• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қыркүйек, 2022

Бағаның өспегені игі

569 рет
көрсетілді

Атырауда сауда желілеріне азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін қайтарылатын қарыз берілді. «Атырау» ӘКК» АҚ-ның департамент директоры Дмитрий Дюдің айтуынша, бұл жергілікті сауда желілеріне және көкөніс өнімдерін өндірушілерге айналым қаражатын толықтыру мақсатын көздейді. Қарыз алған кәсіпкерлер екі жыл бойы әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасын тұрақты ұстауды міндетіне алады.

– Кәсіпкерлерге қайтары­ла­тын қарыз 2022-2023 жылдарға арналған бағаны тұрақтандыру бағдарламасын жүзеге асыру үшін беріліп отыр. Қазір өңірде тұрақтандыру қоры арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 18 түрі шекті және шекті рұқсат етілген бөлшек саудадағы бағадан аспайтын, сондай-ақ нарықтық құнынан орташа алғанда 21%-ға төмен бағамен сатылып жатыр. Тұрақтандыру қорына 3 041,4 тонна азық-түлік тауарлары, оның ішінде 1 953 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Бұл облыс тұтынушыларын 2023 жылдың мамыр айына дейін қамтамасыз етуге жетеді. Картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат секілді ауыл шаруашылығы өнімдері Атырау қаласындағы төрт базар мен төрт сауда павильонында сатылады. Ал картоп «Ярмарка» супермаркетінің 11 сауда желісінде сатылымға қойылды, – дейді Дмитрий Дю.

Оның дерегіне қарағанда, ауыл шаруашылығы тауарлары нарықтағы құнынан орташа 42%-ға төмен бағамен сатылымға шығарылған. Ал 481,9 тонна көлеміндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 14 түрі «Лидер» және «Идеал» супермаркеттерінің 38 нүкте­сінде тұтынушыға ұсынылған.

– Өңірде бірінші сұрыпты ұн, одан дайындалатын нан бағасын тұрақтандыру үшін ұн тарту кәсіпорнымен келісімшарт жасалды. Наубайханаларға 4 005 тонна ұн сатылды. Ал қордағы ұн 606,5 тоннаны құрайды. Нанның бағасы 1 бөлке үшін – 80-82 теңге. Қант тапшылығына жол бермеу мәселесі де қолға алынды. Осы мақсатта өңірге 400 тонна қант жеткізілді. Бұл өнім «Идеал» және «Лидер» супер­маркеттерінің 39 нүктесін­де нарық бағасынан 13%-ға тө­мен сатылады. Тұрақтандыру қо­рын­дағы ауыл шаруашылығы тауарларының көлемін 5 мың тоннаға дейін ұлғайту, аудан­дарды қамту шеңберінде кәсіп­керлермен қарыз беру шарттарын жасасу жоспарланып отыр, – деп мәлім етті Д.Дю.

Дегенмен, атыраулықтарды жұмыртқаны бір адамға 10 данадан ғана сатылып жатқаны алаңдатып отыр. Сауда желісі тұтынушыларға осындай шектеу белгілеген. Неге? Мұны об­лыс­тық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшы­сы Нұрбол Жаңабеков жұ­мырт­қа саудасына қатысты алып­­са­тарлық әрекет пен тапшы­лық­тың алдын алу үшін қолға алын­ғаны­мен түсіндіреді. Өйткені Атырау облысында жұмыртқа тұты­нуға байланысты айлық қажет­тілік 7,9 млн дананы құрайды.

– Қазір Атырау облысында жұ­мыртқа өндіретін екі кәсіпорын жұмыс істейді. Бұлар – «Алмалы құс» және «Бақай құс» ЖШС. Екі кәсіпорынның бір айдағы өндірістік қуатты­лығы – 2 млн дана жұмырт­қа. Демек, екі кәсіпорын тұтынушылар қажеттілігінің тек 30%-ын қамтамасыз етеді. Өңірдің қажеттілігін толық қамтамасыз ету үшін Қостанай, Ақтөбе, Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарынан жұмыртқа өнімін тасымалдау жүзеге асырылып отыр, – дейді Н.Жаңабеков.

Басқарма басшысының айтуын­ша, бірінші санаттағы жұ­мырт­қа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізі­мі­не кіреді. Сол себептен, мұн­­дай са­наттағы жұмыртқа өні­мі «айналым схемасы» арқылы «Идеал-маркет» сауда желісі арқылы 38 нүктеде 35,6 теңгеден сатылады.

– Алыпсатарлық әрекеттер мен жұмыртқа тапшылығының алдын алу мақсатында «Идеал-маркет» сауда желісінде бір қолға 10 жұмыртқадан аспайтын шектеу белгіленді. Басқа сауда орындарында мұндай шектеу жоқ, – деп мәлім етті Н.Жаңабеков.

Мұнайлы өңірде де әлеумет­тік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын қадағалау үшін call-орталық іске қосылды. Мақсат – үй жанындағы дүкен­дерде, базарларда, супермаркеттер мен басқа да сауда орындарында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қымбатшылығын бақылау.

– Қоңырауды алдымен Сауда комитетінің Атырау облыстық департаментіне шалу қажет. Ал call-орталықтың кеңесшілері әрі қарай қандай қадам жасау қажеттігіне кеңес береді. Бірақ кәсіпкерлер немесе тұрғындар шағымданған жағдайда сауда орнының атауын, мекенжа­йын нақты білуі, сатып алған тауардың суреті мен түбіртегі міндетті түрде өзінде болуы керек. Бұл бағаны негізсіз көтерудің жолын кесетін бірден-бір әдіс болмақ. Әзірге тұрғындар­дан шағым түскен жоқ, – деді об­лыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы Нұрдәулет Жұмасейітов.

 

Атырау облысы