Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базартөбе ауылдық округіне қарасты шағын ғана Қадырқұл ауылында жас ақын Абылайхан Мақсұтовтың «Жансебіл» атты тұңғыш кітабының тұсауы кесілді.
Бір қарағанда бұл бір әдеттегі оқиға сияқты. Бүгінде жаңадан шығып жатқан кітап көп. Құдайға шүкір, қазақта ақын да аз емес. Ендеше, мұны неге айтып отырмыз?!
Айтайық. Абылайхан – алақандай ауылда «қойын құрттап, айранын ұрттап» жүрген қарапайым ғана қазақ баласы. Маңдайына өнер, таңдайына өлең жазылғаны болмаса, ауылдан ұзап шығып, үлкен ортаны көрмеген. Керісінше «сүрініп кетіп, бүлініп кете жаздаған» тағдыры бар талайлы жас болатын. Жүрегін жарып шыққан шынайы жырларын ара-тұра әлеуметтік желіге салып қоятыны болмаса, жеке жинақ шығарып, өз кітабына қолтаңба беріп отырам деп ойламаған да.
Міне, сол Абылайхан бір күнде Ақжайықтың жалпақ жұртына әйгілі болды. Жас ақынның өлеңдері бір жерге жиналып, әп-әдемі кітап болып шықты. Оны шығарған – оралдық «Рухтастар» деген топ екен. Топ мүшелері үндемей-түндемей, ешкімге жар салмай, өздері ортаға ақша жинап жіберіп, жеке баспадан жарқ еткізген!
– Абылайханды сыртынан көптен білеміз. Туған жерінде жатып алып, өлеңнен алыстаған жоқ. Қолына түскен кітабын оқып, жүрек сөзін параққа түсірумен келеді. Талантты жігіт. Абылайдың өлеңдерін жинақтап, кітап етіп шығару жыл басынан бері миымызда жүрген мәселе еді. Ақыры нүктесін қойдық, – дейді Асан-Темір Қаршығаұлы.
Асан-Темірдің өзі де ақын, Қазақстан Жазушылар одағына мүше болғанына көп уақыт болған жоқ. Ел ішінде елеусіз жүрген жас дарынға мұндай қолдау қаншалықты қажет екенін жан-тәнімен түсінгенінде сөз жоқ.
Айта кететін жайт, «Рухтастар» тобы «Жансебіл» кітабының тұсаукесерін Орал қаласында, театр төрінде, жырсүйер қауымның ортасында өткіземіз деп жоспарлаған екен. Алайда автор өтінішін айтыпты: «Менің жақсылығыма менен артық қуанатын асыл анам бар. Ол кісі ауылдан ұзап шыға алмайды, өйткені қартайған анасын бағып отыр. Сондықтан кітаптың тойын туған ауылда өткізсек...». Осылайша, шағын ғана Қадырқұл ауылы аяқастынан жыр кешінің орталығына айналды. Жиырмаға жетер-жетпес түтіні бар ауылда мұндай шара көптен өтпеген де шығар. Өйткені қызыл отау – клуб та жоқ қой. Он оқушы ғана оқитын бастауыш мектептің ең үлкен бөлмесі сол күні поэзия патшалығына орын берді. Рухтастар ақынның анасын да құрметтеп, иығына қамзол жауып, гүлмен көмкерді. Аядай ауылда өткен жыр кешіне қатысқан әр адам әлеуметтік желіде әсерін тауыса алмай жазып жатыр...
* * *
Біз Оралда «Рухтастар» атты топ құрылып, бірқатар игі шараға мұрындық болып жүргенін бұдан бұрын да естігенбіз. Бір қызығы, еш жерге ресми тіркелмеген, күнделікті қоғамдық-саяси шараларға араласпайтын бұл топтың мақсат-мүддесі тереңірек екен.
– Біз отбасымызбен араласып, дастарқандас болып жүрген он-он бес жан едік. Осындай отырыстардың бірінде қолдан келгенше қоғамға пайдалы іспен айналысып, неге әрекет етпеске деген ой туды. Бұл идея бәрімізге ұнап, бір-бірімізді бірден қолдап кеттік, – дейді Асан-Темір.
«Рухтастар» тобында ақын да, әкім де, әнші де, есепші де, құтқарушы, журналист, полицей, мемлекеттік қызметкерлер де бар. Бәрімізді біріктірген нәрсе – рухани орта іздеуіміз. Ой, ниет, тілегіміздің бір жерде тоғысуы. «Өзі үшін оттаған хайуанның бірі болмай», қал-қадерімізше қоғамға пайдалы іс жасау. Ол қолымыздан бірде келіп, бірде үйлеспей жатады. Ниет түзу, жоспарымыз көп», дейді осы ұйымның тағы бір белсендісі Ардақ Мұратқызы.
Топ мүшелерімен сөйлескенде байқағанымыз, олар негізінен Орал қаласында рухани орта қалыптастыруды, ойлы, ізгі істерге ұйытқы болуды мақсат еткен екен. «Алдымен руханиятқа қызмет еткен, әлі де еңбек етіп жүрген аға-апаларымызды тыңдап, оларды ұмыттырмау. Басқа сала үздіктерімен де кездесіп, олардың ісін насихаттау. Қазақтың сөз өнерін, атбегілік дәстүрін, жыр-термесін дәріптеу. Осы тақырыптарда еркін кештер ұйымдастыру. Ешкімге ақыл айтпай, өзгеге өзіміз үлгі болу. Жай еңбекқорлығымызбен, өнегелі ісімізбен, абыройлы қызмет, адалдығымызбен ғана көріну. Жалпы, қоғамда олқы тұрған, жетпей жатқан, кемшін соққан тұстарды да айтып, азаматтық үнімізді білдіру. Билікке ой салатын, қозғау болатын ұсыныстарды көтеру». Міне, тіркелмеген «Рухтастар» ұйымының жазылмаған жарғысы осындай.
Батыс Қазақстан облысы