• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Медицина 21 Қыркүйек, 2022

Енді сәби тұншықпайды

190 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облыстық перинаталдық орталығы заманауи реанимациялық жабдыққа ие болды. Бұл Samruk-Kazyna Trust қорының демеушілігімен еліміздің өңірлеріне табыс­тал­ған бесінші кешен екен.

Гипотермия аппараты дү­ние­­ге келген кезінде ауа жетпей қи­налатын нәрестелерді құт­қа­руға арналған. Шарана­лардың арасында мұндай ауытқу сирек те болса кездеседі. Сондай сәтте нәрестенің миы ауыр асфик­сия­дан зақым алуы мүмкін. Сон­дық­тан бала дүниеге келген бетте сауатты, жедел кәсіби көмек керек. Мұндай гипотермия жабдығы болмаған кезде дә­рігерлер қолдан келген әре­ке­тін жасайтын. Нәрестенің айналасына мұз салынған немесе суық су құйылған пакеттер қойылатын. Жансақтау бөлі­мін­дегі дәрігерлер мен медбикелер ондаған сағат бойы жаңа туған нәрестенің орталық жүйке жүйесін құтқару үшін арпалысып, қажетті төмен дене темпера­ту­расын қолмен ұстап тұруға ты­ры­сатын.

Міне, Оралдағы орталыққа беріл­ген осы гипотермия аппа­раты дәрігер қауымын осы бей­неттен құтқарды. Жаңа кешен метаболизмді және нәрес­те­нің миында зақымданған жасу­ша­лар­дың қалпына келуін бақылап, қажетті температураны автоматты түрде ұстап тұрады.

– 2007 жылдан бері осындай қайырымдылық жобамен ай­на­лысып келеміз. Содан бері елімізде дәл осы гипотер­мия ап­па­ратының игілігін 225 сәби кө­ріп үлгеріпті. Бұл нәрес­те­лердің 92 пайызы бүгінде аман-сау өсіп, денсаулығы түзеліп кетті. «Самұрық Қазына» қорының көмегімен атқарылған мұндай бастаманың маңызы өте үлкен! – дейді AYALA қайырымдылық қорының вице-президенті Елена Еськова.

Соңғы үш жыл ішінде Батыс Қазақстан облысында 9 сәби асфиксия белгісімен дүниеге келген екен. Бұл дерттің қауіптілігі сонда – дер кезінде толық көмек ала алмаған шарана өмір бойына мүгедек болып қалуы, тіпті шетінеп кетуі де мүмкін. Сон­дық­тан жаңа медициналық ке­шенді батысқазақстандық дәрі­гер­лердің сәби денсаулығы үшін күресінде аса қажетті құрал деуге әбден болады.

– Осы аппарат арқылы біздің сәбилеріміз туабітті ақауынан тез арылып, созылмалы зардаптарынан құтылатын болды, – дейді облыстық перинаталдық орталықтың неонатолог-дәрігері Наталья Яценко.

Облыстық перинаталдық орта­лығында жыл сайын шамамен 6 мыңдай сәби өмір есігін ашады. Соның ішінде 300-дей нәрестенің денсаулығында түрлі ауытқу болып жатады. Олар бірден жансақтау бөліміне немесе интенсивті терапия бөліміне жеткізіліп, қажетті медициналық жәрдем көрсетіледі. Жыл басынан бері осындай 176 шарана дәрігер көмегіне зәру болған.

– Біздің орталық 1985 жылы әйелдер босанатын үй болып ашылған. 2006 жылдан бері өңірде ең ірі акушерлік, гинекологиялық және неонатологиялық көмек көр­сететін орталық ретінде жұ­мыс істейді. 145 кереуеттік бөлімде 54 дәрігер еңбек етеді. Орталықтың қажетті меди­ци­налық жабдықтармен қам­тылуы жаман емес, алайда олар 63 пайызға ескіріп, тозды. Сон­дықтан мұндай заманауи жаб­дықтың келгеніне ерекше қуа­ныш­тымыз. Samruk-Kazyna Trust және AYALA қор­ла­рына гипотермия аппараты мен амплитудалық электрэнцефа­ло­графия мониторы үшін ал­ғыс айтамыз», – деді облыстық перинаталдық орталығының директоры Жанна Ділманова.

 

Батыс Қазақстан облысы