Соңғы кездері солтүстікқазақстандық төтенше жағдайлар қызметі тілсіз жаудың алдын алу жұмыстарын қауырт жүргізуге мәжбүр болып отыр. Осы жылдың 8 айында облыс бойынша 2 300-ге жуық өрт болған. Бұл былтырғыдан 9 пайызға артық. Соның салдарынан 30 адам қаза болып, 542 адам эвакуацияланды. Ал өрттің эпицентрінде қалған 181 адам құтқарылды. Өрттің көбі тұрғын үйлерден шыққан.
Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Рамил Камаловтың айтуынша, бүгінге дейін 142 мың адам тұратын 53 мың ауланың өрт қауіпсіздігі тексерілген. Тексерістер барысында 5 мыңнан астам өрт қауіпсіздігін бұзу дерегі анықталып, 1 200 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Тексеріс жұмыстарын жүргізуге облыс әкімі Құмар Ақсақалов бекіткен сызбаға сәйкес полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар өкілдері мен волонтерлер де тартылған. Әйтпесе, осынша ауқымды жұмысты жалғыз төтенше қызмет өкілдері еңсере алмаған болар еді. Сонымен қатар өрт қаупін еске салып, оның алдын алу істерін көрсеткен 77 мыңнан астам жадынамалар тұрғындар арасына таратылған. Ал БАҚ-та 1 025 ақпарат жарияланып, 26 брифинг өткізілген.
Өртпен ойнайтын көбінесе балалар мен жасөспірімдер. Оларға да тілсіз жаудың қаупін түсіндіру үшін 100-ден астам интерактивті және ашық сабақтар жүргізілген. Бұған 4 мыңнан астам оқушы қатыстырылған.
Облыста 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өрт қауіпсіздігі бойынша айлық жарияланды. Бұл іс-шараның барысында әлеуметтік әлсіз топтардың үй-жайлары бақылауға алынып, олардың пештері мен мұржаларының қауіпсіздігі тексеріледі. Жасыратыны жоқ, көбіне осындай топтардың үйлерінен өрт шығып жатады. Әсіресе ащы суға бой алдырған жандар өрт қаупін аяқасты ете береді. Міне, сондай тұрғын үйлер арнайы бақылауға алынады. 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымында облыс бойынша осындай 4 448 үй есепке алынған. Оларда 12 560 адам тұрады, соның 5 мыңнан астамы – бала. Өрт сөндіру қызметі жылыту маусымы басталғанда іске қосылып, улы газ немесе түтін шыға бастаса дабыл қағатын арнаулы аппараттарды да осындай үйлерге орнатуда. 2020 жылдан бері соның 2 281-і орнатылған. Бұл іс Қызылжар мен Уәлиханов аудандарында жақсы жолға қойылған, қазір осы екеуінде мұндай аппараттар толық орнатылды. Петропавл қаласында бұл іс сылбыр жүруде, осыны ТЖД бастығы арнайы ескертетінін айтты.
Басқа облыстарда болмаса да Солтүстік Қазақстанда облыс әкімі Қ.Ақсақаловтың арнайы шешімімен Петропавлдағы құрылыс-экономикалық колледжінде «пешші» мамандығын дайындайтын арнаулы курс ашылған. Мұнда пеш қалаудың қыр-сырын үйрететін арнайы мамандар сабақ береді. Әзірге биыл алты адам ғана пешші мамандығын игеріп, сертификат алды. Қазір мұндайға көп адам күле қарағанымен пешті кез келген адам тұрғыза алмайтынын ұғу керек. Түтін үйге тарамас үшін оны далаға тарту жолдарын тек мамандар ғана анықтай алады.
Өрт қауіпсіздігін сақтаудың тағы бір амалы – ескі, құлаудың аз-ақ алдында тұрған үйлерді сүру. Осындай үйлердегі пештер де әбден ескіріп, өрт қаупін тудыратыны анық.
Облыс әкімдігі өрт сөндіру қызметіне жіті назар аударып, бюджет қаражаты есебінен оның техникалық мүмкіндігін арттыруды үнемі назарда ұстайды. Соңғы бес жылда ғана 737 млн теңгеге 32 арнаулы өрт сөндіргіш техникалар алынды. Тек былтырғы жылдың соңында 8 өрт сөндіру автоцистерналары сатып алынды.
Солтүстік Қазақстан облысы