Индер ауданының аумағында ауқымды тұзды көл бар. «Indertuzcompany» ЖШС тұзды көлден жоғары сапалы ас тұзын өндіруді қолға алды.
Серіктестіктің техникалық директоры Димат Туғанбайдың айтуынша, 2017 жылдан бері техникалық мақсатта қолданылатын тұз өндіріліп келеді. Қазір отандық кәсіпорында жергілікті 10 тұрғын жұмыспен қамтылған. Енді жыл соңына дейін тағы да жергілікті 60 адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр.
– Біздің кәсіпорында ас тұзы стандартты әдіспен өңделеді. Отандық өнім жоғары сапалы, кристалдылығы 99,5 пайызды құрайды. Ас тұзы 1 килолық дорбаға салынады. Жаңа өнімді Қазақстанның барлық өңіріндегі тұтынушыға жіберу жоспарланып отыр. Өйткені йодталған табиғи минералдың адам денсаулығы үшін, нақтырақ айтсақ, жүрек, қан айналымы үшін маңызы зор. Біз айына 2 мың тонна ас тұзын өндіруді жоспарлап отырмыз. Қазір отандық тауардың құжаттары әзірленіп жатыр. Сараптамадан кейін ішкі нарыққа жөнелте бастаймыз, – дейді Димат Туғанбай.
Оның мәліметіне сүйенсек, кәсіпорында сағатына 20 тонна тұз өңделеді. Қазірдің өзінде Ресей Федерациясынан тапсырыс түсіпті.
Атырау облысы