• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 21 Қыркүйек, 2022

Мақтатерім басталды

566 рет
көрсетілді

Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал аудандарында мақта терімі басталды. Мақтаарал ауданында биыл 40,4 мың гектарға, ал Жетісай ауданында 80 мың гектарға жуық алқапқа мақта дәні себілген. Жетісай ауданындағы жалпы егістік жердің 49 500 гектары – шитті мақта. Ерекше күтім мен баптауды қажет ететін техникалық дақылды теру науқаны басталғалы ауданда 1 074 гектар алқаптың «ақ алтыны» теріліп, 1861,70 тонна өнім алынған.

Бірінші терімнің өзінде өнімділік гектарына орта есеппен 18 центнерді құрап отыр. Сала мамандарының айтуынша, биылғы науқанда мақталықтың 80 пайызға жуығын техникамен теру жоспарланып отыр. Жалпы, шитті мақтаның түсімділігі гектарынан 27,3 центнерден болып, 333,4 мың тонна жиналады деп болжануда. Қолда бар 595 бірлік комбайнның 92%-ы жиын-терін жұмыстарына да­йын. Бұл салада жалпы 25 мың­нан астам агроқұрылым еңбек етеді. Ақ ұлпаны техникамен теруді бастағандардың бірі – Жеті­сай ауданындағы Ынтымақ ауыл­дық округінде орналасқан «Бақ­дәулет» шаруа қожалығы. Иелі­гіндегі 20 гектар жерге қосымша 30 гектар егістікті жалға алған қожалық төрағасы Серікбай Ахы­нов «Мақтаарал 40-11» сұ­рып­­ты шит сеуіп, гектарынан 20 цент­нерден өнім алуда.

«Қазіргі таңда диқандарымыз мақтаға қажетті агротехникалық шараларды аяқтап, жаппай мақта жинау науқанын бастап кетті. Аудан бойынша 29 673 мың гектар мақталық алқапқа дефоляция жұмыстары жүргізілген. Мақта жинау техникалары, 7 мақта зауыты мен 81 мақта қабылдау пункті биылғы науқанға толықтай дайын тұр. Күзгі жиын-терін нау­қанын жауын-шашынға қалдыр­май, ысырапсыз сәтті өткізу – баршамыздың ортақ міндеті­міз», дейді аудандық ауыл шаруа­шылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Абуов.

Одан бөлек, аудан бойынша күзгі дала жұмыс­тарына қа­ты­сатын 1 897 ауыл­шаруа­шы­­лық техникасының 224-і мақ­­та терімге арналған комбайндар болса, бір ғана Ынтымақ ауыл­дық округінде 151 ауыл шаруа­шы­лығы техникалары мен агрегаттары науқанға дайын тұр.

Облыстық ауыл шаруашы­лығы басқармасының мәлі­метінше, биыл облыста мақта дақылы 126,3 мың гектарға егілген. Сондай-ақ мақта бағасы биыл 400 теңге көлемінде болатыны болжанған еді. Әзірге баға одан төмен болып тұр. Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Былтыр шитті мақтаның тоннасы 320 мың теңгеден қабылданды. Бүгінде 1 тоннасы 374 мың теңге болып отыр. Мақтаны 18 өңдеу зауытының 209 бекеті қабылдайды. Зауыттар тарапынан тауар өндірушілерге жиын-терін жұмыстары үшін 150– 250 мың теңгеден алдын ала төлем жасалуда. Ал мемлекет тарапынан күзгі жиын-терін жұмыстары үшін 48 мың тонна жанар-жағармай және 522 түрлі минералды тыңайтқыш құны­ның 50%-ын субсидиялауға бюджеттен 6 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар 653 түрлі өсім­дік зиянкестері мен ауруларына қарсы қолданылатын пестицидтер мен биопрепараттар­дың құнын субсидиялауға 521,4 млн теңге қаржы қаралса, агроқұрылымдардың сатып алған тұқымының құнын арзандатуға 600 млн теңге бөлінген.

Негізгі күнкөрісі мен әлеу­меттік-экономикалық дамуы аграрлы секторға тікелей байланысты аудандардың диқандары үшін ауа райының әрбір қолайлы сәтін тиімді пайдалану аса маңыз­ды. Сондай-ақ диқандар өнді­рілген барлық мақта шикі­затын елімізде толық терең өңдеуге мүм­кіндік жасалып, жеңіл өнер­кәсіп дамыса, халық тығыз орна­ласқан өңірде жаңа жұмыс орындары көптеп ашылатынын айтуда. Ерте көктемнен басталатын еңбек еш кетпеуі үшін өнім баға­сы көтерілетінінен үмітті диқан­дар қырманның бере­келі болуын да тілеп отыр.

 

Түркістан облысы