Ол үш мемлекет аумағында бірыңғай кедендік кеңістік құруды ақиқатқа айналдырды
Бұдан бұрын газетімізде хабарлағанымыздай, Нева жағалауындағы шежірелі Санкт-Петербург қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына, Еуразиялық экономикалық қоғамдастыққа және осы қоғамдастық аясында құрылған Кеден одағына мүше елдер үкімет басшыларының басқосуы болып өтті. Осы отырыстарда барлық елдердің үкімет басшылары атап көрсеткеніндей, сонау кеңестік империя ыдыраған алғашқы күннен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тарих сахнасына талмай шығарып келе жатқан интеграциялану идеясына балама жоқ екендігін уақыттың өзі дәлелдеді. Әсіресе, оған ұзақ уақыт үзілістен кейін ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің Үкімет басшылары отырысына қайтадан бақылаушы ретінде қатысқан Украина Премьер-министрі Н.Азаровтың сөзі толық дәлел болғандай. Ол өз сөзінде соңғы жылдары бұрынғы Украина басшылығының тар ауқымдағы келеңсіз саясатының салдарынан бұл ел ТМД аумағындағы барлық интеграциялану үрдісінен сырт қалғанын, осы жағдайдың ел экономикасына орасан зор нұқсан келтіргендігін атап көрсете келіп, алдағы уақытта Достастық мемлекеттері шеңберіндегі барлық интеграциялану бастамаларына, оның ішінде Кеден одағы құрылымына да белсене қатысатындықтарын мәлімдеді.
Санкт-Петербург қаласында өткен үкімет басшыларының басқосуы “ТМД шеңберінде 2010 жыл – ғылым және инновация жылы” деген ортақ ұранмен өтті. ТМД-ға мүше мемлекеттер Үкімет басшылары кеңесінің отырысында қаралған жиырмаға жуық мәселе де нақ осы тақырыптар аясында өрбіді.
Инновация мен интеграция ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің үкімет басшылары деңгейінде өткен отырыстарының да басты тақырыбына айналды. 2010 жыл ЕурАзЭҚ үшін мүшелді мерекелік жыл болып отыр. Биыл бұл ұйымның құрылғанына он жыл толмақ. Осы жылдар ішінде қоғамдастық қатал уақыт алға тартқан талай сыннан сүрінбей өтті. Қазақстан басшысының тарихи табандылығының нәтижесінде өмірге келген осы қоғамдастықтың ауқымында ТМД шеңберіндегі жаңа әрі сапалы интеграциялық үрдіс – Беларусь, Қазақстан және Ресей арасында Кеден одағы өмірге келді. Кеден одағына қатысты мәселелерді талқылау барысындағы үш мемлекеттің үкімет басшыларының басқосуында Ресей Үкіметінің Төрағасы Владимир Путин Кеден одағы сәтті бастау алды. Оның негізгі тетіктері жыл басынан бері лайықты жұмыс істеуде. Әрине, аз уақыттың ішінде мұндай тың да ірі жобаны ешқандай кінәратсыз жүзеге асыру мүмкін емес. Алайда, өткен айлардың қорытындысы көрсетіп отырғанындай, біздің елдер қандай да күрделі ахуалдардан шығатын жол тауып, тығырықты сәттерде өзара түсіністікке қол жеткізді деп атап көрсетті. Сонымен бірге, ол өз сөзінде Кеден одағының өмірге келуіне Қазақстан Республикасы Президентінің бастамалары негіз болғандығын да ерекше ескертіп өтті. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев күн тәртібіне қойған экономикалық ынтымақтастықты барынша кеңінен дамыту мәселелері өз өміршеңдігін дәлелдегенін тілге тиек етті. Үш мемлекет шеңберінде таза экономикалық бірлестіктің, ортақ кедендік кеңістіктің құрылуы жаңа геосаяси ақиқатқа айналды. Интеграциялық үдерістің ең шырқау шыңы – бірыңғай экономикалық кеңестік құру болса, біз оған қол жеткіздік, деді ол өз сөзінде.
Кеден одағына кіретін үш мемлекеттің үкімет басшыларының осы жолғы басқосуында бұл интеграциялық жаңа құрылымды дамытудың көкейкесті мәселелері талқыланды. Үстіміздегі жылғы 1 қаңтардан бастап үш мемлекет Кеден одағының кедендік тарифтерін сәйкестендіретін алғашқы кезеңді бастан өткеріп жатыр. Енді 1 шілдеден бастап үш мемлекеттің халқы бірыңғай кедендік кеңістікте өмір сүретін негізгі кезеңге аяқ басатын болады. Осы уақытқа дейін арнайы құрылған Кеден одағы комиссиясы үш мемлекеттің кедендік тарифтерін сәйкестендіретін сегіз ірі жобаны ретке келтірген. Әлі де үш мемлекеттің кедендік тарифтерін сәйкестендіретін оннан аса ірі жобаларды ретке келтіру керек.
Осы жолғы отырыста Кеден одағында санитарлық, мал дәрігерлік-санитарлық, фитосанитарлық шараларды қолдануды реттеу, ЕурАзЭҚ Мемлекетаралық кеңесінің шешімімен бекітілген Кеден одағының Кеден кодексін жүзеге асыруға байланысты жасалған іс-шаралар жоспарын халықаралық келісімдерге сәйкестендіру, ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағына мүше мемлекеттердің сауда қатынастарын реттеу, Кеден одағы кедендік аумағынан тауарларды шығарғанда және жеткізгенде қолданылатын баж салықтарын реттеу, ЕурАзЭҚ аумағында Кеден одағына кіретін үш елге ортақ тауарларға техникалық регламент қабылдау және басқа келелі мәселелер қаралды.
Атап айтқанда, үш елге ортақ тауарларға техникалық регламент белгілеу мәселесі кешенді жұмыс жүргізуді қажет етеді. Осы уақытқа дейін Кеден одағына кіретін мемлекеттер өз тауарларының техникалық регламентін өзі белгілеп келген. Енді бірыңғай кедендік кеңістіктің қалыптасуына байланысты ортақ техникалық регламент жасау қажет. Осыған байланысты үш мемлекет бойынша 38 техникалық регламент қабылдануы тиіс. Қазір әрбір мемлекет бұл мәселеде өз ұсыныс-талаптарын талқылауда. Алдағы уақытта Кеден одағы комиссиясы бұл мәселелерді ортақ отырыста қарайтын болады. Оған қосымша екі апта уақыт беріліп отыр.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.