Kásipodaq baģy жобасы осыдан екі жыл бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Жолдауында айтылған 5 жыл ішінде орман қорына 2 млрд-тан астам ағаш отырғызу және елді мекендерде 16 млн ағаш отырғызу міндетін жүзеге асыру мақсатында Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен қолға алынған болатын.
Қызылжарда облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ерік Нұрақаевтың бастауымен тұңғыш Президент саябағының аумағында 3,17 га жерге ағаштар отырғызылып, облыстағы кәсіподақтардың қамқорлығымен өсіп келеді. Kásipodaq baģy деп аталатын бұл бақ қазір қала тұрғындарының таза ауамен тыныстап, рақат күй кешетін мекеніне айналған.
Жуырда Петропавлға келген жұмыс сапары барысында Қазақстан Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ қозғалысы ардагерлерімен және кәсіподақтың жас мүшелерімен осы бақта кездесіп, шырша отырғызу акциясына қатысты.
«Біздің жобаның мақсаты – еңбек ұжымдарының мүшелерін экологиялық мәселелерді шешуге тарту. Саябақты абаттандыруға атсалысқан еңбек ұжымдары егілген шыршалардың сақталуына жауапкершілікпен қарайды. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері Kásipodaq baģy жобасын қолдайды, оның өскелең ұрпақты саламатты өмір салтына баулу мақсатында құрылып жатқанын түсінеді және Петропавл қаласының экологиясын дамытуға үлес қосады», дейді аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің маманы Жанат Жұмабек.
Осы уақытқа дейін кәсіподақ ұйымдарына мүше жастар мен ардагерлердің бірлескен акциясы барысында Kásipodaq baģy үш аллеясына 105 сібір шыршасы отырғызылды. Кәсіподақ қозғалысы ардагерлері осындай әрбір акция жас ұрпаққа қамқорлық, кәсіподақ ұйымы мүшелерінің, қарттар мен жастардың қарым-қатынасын нығайта түсетінін айтады. Соның ішінде өмірінің 40 жылын өз аймағындағы кәсіпорын қызметкерлерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға арнаған кәсіподақ қозғалысының ардагері Валерий Лопатко ардагерлер атынан кәсіподақ көшбасшылары мен белсенділерге осындай жобаны жүзеге асыруға қатысуға шақырғаны үшін алғысын айтты.
«Бүгінгі жоба тек экология ғана емес, кәсіподақтың ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға үлкен септігін тигізеді», деді ол. С.Дәулеталин кәсіподақ ардагерлерінің жұмысшы жастарды тәрбиелеудегі және кәсіподақ қозғалысының негізгі қағидаларын сақтаудағы рөлі зор екенін атап өтті.
Солтүстік Қазақстан облысы