• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
16 Мамыр, 2014

Инновация жаңаша көзқарасты қажет етеді

271 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен кеше палатаның кезекті отырысы болып өтті. Бұл жолы депутаттар қарауына әуе шабуылына қарсы қорғаныс, инновациялық технологиялар паркі және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заң жобалары ұсынылды. Бірінші кезекте «Қазақстан Республикасы мен Ресей Фе­де­рациясы арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Фе­дерациясының әуе шабуылына қарсы қорғанысының бірыңғай өңірлік жүйесін құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. Сенатор Мұхтар Алтынбаевтың айтуынша, Бірыңғай өңірлік жүйе құрудың мақсаты екі мемлекеттің әуе кеңістігін күзету және қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың Бірыңғай өңірлік жүйесін екі ел қорғаныс министрлерінің ұсынысы бойынша Мемлекет басшылары тағайындаған қолбасшы басқарады. Ал қолбасшылық Алматы қаласында орналасады. Тағы бір айта кететін жайт, Ресей Федерациясының Қорғаныс министрі Сергей Шойгу биылғы жылдың қаңтарында Қазақстанға жасаған сапары барысында Ресей тарапының Қазақстанға өтеусіз С-300 зымыран кешендерін беруге әзір екенін мәлімдеген-ді. Осыған орай қазіргі таңда отандық сарапшылар осы мәселені пысықтауда екені де атап көрсетілді. Жалпы отырысқа шығарылған «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» және оған ілеспе заң жобалары бойынша бірлескен баян­даманы Премьер-Министрдің орынбасары – Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев жасады. Вице-премьер елімізде жаңа технологияларды дамытатын Назарбаев Университеті мен Алматыдағы инновациялық технологиялар паркі екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Алатау» паркінің бірінші кезеңі аяқталып отыр. Қазіргі таңда аталған парк толы­ғып, 150-ге тарта компания тір­келіп, жұмыс істеуде. Құйылған инвес­тицияның көлемі 46 миллиард теңгеге жетіп, 1100 жұмыс орны құрылған. Қазіргі таңда аталған инно­ва­циялық парктің екінші кезеңі­нің құрылысы жүргізілуде көрінеді. Бұдан басқа, заң жобасын әзірлеушілер Ресей, Бела­русь, Оңтүстік Корея және АҚШ сияқ­ты елдердің инновациялық тех­но­ло­гиялық парктерінің тәжі­ри­бе­лерін жан-жақты зертте­ген­­дерімен де бөлісе кетті. Заң жоба­сының мақсаты «Инно­ва­ция­лық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының (ИТП АЭА) ерекше мәртебесін, оның дербес кластерлік қормен шетел­дік жұмыс күшін тартудың ерек­шеліктерін және ИТП АЭА-ға қаты­сушыларды тіркеуге және олар­дың қызметіне қойылатын талап­тарды айқындау болып табы­­лады. Заң жобасында «ин­нова­­ция­­лық кластер» түсінігі енгі­зі­­ліп, оны басқарудың жаңа ұйым­­дас­­тырушылық-құқықтық нысаны – «дербес кластерлік қор» көз­деліп отыр. Бұл жерде аталған қордың дербестігі, қатысушыларды қолдау үшін қаржылай құралы және рұқсаттарды алмай-ақ шетелдік жұмыскерлерді тарту құқығы бар. Бұдан басқа, ИТП АЭА басқару органдарының функцияларын орындауға қордың мемлекеттік тапсырма алу мүмкіндігі, эксаумақтылық қағидаты бойынша ИТП АЭА-ға қатысушылардың қатарына қосу рәсімін жеңілдету мен 2018 жылға дейін эксаумақтылық қағидатын ұзарту жөніндегі нормалармен толықтырылған. Ал ілеспе заңдық құжатта да маңызды бір­қатар мәселелер қамтылыпты. Баяндамашыға сена­тор­лардың қойған сұрақтары да көп болды. Қожахмет Бай­ма­хановтың инновацияға қатысты сұрағына орай жауа­бында вице-премьер қазіргі кезде 400 инновациялық жо­ба қолдау тапса, 100-ге тарта ғалымға және осыншама ком­панияға инновациялық бағытта қолдау көрсетіліп отырғандығын жеткізді. Фин­ляндияның комбайндарын Қызылорда облысында құрастыру жөніндегі мәселеге қатысты сауалға қазір АҚШ-тың «Джон Дир» және Гер­манияның «Класс» комбайндарын шығаратын зауыттармен келіссөздер жалғасуда екенін, ал құрастыру зауытының Ас­танада орналасуы мүмкін екендігін де жария етті. Сенат Төрағасы нақты инновация АҚШ пен Жапонияда және Еуропаның кейбір ел­дерінде ғана бар екенін, ал қалғандары оны өз кәдесіне жаратып келе жатқанын білдірді. Қ.Тоқаевтың айтуынша, инновацияны Оңтүстік Корея жетілдіру үшін алып отырса, Қытай шығарылған өнімнің бағасын төмендету бағытында қолданып келеді екен. Кейбіреулер инновацияны иогурт немесе лапша шығарумен де байланыстырып жүр. Алайда, мұның қате пікір екендігін алға тартқан Сенат Төрағасы Елбасының ғылымға нақты қолдау білдіріп келе жатқандығын және На­зарбаев Университетінің құрылуын ерекше атады. Осылайша талқылаудан өткен «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» заң жобасы бірауыздан қабылданса, ал ілеспе заң жобасы екінші оқы­лымда қолдау тапты. Сондай-ақ, кешегі оты­рыс­та «Қазақстан Респуб­ли­касының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заң­дас­тыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бой­ынша өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да екі оқылымда қаралып, қабылданды. Заң жобаларын қарап бол­ған соң, палата Экономика­лық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің атауын Экономикалық саясат, ин­новациялық даму және кәсіп­керлік тұрақты комитеті деп өзгерту туралы шешім қа­былдады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».
Соңғы жаңалықтар