Биылғы Ұлттар лигасында тамаша өнер көрсетіп, «В» дивизионына жолдама алған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының плей-офф кезеңіндегі қарсыласы белгілі болды. 2024 жылы Германияда өтетін Еуропа чемпионатына жолдама беретін матчта Магомед Адиев шәкірттері «С» дивизионының төртінші тобында үздік шыққан Грузия құрамасымен ойнайтын болды.
Болгария, Солтүстік Македония және Гибралтар секілді мықты құрамалармен бір топта сынға түскен Грузия алты турда 16 ұпай жинап, турнир кестесінде жеке-дара көш бастады. Екінші орынға 9 ұпайы бар Болгария құрамасы ие болса, Солтүстік Македония үшінші орынмен
(7 ұпай) лигадағы орнын сақтап қалды. Ал бір ұпаймен көш соңында қалып қойған Гибралтар «С» дивизионда қалу үшін електік матч өткізеді. Грузия футболшылары алты турдың бесеуінде қарсыластарынан басым түссе, тек бір кездесуінде ғана ұпай бөлісті.
Қазақстан мен Грузия бүгінге дейін жасыл алаңда төрт мәрте ресми матч өткізген. Өкінішке қарай, соның үшеуінде жерлестеріміз жеңілістің кермек дәмін татуға мәжбүр болды. Бір кездесуде қарсыластарымызбен тең түстік. Ең алғаш екі елдің футболшылары 2005 жылы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде кездесті. Алматыда өткен алғашқы матчта қонақтар 1:2 есебімен жеңіске жетті. Кездесудің есебін 23-минутта Данияр Кенжеханов ашқанымен, екінші таймда грузиялық футболшылар екі гол соғып, таразы басын өздеріне аударды. Ал Грузияда өткен қарымта матчта есеп ашылған жоқ – 0:0.
Кейіннен екі құраманың жолы 2018 жылғы Ұлттар лигасының алғашқы маусымында қайта түйісті. Астанадағы алғашқы матчта жерлестеріміз қонақтарға 0:2 есебімен жол берді. 69-минутта Гиорги Чакветадзе есеп ашса, арада бес минут өткенде Сергей Малый байқаусызда өз қақпамызға гол соғып алды. Сырт алаңдағы жауапты матчта да Грузия футболшыларының мерейі үстем болды – 2:1. Гиорги Чакветадзе мен Георгий Меребашвилидің голдарына 90-минутта Оралхан Өміртаев бір голмен жауап қайтарды.
Бұдан бөлек, құрамалар екі мәрте жолдастық матч өткізді. 2013 жылғы кездесуде Қазақстан 1:0 есебімен жеңіске жетсе, 2016 жылғы бәсекеде тең есеп тіркелді – 1:1.
Енді, міне, екі ел арасындағы жетінші кездесу 2024 жылдың наурызында Тбилисиде өтеді. «С» дивизионының бірінші плей-офф матчында Қазақстан мен Грузия, екіншісінде Түркия мен Грекия құрамалары сынға түседі. Сөйтіп үздік шыққан екі құрама финалда кездесіп, жалғыз жолдаманы сарапқа салады. Егер, Қазақстан ұлттық құрамасы осы екі матчта да қарсыластарынан басым түсетін болса, онда 2024 жылы Германияда өтетін кәрі құрлық біріншілігіне тікелей жолдама алады.
Жалпы, УЕФА ережесі бойынша, Ұлттар лигасынан үш құрама Еуропа чемпионатына жолдама ала алады. Бұған дейін Еуро-2020-да 4 командаға мүмкіндік берген. Осы жолы үш квота бөліп отыр. Яғни А, В, С дивизиондарының үздіктері Германия жасыл алаңдарында доп тебеді. Биылғы турнирде «А» лигасында Хорватия, Испания, Италия және Нидерланд құрамалары үздік шықса, «В» лигасында Шотландия, Израиль, Босния және Герцеговина мен Сербия құрамалары бірінші орынды иеленді.
Сондай-ақ 9 қазанда Германияның Франкфурт қаласында Еуропа біріншілігі іріктеу кезеңінің жеребесі тартылады. Келесі жылдың наурыз және қараша аралығында өтетін іріктеу сайыстарында жеңімпаз атанған құрама мен екінші орынға ие болғандар Еуропа чемпионатына тікелей жолдама алады. Оларға Ұлттар лигасы арқылы жолдамаға қол жеткізген үш құрама қосылады. Егер Ұлттар лигасының плей-офф кезеңіне шыққан құрамалар іріктеу кезеңдерінде жолдамаға иелік етсе, онда ол топта рейтингте келесі тұрған команда плей-оффқа қатысады.