонмен тергеп, есін шығарады. “Арадан қорықпа, жаладан қорық”деген сөздің өміршең екенін сонда білдім. Бастықтың әйелінің негізсіз күдігінің өтірік екенін білеміз. Бірақ, кімнің аузына қақпақ боласың, желдіауыздар айналада аз емес. Ақыры әлгі, жалғызбасты әйел қызметтен өз еркімен кетіп, енді барлығымыздың иығымыздан ауыр жүк түскендей, кең тыныстай бастап едік. Тағы да әлгі бастықтың әйелі “Ана бір келіншектен күйеуін қызғанып жүр екен” деген сыбыс тарап үлгерді. Әлгі жас келіншектің күйеуі бар. Бірақ, көңіліне күдік ұялаған әйел оған қарасын ба, ұялмай-қызармай келіншекке күнұзақ екі-үш рет телефон шалып, тексереді де жатады. Көңілі жабырқаған жас келіншекке бастыққа кіріп мұнысы сорақы қылық деп айтпайсың ба дейді ғой айналадағылар.
– Осылай деуге аузым бармайды. Менің сөзімді керісінше түсініп, отбасыма қаракүйе жаққалы отырсың ба десе, қай бетімді айтамын, – деп батылы бармай-ақ қойды. Оған “Жел болмаса, шөптің басы қимылдамайды”, ақ болса айтар еді ғой деген желауыз адамдар да табылды. Ақыры күбір-сыбыр әңгіме оның күйеуіне жетіп, аяғы ұрыс-керіске ұласып, жас келіншек баласын алып, төркініне кетуге мәжбүр болды. Әлгі сөздің жала екенін бәріміз білеміз, оқсыз-ақ, пышақсыз-ақ адамның жанын жаралауға болады екен. Әйелі кеткен соң ері арақ ішіп, басын тауға да тасқа да соғып жүргенін көріп, жанымыз қатты ашыған. Келіншегі қайтып оралмады, сөйтіп, бір отбасының ойраны шықты. Бала жетім қалды. Енді тындық па деп жеңілденіп қалып едік, онымыз тағы бекер болып шықты. Күйеуінің маңында қызмет істейтін барлық жібі түзу келіншектерді құбыжықтай көретін қызғаншақтық қауіпті аурудың бірі екен. Үйінде жатып, қызғаныш ішін күйдірген әйелдің көзіне бірде олпы-солпылау жүретін жас келіншек іліккен. Бастықтың әйелінің басынғаны сонша, әр сағат сайын телефон шалып, тектен-текке, балағаттауға дейін барды. Ең сұмдығы сол, әрқайсымыз басымызға қара бұлт қай күні келіп үйіріледі екен деген үрейде жүретін болдық. Бастыққа тура қарап, амандаспақ түгіл, қарасы көрінсе қашатын халде жұмыс істедік. Атымыз жаманатқа іліксе, оны жанымызда жүрген жанжарымызға түсіндірудің өзі қиямет-қайым екенін білетінбіз. Кім жалаға шыдайды дейсің, ұрыс-жанжал қанша сүттей ұйыған шаңырақтың шырқын бұзғаны өзімізге белгілі. Қызғаныш деген қызыл ит шынайы махаббат пен сүйіспеншілікпен, сыйласымдылықпен үйлесе бермейтінін осындай әйелдердің білмейтіні өкінішті-ақ. Кейбіреулер адам шын сүйсе қызғануы тиіс дейді.. Ал, шын махаббат сенім бар жерде гүлдейтін сезім екенін өмір көрген, самай шашыма ақ қырау кірген жасқа келгендіктен айтып отырмын.
Күндердің күнінде әлгі жігіт ағасы жұмыс бабымен басқа аймаққа ауысып кетті. Шынын айту керек, өте адал адам еді. Ел-жұртына қолынан келген жақсылығын аямайтын. Бірақ, әйелінің жат қылығы, оғаш мінез-құлқы оның беделіне нұқсан келтірмей қойған жоқ. Артынан қызметтен біржолата босапты деген хабар алдық. Ол жігіттің қызметтен неге кеткені жөнінде біраз күдігіміз болды, бірақ айтпаса да белгілі, әйелінің қызғаншақтығы, сол қылығымен еріне ор қазғаны анық.
Отбасында қазан-ошақ сылдырламай тұрмайды ғой,бірақ жас әйелдер тектен-текке күйеулерінің басына қамшы үйіріп, әмірлерін қалт еткізбей орындатуға машықтанып алғаны өкінішті-ақ. Бір жап-жақсы отбасын білуші едім. Бір-бірін тауып қосылған, ізетті жастар еді. Бала-шағасын өсіріп, өз беттерінше тіршілік етіп өмір сүріп жатқан. Неден шу шығып, екі құлағы тік шыққанын білмеймін,әлгі жігіттің әйелі өзімен құрбылас келіншектің үйіне барып, жұлысып, жаға жыртысыпты, ол да қарап қалмайтын долының бірі екен, полиция шақырып, іс аштырыпты деген хабарды естідім. Бар пәленің басы, өтінген соң сол келіншекті әлгі әйелдің күйеуі көрші ауылға мәшинесімен апарып келіпті. Сыпсың ауыздар ары қарай болған оқиғаны әрлендіріп, түрлендіріп, жігіттің әйелінің құлағына жеткізсе керек. Қазақта “Ақылды қасыңнан қорықпа, жарымес досыңнан қорық” деген мақал бар. Сөйтіп, жап-жақсы отбасы бүлініп, шаңырағы ортасына түсе жаздады. Ағайын-туысқаны жабылып жүріп, айыппұл төлеп, жас әйелге бұзақылық жасады деген іс аштырмай, алып қалды. Бұдан кім ұтылды, кім ұтты?! Оны өздері сарапқа сала жатар.
Түптеп келгенде, қызғаншақтық деген қасіретке душар болудан әр отбасы сақтанып жүргені дұрыс. Қазір біздің облысымызда әрбір үшінші неке бұзылып, балалар жетім қалады екен. Осындай келеңсіз оқиғаларға себеп болатын жайттар қатарында ерлі-зайыптылардың бір-біріне сенімсіздік білдіретін жаман мінездері де жоқ емес. Жанжал болған соң, бір-бірінің көңілін қалдырар неше түрлі сөздер де ашумен, қардай борары анық, оның соңы бас жарылып, көз шығуға әкеп соқтырады. Оны көрген өсіп келе жатқан бала-шағаның алар тәлім-тәрбиесі қандай болады деген көңілде алаңдаушылық та жоқ емес...
Ғұмыр бойы күйеуін қызғанып, оның әрбір ізін аңдып отыратын бір әйелдің кесірінен осал жігіт араққа салынып, қаңғырып кеткенін де білемін. Жап-жақсы жігіт еді, бірақ әйелінің ащы тіліне шыдай алмады. Енді оның ешкімге керегі жоқ. Ең сұмдығы сол, қызғаншақ әйел қаңғыбасқа айналған күйеуін бүгінде үйіне кіргізбейтін көрінеді. Сөзді түйіндей айтқанда, ерлі-зайыпты адамдардың арасындағы бір біріне деген сенімсіздік, қызғаншақтық – қауіпті дерт демекпін. Өйткені, орынсыз кикілжің, отбасындағы жанжал адам төзгісіз жан азабына алып келетіні белгілі. Сондықтан да өздері сүйіп қосылған жас жұбайларға абай болыңдар, бір-бірлеріңді сыйлап, қадірлей біліңдер.Өмір деген дөңгеленген төрткүл дүние. Көзді ашып, жұмғанша бақытқа толы күндерің өтеді де кетеді. Жаманшылық шақырып, өз өмірлеріңе өздерің ойран салып, шаңырақтарыңды шайқалтар жаман мінезге бармаңдар деп сақтандырғым келеді.
Нұрила БЕКТЕМІРОВА.
Алматы облысы,
Көксу ауданы.
СӘН! СӘН! СӘН!..
Талғамға талас жоқ. Қанша адам болса, олардың талғамы да әрқилы дейміз. Біздің қазақтың қыз-келіншектері сән әлеміне, оның ішінде киінуге, боянуға қалай мән беріп жүр? Қоғамның жалпы сәнге деген талғамы қаншалықты өскен деген мәселеге келсек, арамызда әлі де әлем-жәлем киінуге, бетін баттастыра бояп, өзге жұрттан ерекше боп көрінуге әуес жастардың аз емес екенін байқауға болады. Оның үстіне іздегенге сұраған дегендей, киім дүкендеріне және базардағы киім үлгілеріне қарасаңыз, барлығы дерлік шетелден әкелінген. Содан да шығар жұрт Қытай, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Батыс, Еуропа, араб елдерінен әкелінген киімдерді киеді. Шетелден әкелінген киімдермен бәсекеге түсе алатын “Қазақстанда жасалған” деген этикеті бар отандық киімдерді таппайсыз. Тапсаңыз да өте сирек. Бұл біздің қолда барды тұтынып, содан арыға аса алмайтынымызды айғақтайды. Оған қоса, сән әлемінің лидерлері жыл сайын бір үлгіні анықтап, нарыққа жаппай шығарып отырады. Сөйтіп, бәріміздің де айналып келгенде, бір үлгімен және оның түр-түрімен киінетімізді жоққа шығара алмайсыз. Ал сол пәлен ақшаға алған қымбат киіміңіз келесі жылы-ақ жарамай қалып, орнын басқа сән үлгісі басады. Сіз амалсыздан тағы да жаңа үлгінің “құрбаны” боласыз. Айналып келгенде, сән әлемі адамдардың бейнетпен тапқан ақшасын жыл сайын жымқырып отырады. Сол сияқты, косметикалық заттар да шеттен, сырттан тасылған дүниелер. Олардың да әсемдікке құштар ететін сиқыры сізді арбап, әдемілік үшін ақшаңызды аямайсыз. Қоғам дамуы алыс-берістен дамитыны сияқты, берсеңіз аласыз, алсаңыз бересіз. Демек, сән әлемі де сауда-саттықты, елдің экономикасын көтеретін баспалдақ. Бірақ, бұл басқа әңгіме. Ал біз бүгін ұсынықты киіну, талғаммен бояну мәдениеті жайлы айтсақ деп едік.
Несін жасырамыз, бүгінде сән қуамыз деп қазақтың қыз-келіншектері шаштарын күйдіріп, қастарын жұлдырып, тылтиған шалбарлар мен кіндігі көрініп тұратын желбегей жаздық киімдерге әуестеніп алды. Қаншама жерден жаңашылдықты қабылдауға даяр тұрсақ та, қазақ қоғамы өздерінің қаракөздерінің өзгенің “қаңсығына” тез бой алдырып, жалаңаштанып шыға келгенін құптамады. Баспасөз өкілдері қанша шуласа да, жастар сол сорақы киімдерге құмарта түсті. “Ит қорыған жерге өш” демекші, батыстың да, орыстың да, қытайдың да сапалы, сапасыз дүниелерінің бәрін қып-қызыл ақшаға сатып алып жатыр. Дегенмен, жұрттың бәріне топырақ шашудан аулақпыз. Бүгінде бірқатар қазақ жастары бұндай келеңсіз қасиеттерден жайлап-жайлап арылып келеді. Сән үлгісінің уақытша құбылыс екенін, оның соңы дарақылыққа апаратынын түсінгендей. Дегенмен, теледидар мен журналдарда күн сайын, сағат сайын тақылдап сән әлемі мен косметикалық заттарды жарнамалайтындар өздерінің тауары өтпей, сұраныссыз қалғанын қаламайды. Әсіресе, желілік жүйе арқылы қазақ қыз-келіншектерінің арасына жылдам тарап үлгерген “Орифлейм”, “Мэри Кэй”, “Эйвон”, “Фаберлик” т.б. фирмалардың косметикалық заттары өз тұтынушыларын тез тапты. Рас, қыз-келіншектер де косметикалық заттарға талғам көзімен қарай бастады. Қайсы фирманың тауары жақсы, қайсы фирманың тауары жарамсыз екенін бірден біле қояды. Бұл қазіргі күннің талабы. Дегенмен, беттерін баттастырып бояп, бетіне түрлі татуажды салдырып, сояудай тырнақ өсіруді көркемдік деп ұғынатын қыздар да аз емес. Қазақ қыз-келіншектерінің тым асыра боянып, осылайша тотықұстай әлеміштеніп шыға келгені көзге түрпідей көрінетінін олардың білмейтіні өкінішті-ақ.
Сәнмен киіну, талғаммен бояну – адамның жеке басын құрметтеуі, жас қалпын сақтауға, салауатты болуға ұмтылуы десек, бет күтімі үшін сапалы косметикалық заттар тұтынған дұрыс-ақ. Бірақ, қазақ қыздары баттасып боянбаса да, табиғи қалпымен, қою қара шашымен, құлын мүсініне жарасымды қарапайым киімімен-ақ әсемдіктің нағыз өзін сипаттай алатынын ұмытпаса екен дейсің. Өйткені, қазақ қызы деген сөздің өзі әдемі емес пе?! Кім болмасын ақылшыны емес, жол нұсқаушыны жақсы көреді. Рас, қоғам тауардың түр-түріне бай. Бұрынғы кеңес заманындағыдай киімдер мен косметикалық заттар тапшы емес. Қайта керісінше, “қайсысын таңдасам екен” деген ойдан басыңыз қатады. Осы жолда қазақ қызы киінсе де, боянса да, ішсе де, жесе де, қазақы тек-тамырын жоғалтпай, ар-ұяттан аттап, сәннің жөні осы екен деп жалаңаштануға тұра ұмтылмай, бір сәт саралай білсе ғой. Осы орайда сән әлемінің әлеміш-жәлеміш түрін қууға рухани болмысы төмен адамдар тез елігетінін де айта кеткен жөн.
Сондықтан да жұртқа күлкі болмай, жарасымды киімімен, көзге ұрмайтын макияжымен айналаңа жақсы әсер қалдыруға, сән әлемінің “мазағы” емес, жеңімпазы болуға ұмтыла білгенге не жетсін. Сондықтан да құрбыларыма талғаммен киіне білу де өнер демекпін.
Жансая СЫДЫҚБАЙ.