• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 27 Қыркүйек, 2022

Мұнай мен теңге бағамындағы тәуекелдер

275 рет
көрсетілді

Өңірлерде өндіріс ошағы бұрқ-сарқ қайнап, сайраған логистика дайын өнімдерді экспорттап үлгере алмай, бизнес мемлекеттің бір мүйісін демеп тұрар ел болғанымызда, бәлкім, мұнай бағасына аса алаңдай қоймас па едік. Бірақ көрген-баққанымыз – осы «қара алтын», сондықтан оның жаһан нарығындағы құбылуы тап бір жүрегімізді ауыртпаса да, кеуде тұсымызды ептеп сыздатып өтері белгілі. Тағы бір айта кетерлігі, мақалада тек мұнай туралы емес, мұнай және оған қатысты туындайтын тізбекті проблемалар туралы да сөз болады.

Brent маркалы мұнай бағасы 2022 жылдың 24 қаңтарынан бері алғаш рет барреліне 86 доллардан төмен түсіп отыр. Қазір Brent-тің бір баррелі шамамен 86,97 долларға саудаланса, WTI маркалы мұнай баррелі 79,22 долларға бағалануда. Tengenomika сарапшыларының айтуынша, мұнай бағасының арзандауы ұлттық валютамызға қысымды күшейтеді. Теңгенің жайы онсыз да жақсы емес еді. Валютамыз жыл басынан бері 10,8 пайызға әлсіреген.

Аналитиктер мұнай бағасының құлдырауын жетекші елдердің орталық банктерінің, әсіресе АҚШ Федералды резерв жүйесінің (ФРЖ) ақша-несие саясатын қатаңдатуымен байланыстырады. 21 қыркүйекте ФРЖ базалық ставканы үшінші рет қатарынан 0,75 пайызға көтеріп (Құрама Штаттарда инфляция 8,3 пайызға дейін жоғарылап кетті – ред.), экономикалық болжамды жаңартқан еді. Осыдан кейін FOMC (Ашық нарықтағы операциялар бойынша федералды комитет) мүшелері федералды қор бойынша ставкалар биыл жыл соңына дейін 4,4 пайызға дейін жоғарылайды деген пікір білдірді. ФРЖ-ның ставканы көтеруі бағамын долларға қарап айқындайтын өзге ел валюталарына да әсер етеді. АҚШ тарапынан мөлшерлеменің көтеріле беруі жаһан нарығында рецессия тудыруы мүмкін деп алаңдайды сарапшылар.

«KASE биржасындағы қазақстандық теңге курсы доллар жұбымен бірге түсіп барады. Рубль, юань және еуромен динамика соңғы тәуліктерде шамалы ғана болды. Теңге курсының әлсіреуіне басты себеп – сыртқы қысым. Жаһандық капитал нарығы тәуекелдерден қашып, әлемді шарпитын рецессияны күтіп отыр. Тәуекелді активтерге деген сұраныс минималды деңгейде. Шикізат котировкалары да қысқарады деген ықтималдылық бар. Ал Қазақстан үшін энергия тасымалдау бағасының жоғары әрі тұрақты болуы ерекше маңызды. Дәл қазіргі сәтте теңгенің құбылуы – сыртқы тепе-теңдіктің бұзылуынан туындап жатқан жағдай, басқа ештеңе де емес», дейді Alpari сарапшысы Анна Бодрова.

Мұнай бағасының дәл қазіргі бағасы Ұлттық экономика министрлігінің тура бір ай бұрын белгілеген базалық сценарийіндегі бағамен сәйкес келеді.

«Базалық сценарий жағдайында мұ­най­дың орташа бағасы барреліне 85 доллар деңгейінде және доллар курсын 470 теңге деңгейінде пайдалану ұсынылады», деген еді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров. Олардың пайымынша, оптимистік сценарий жағдайында мұнай бағасы – 110 доллар болып, доллар 440 теңге болады, ал пессимистік сценарий бо­йынша 60 долларға дейін төмендеп, доллар курсы 500 теңге маңайында қалыптасады.

Қысқасы, Ресей мен Украина арасын­дағы әскери іс-қимылдан жаһан дүрлікті. Геосаяси ахуал шиеленісті. Әлемдік логис­ти­ка тізбегі бұзылды. АҚШ Украинаға үз­дік­сіз көмек көрсетіп жатыр. Бұл белгілі бір деңгейде өз ішіндегі инфляцияны арттырды. Инфляцияны ауыздықтау үшін ФРЖ ставканы көтеруге мәжбүр болды. Ставканың жоғарылауы жаһанның экономикалық ауа райына әсер етіп мұнайға, тұтыну ши­кіза­тына деген сұранысты азайтты. Мұнай ба­ғасы түссе, теңге әлсірейді. Себебі мұ­най – бас­ты экспорттық тауарымыз. Ал бізге қазір қуатты теңге, қуатты экономика ауа­дай қажет. Қазақстан – экономикалық қиын­дық­тан, сол қиындық туғызған қым­бат­шылықтан қажыған ел. Қажыған халықтың бас сауғалайтын «періштесі» – банктер. Сәйкесінше, елде несиесі бар азаматтар көбейді. Олардың біразы несиесін төлей алмай жүр. Соған байланысты мемлекет жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң қабылдауға кірісті. Елдегі түйткілдің әзірге ше­шіле қоюы екіталай түйін екенін осыдан аңғаруға болады.

Жақында Алматыда өткен Kazakhstan Growth Forum-да форум төрағасы Елдар Әбдіразақов елге инвестиция тарту үшін теңгенің мықтылығы керек деген пікір біл­дірді.

«Елден капитал кетпес үшін бізге ин­вес­тициялық тартымдылық керек. Актив­терімізге инвестиция салуға қызық­тыру үшін күшті валюта қажет. Бүгінде ТМД ел­дерінің валюталарына қатысты теңге ин­дек­сі­не көшу және қазақстандық теңгеге инвестициялауды қызықты ету үшін күшей­ту керек. Әйтпесе, теңге «запорожец» сияқты болады, оны ешқашан сатып ала алмайсың. Бізге теңге-запорожец керек емес», дейді кәсіпкер.

Қазір Қазақстанда ресми жылдық инфляция – 16,1 пайыз. Әрине, мұндай жағдайда азаматтарға өз ақшасын сақтау, көбейту қиынға соғады. Инфляциядан қорғайтын және ақшаны сақтайтын бірден-бір құрал депозит болып келді. Алайда қазіргі инфляция үстеме пайданы толықтай жұтып қойып жатыр. Мәселен, биыл шілдеде жеке тұлғалардың салымы бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 11,8 пайызды құраған, ал сол кездегі инфляция көрсеткіші – 15 пайыз. Мұндай құбылмалы кезеңде қор нарығына бару да үлкен тәуекелді қажет етеді. Осы орайда Finprom сарапшылары альтернативті инвестициялау құралдары ішінде алтын және жылжымайтын мүлікке инвестиция салуды алға шығарады.

«Айта кетейік, алтын ұзақ мерзімді ин­вестиция болып есептеледі және қысқа мерзімді реалияда бағасын жоғалтуы ық­тимал. Мысалы, биыл алтынға максималды споттық баға – унциясына 2 мың доллар. Бұл межеге биыл 8 наурызда жетті және содан бері біртіндеп төмендеу байқалып келе жатыр. Осы жылдың 15 қыркүйегінде баға 1,7 мың долларды құрады. Бірақ ұзақмерзімді динамикада алтын ең сенімді актив болып қала береді. Өз кезегінде, үй бағасы, әсіресе биыл қатты өсті, тіпті сегменттің инвес­тициялық тартымдылығынан да асып кетті. Мәселен, жаңа үйлердің орташа ба­ғасы 23,8 пайызға артты (былтырдың сәй­кес кезеңімен салыстырғанда). Бұл ретте қайталама нарықтағы баға өсімі – 72,2 пайыз (бір жыл бұрынғы дерекпен са­лыс­тырғанда). Онымен қоса жалға беру құны да қымбаттап жатыр: бір жылда 2,2 есе. Тиісінше, баға биыл ғана қымбаттап отыр­ған жоқ. Жылжымайтын мүлікке инвес­­ти­ция салу әлем бойынша танымал құрал болып отыр», делінеді зерттеуде.

Жаһандық нарықта мұнайға деген сұ­раныстың төмендеуі өндіріс көлемін де тө­мен­детеді. Отандық мұнай-газ саласы са­рап­шыларының айтуынша, соңғы 10 жыл­дағы мұнай өндірісінің ең төмен дең­гейі қыркүйекте болмақ.

«Тамыз айында 5,1 млн тонна өндірілді. Соңғы 10 жылда тек екі мәрте ғана төмен болған: 2016 жылы тамызда (4,3 млн тон­наға жуық) және 2022 жылы маусымда (4,9 млн тоннадан аз). Себептері: Қаратабан (Қашаған) кешеніндегі зауыт ішіндегі істен шығудың салдары Қашағандағы өндірістің 3,5 есе төмендеуіне әкеліп соқты. Одан кейінгісі – Қарашығанақтағы жоспарлы күрделі жөндеу жұмыстары», деп жазады телеграмдағы Energy Monitor каналы.

Мұнай және газ ақпараттық-талдау орта­лығының дерегі бойынша, 2022 жыл­дың басынан бері мұнай өндірісінің орташа тәуліктік көрсеткіші 228 мың тоннаны құраған. Сол қарқынды сақтаған жағдайда 2022 жылдың қорытындысы бойынша 83,2 млн тонна мұнай өндірілуге тиіс. Сарапшылар ендігі қалған 100 күнде 85,7 млн тонналық жоспарлы көрсеткішке қол жеткізе қоюы екіталай екенін айтады.