АСТАНА. 16 мамыр. Бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссияның министрі Нұрлан Алдабергенов трансшекаралық нарықтағы әуе және теміржол тасымалдарындағы билет бағалары тұрғысындағы жағдайды экономикалық қисынсыздық екенін мәлімдеді. Бұл туралы gazeta.kz хабарлады.
Таразда өткен Еуразиялық экономикалық комиссия отырысында теміржол және әуе тасымалдарындағы нарықтардың тең бәсекелестік жағдайлары сөз болды. Басқосуға Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің депутаттары, мемлекеттік органдардың, бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.
Аталған жиында Н.Алдабергенов теміржол және әуе көлігімен жолаушылар тасымалының жол ақыларын салыстырды. Оның айтуынша, «Трансаэро» әуекомпаниясында Мәскеу-Астана (2290 км.) ж»не Мәскеу-Қарағанды (2478 км.) рейстерінде баға айырмашылығы екі еседен көп – 61,7 мың теңге және 23,07 мың теңге. Ал «Аэрофлот» компаниясы Мәскеу-Қарағанды рейсіне 31,9 мың теңге тариф белгілеген.
Сондай-ақ, министр Қазақстан мен Ресейдің ішкі желілеріндегі авиабилеттері тарифтеріне де назар аударды. Ол: «Қазақстандық әуебилеттер едәуір жоғары екені көрінеді. Мысалға, СКАТ компаниясының Алматы-Тараз (470 км.) әуерейсінің бағасы 17,49 мың теңге. Мәскеу мен Нижний Новгород арасындағы шамамен осындай қашықтыққа ресейлік жолаушылар 11,6-дан 16,7 мың теңгеге дейін төлейді. Айырмашылығы 33 пайызға дейін жетеді», – деді.
Н.Алдабергеновтың сөзіне қарағанда, кейбір әуе жолдарындағы ұшақ билеттері сол бағыттағы пойыздың купе вагонының бағасынан арзанырақ болып шыққан. Ол бұл жағдайды экономикалық қисынсыздық деп есептейтінін жеткізе келе, болашақта әуе және теміржол тасымалдарына бірыңғай көңілге қонымды тариф белгіленетініне сенімін білдірді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: gazeta.kz.
Фото: «ҚазАқпарат».