Қазақстанның Қытаймен шекарасының жалпы ұзындығы 1 782,8 шақырымға тең. Аталған шекара бойында Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан және Жетісу облыстары орналасқан. Аталған өңірлердің іргелес жатқан елмен қазіргі әлеуеті қалай? Қандай экономикалық мүмкіндікке ие? Экономикалық зерттеулер институты осы сұраққа жауап іздеп көрген екен.
Экономикалық зерттеулер институты директорының орынбасары Нұрболат Құрметұлының мәліметінше, 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қытаймен шекаралас облыстарда 3,5 млн адам тұрады. Бұл дегеніміз – Қазақстан халқының 18 пайызы.
– Мәселен, Абай облысы шығысында Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен шектеседі. Ауданы – шамамен 180 мың шаршы шақырым. Облыста 610,7 мың адам тұрады. Урбандалу деңгейі – 60,5 пайыз. Облыс экономикасының негізі – агроөнеркәсіп кешені, кен өндіру, машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру. Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен Ақсуат және Үржар аудандары шектесіп жатыр. Үржар ауданының тиісті инфрақұрылым құрылысы есебінен Бақты ауылындағы шекара өткелінде Қытаймен еркін сауданы дамытудың әлеуеті зор. Бұл шекара өткелінің 200 жылдық тарихы бар. Ол «Қытайдың Еуропаға шығар терезесі» ретінде белгілі, – дейді Нұрболат Құрметұлы.
Қытай – Абай облысының сыртқы экономикалық қатынастағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Экспортта ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік өнімдері, металл кендері негізгі үлеске ие. Қытайдан көкөністер мен жемістер, резеңке және пластмасса бұйымдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, құрылыс материалдары, санитарлық-техникалық бұйымдар, машиналар мен жабдықтар, электроника импортталады.
Қытаймен шектесетін өңірдің бірі – Шығыс Қазақстан облысы. 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша бұл аймақта 731,3 мың адам тұрып жатыр. Аумағы – шамамен 103 мың шаршы шақырым. Өңірде урбандалу деңгейі жоғары – 66 пайыз.
– Облыс экономикасы айтарлықтай әртараптандырылған. Өңір түсті металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, азық-түлік өндірісі және ауыл шаруашылығына маманданған. Облыста төрт аудан, атап айтқанда Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай аудандары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен шекаралас жатыр. Зайсан ауданында «Майқапшағай» ірі шекаралық өткізу пункті жұмыс істейді. Өңірдің Қытаймен сауда және инвестициялар саласында жақсы байланыс қалыптасқан. Қытайға негізінен ауыл шаруашылығы өнімдері, түсті металдар, сирек кездесетін және қымбат металдар экспортталады. Ал ол жақтан бұл өңірге әкелінетін импорттың негізін көкөністер мен жемістер, машина жасау өнімдері, электроника, құрылыс материалдары, мұнай-химия өнімдері құрап отыр, – дейді Экономикалық зерттеулер институты директорының орынбасары.
Алматы облысы да Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен шекаралас. 2022 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Алматы өңіріндегі халық саны – 1,5 млн адам. Облыс аумағы 104 мың шаршы шақырымнан асады. Тұрғындардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Қазақстан бойынша урбандалу көрсеткішінің ең төменгі (16,2 пайызы) деңгейі де осы өңірге тән.
– Алматы аграрлық-индустриялық өңір болып саналады. Экономикалық тұрғыдан ауыл шаруашылығы, тамақ өнімдерін өндіру, құрылыс материалдарын өндіру және машина жасауға маманданған. Облыста екі аудан (Райымбек, Ұйғыр) Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданымен ортақ шекараға ие. Облыс аумағы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі өтеді. Ұйғыр ауданында «Қалжат» шекаралық өткізу пункті жұмыс істейді. Қытай – Алматы облысының негізгі сауда серіктестерінің бірі. Қытайға жөнелтілетін негізгі экспорттық тауарлар – ауыл шаруашылығы өнімдері және азық-түлік. Ал Қытайдан көкөністер мен жемістер, химия өнеркәсібі өнімдері, құрылыс материалдары, парфюмерия, пластмасса және резеңке бұйымдар, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, ағаш бұйымдары, қағаз өнімдері, шыны және шыны бұйымдары, металл бұйымдары мен машина жасау өнімдері импортталады, – дейді Нұрболат Құрметұлы.
Сарапшының пікіріне сүйенсек, Қытаймен арадағы басты транзиттік көпір ретінде Жетісу облысын атауға болады. Мұндағы халық саны – 699 мың адам. Облыс 119 мың шаршы шақырым аумақты алып жатыр. Урбандалу деңгейі – 44,4 пайыз. Облыс экономикасының құрылымы аграрлық-индустриялық бағыттан тұрады. Экономиканың негізін агроөнеркәсіптік кешен, машина жасау және құрылыс материалдарын өндіру құрап отыр.
– Өңірде екі ірі шекаралық өткізу пункті орналасқан. Бұл – Қазақстанның Панфилов ауданындағы алғашқы «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы, сондай-ақ Алакөл ауданындағы «Достық» шекара өткізу пункті. «Қорғас» екі ел арасындағы экономиканы дамытудың маңызды кешені болып саналады. Орталық 30 күн визасыз жүруді, адамдардың, тауарлар мен көліктің еркін жүруін қамтамасыз етеді. Қытайдан келушілер үшін күніне 8 мың юань тұратын бажсыз тауарлар экспорты бар. Қазақстандықтар үшін салмағы 25 кило немесе айына бір рет құны 500 еуро болатын тауарларды бажсыз әкету мүмкіндігі қарастырылған. Еркін экономикалық аймақ инвесторларға корпоративті табыс салығынан, мүлік салығынан, қосылған құн салығынан және басқа да бірқатар төлемдерден босату сияқты түрлі салықтық жеңілдіктерді ұсынады, – дейді ол.
Сауда қатынастарынан басқа, Қытаймен шекаралас өңірлер экономиканың нақты секторларын дамыту үшін Қытай инвестициясын белсенді түрде тарту мүмкіндігіне ие. 2022 жылдың басындағы жағдай бойынша Қытаймен шекаралас төрт облыста ҚХР инвесторларының қатысуымен 131 кәсіпорын тіркелген. Бұл кәсіпорындардың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы саласында, өнеркәсіпте, құрылыста және саудада жұмыс істейді.
Қазақстанмен шекаралас Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданында 2018 жылы 24,8 млн адам тұрған. Яғни Қазақстанға қарағанда 5,2 млн адамға көп. 2018 жылы урбандалу деңгейі 50,9 пайызды құрапты. Өңірдің аумағы 1,6 млн шақырымға тең. Оның әкімшілік-аумақтық құрылымына 14 префектура, 4 префектуралық деңгейдегі қала, 105 уезд, 13 муниципалдық аудан, 1 076 кент кіреді. Әкімшілік орталығы – Үрімші қаласы. Онда 4 млн-нан астам адам тұрады.
– Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының экономикасы соңғы жылдары ел Үкіметінің инфрақұрылымды дамыту жөніндегі ауқымды инвестициялық жобалары есебінен қарқынды дамуда. 2018 жылдың қорытындысы бойынша оның жалпы өңірлік өнімі 184,4 млрд долларды құраған. Ал жан басына шаққанда 7,4 мың долларға тең. Өңір мұнай және табиғи газ өндіруге, мұнай өңдеу мен мұнай химиясына, көмір өндіру мен қайта өңдеуге, электр энергетикасына, жеңіл өнеркәсіпке, электроника өндірісіне, ауыл шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге маманданған. Болашақта Қазақстанның ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданмен шекаралас өңірлерінің сауда-экономикалық қатынастарын дамыту күшейеді деп күтілуде. Бұған мемлекеттің көлік байланысын, трансшекаралық сауданы дамыту, шекара маңындағы өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру, трансшекаралық суларды (мысалы, Ертіс өзені) және басқа да салаларды бөлу мәселелерін реттеу жөніндегі шаралары ықпал ететін болады, – дейді Нұрболат Құрметұлы.
Сарапшы Қазақстанның 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспарында сыртқы көлік байланысын дамытуға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Бұл сыртқы факторлармен – Қазақстандағы географиялық жағдаймен байланысты. Оларға ірі ішкі нарықтың болмауы, әлемдік нарықтардан алыстау, халық тығыздығының төмендігі және алыс қашықтықтар, сондай-ақ Қытай, Ресей, Өзбекстан тарапынан күшті сыртқы гравитация жатады.
– Сыртқы байланысты нығайту мақсатында халықаралық экономикалық дәліздердің құрылысын аяқтау, облыс орталықтары арасындағы автомобиль жолдарын жаңғырту, облыс орталықтарындағы халықаралық маңызы бар әуежайларды реконструкциялау және жаңғырту болжанып отыр. Шекара маңындағы өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін сақтау үшін олардың экономикалық әлеуетін іске асыру жөніндегі шаралар, оның ішінде өндірістік инфрақұрылымды дамыту, еркін экономикалық аймақтарды, кластерлер мен шекара маңындағы сауда орталықтарын құру іске асырылады. Көлік-логистикалық орталықтар ретінде шекара маңындағы өңірлердің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыру жөніндегі шаралар да көзделіп отыр. Шекара маңындағы көлік-логистика орталықтарын салу өткізу пункттерінің жанында немесе Қазақстан учаскелеріндегі өткізу пункттерінің аумағына жақын жерде болады, – дейді сарапшы.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде Қазақстан аумақтық даму жоспарын іске асыруда Қытайдан транзиттік ағындарды ұлғайту үшін бірқатар жобаны жоспарлап отыр. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар «Ресей Федерациясы шекарасы – Майқапшағай», «Үшарал – Достық» автомобиль жолдарын қайта жаңарту, екінші жолдарды салу және «Достық – Мойынты» теміржол учаскесін электрлендіру, Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласындағы жергілікті әуе желілері әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңарту көзделген.
– Болашақта Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы тарапынан Қазақстанның шекара маңындағы өңірлеріне сыртқы гравитация күшейе түседі. Атап айтқанда, Үрімші қаласының одан әрі дамуына байланысты Алматымен дарындар, инвестициялар және ресурстар үшін өзара бәсекелестік күшейеді, – дейді Экономикалық зерттеулер институты директорының орынбасары.
Институттың дерегіне сүйенсек, Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 2022 жылғы қаңтар-шілдеде 13,5 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 38,2 пайызға немесе 9,7 млрд долларға жоғары. Қаңтар-шілдеде Қазақстан-Қытай бағытындағы экспорт 51,7 пайызға өсіп, 8 млрд долларға тең болған. Біздің елден Қытайға экспортталатын негізгі тауарлар – шикі мұнай, мыс пен катодтар, мыс кендері мен концентраттары, табиғи газ, ферроқорытпалар, темір кендері мен концентраттары, уран, мырыш кендері мен концентраттары, бағалы металдар кендері мен концентраттары, циклдік көмірсутектер.
Дәл осы аралықта Қытайдан Қазақстанға бағытталған импорт 22,4 пайызға өсіп, 5,5 млрд долларды құрады. Қытайдан келетін негізгі тауарлары – есептеу машиналары, телефон аппараттары, электр генераторлық қондырғылар, қара металдардан жасалған өзге де бұйымдар, жол және құрылыс машиналары, автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар, ауаны баптауға арналған қондырғылар, резеңкеден немесе пластмассадан жасалған аяқ киімдер.