Орталық Азия және Кавказ жеті елінің мемлекеттік органдарының жиырмадан астам өкілі мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы озық тәжірибе, саясат және технологиялармен танысу мақсатында Корея Республикасының тиісті мемлекеттік органдарына барды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл сапар Корея Республикасы Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігі (MOIS), Корея Республикасы Ұлттық ақпараттық қоғам агенттігі (NIA), БҰҰ Даму Бағдарламасы (БҰҰДБ) және Астана Мемлекеттік қызмет хабының (Хаб) Корея Республикасының Үкіметі қаржыландыратын бірлескен жобасы аясында ұйымдастырылды.
Үш күндік сапар аясында «Жаңа цифрлық технологияларды пайдалана отырып мемлекеттік қызметтерді ұсыну» тақырыбында семинар өтті. Мемлекеттік қызметкерлер мен практиктер Корея Республикасының мемлекеттік органдарына барып, мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласындағы инновациялардың озық үлгілерімен, соның ішінде «электронды бұлт» саясаты мен тәжірибесі, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, цифрлық сәйкестендіру жүйесі, блокчейн негізіндегі мемлекеттік қызметтермен танысты.
NIA Президенті Джонгсунг Хван COVID-19 пандемиясының шығуы цифрлық үкімет құру мен оны дамыту, азаматтарға жасанды интеллект пен үлкен деректер сынды жаңа технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік онлайн-қызметтерді ұсынудың маңызын бүкіл әлемдегіүкіметтердің түсінуіне себепші болғанын айтты. Ол бірлескен жоба аясында 2021 жылдан бастап MOIS, NIA, БҰҰДБ және Хаб жеті елде инновациялар мен мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызметтерді цифрландыру саласындағы мемлекеттік қызметшілердің әлеуетін арттыруға белсенді түрде күш салып келе жатқанын еске салды.
Хабтың Басқарушы комитеті төрағасы Алихан Байменов Корея Республикасы Үкіметі мен Орталық Азия және Кавказ елдері арасындағы ынтымақтастықтың құндылығына ерекше тоқталды. «Әлемде цифрлық құралдар мен GovTech мемлекеттік басқару жаңа жағдайдакездесетін сын-қатерлерге төтеп беретін негізгі құралдың бірі екені анық. Қазіргі заманғы технологияларды қолданумен қатар, ел мүддесін ескере отырып, ведомствоаралық бытыраңқылықты еңсеру де маңызды. Корея Республикасы осы саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі бола отырып, хаб платформасында өз тәжірибесімен бөлісуге дайын екені өте маңызды», деді Байменов мырза.
Ішкі істер және қауіпсіздік министрлігінің (MOIS) цифрлық үкімет саласындағы ынтымақтастық бөлімінің директоры Сонджу Сон аймақ елдерінің қызығушылығын ескере отырып, MOIS-тің жинақталған тәжірибесі және білімімен бөлісуге дайын екенін айтты: «Бағдарламаға қатысып жатқан барлық елдің мемлекеттік сектордағы цифрлық инновацияларға деген берік ұстанымын көріп отырмыз».
MOIS және NIA танысу сапарларын цифрлық үкіметтің көрме залына (Седжон қ.), Нақыш басу, қорғалған басып шығару және ID-карталармен жұмыс жөніндегі корпорацияға, сондай-ақ Ұлттық ақпараттық ресурстар қызметіне (Тэджон қ.) ұйымдастырды. Қатысушылар Аньян қаласының смарт орталығында болып, қала азаматтарының қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін деректерді өңдеу интеграцияланған базаларын зерделеп, Samsung SDS-ке де барды, онда аналитика, жасанды интеллект және блокчейн технологиясы платформаларын қоса алғанда, цифрлық трансформация саласындағы инновациялық шешімдерді зерттеді.