Өткен сегіз ай аралығында Алматы облысының экономикасына құйылған инвестиция ағыны 19 пайызға ұлғайып, жалпы, қаржылай көлемі 320 млрд теңгеден асып түскен екен. Яғни жыл басынан бері аймақта 54,2 млрд теңге жұмсалған 10 ірі инвестициялық жоба жүзеге асып, соның нәтижесінде 700-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған.
Бұл қатардағы ірі жобалардың мысалы ретінде «Наурыз Агро» асыл тұқымды құс репродукторы, «Алюгал» қорытпалы құрылыс материалдарын шығаратын зауыт, «Медикал Холдинг Sintez-KZ» медициналық титан импланттары мен тренажерлар өндірісі және «Қарасаз Агро» балық шаруашылығы өндірісін айтуға болады. Ал инвесторлардың сенімінен шыққан аудандар арасынан Еңбекшіқазақ ауданының аты озып тұр. Яғни өткен мерзімде аудан экономикасын дамытуға 26 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған көрінеді. Және бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге артқан. Дейтұрғанмен, инвестиция портфелі бойынша ауданның жалпы облыс көлеміндегі үлесі 8 пайыздан сәл ғана жоғарылаған екен. Жақында ауданға барған сапарында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жергілікті басшылыққа осы жағына баса назар аударуды тапсырған болатын.
– Еңбекшіқазақ ауданы бойынша қазірге дейін 20 шақты инвестжоба бар. Соның ішінде «Жетісу энергиясы» серіктестігінің қуаты 60 МВт болатын Шелек жел электр стансасы жақында іске қосылды. Бұл жобаға тартылған инвестиция көлемі 37,4 млрд теңгені құрайды. Сәйкесінше, 30 жұмыс орны ашылды. Алайда тоқмейілсуге болмайды. Ауданның қазіргі мүмкіндігі мен инвестициялық тартымдылығы оның көлемін еселеп арттыруға тиіс, – дейді М.Сұлтанғазиев.
Жалпы, облыстың энергия көздерін өндіруге қатысты жобалары жемісті. Бұл тұрғыда Еңбекшіқазақ ауданында желден қуат алатын қондырғыларды көптеп салу мүмкіндігі мол болса, Райымбек ауданында су электр стансаларының құрылысын жандандыруға мүмкіндік бар. Қазір ағынды тау өзендері бар Райымбек өңірінде су электр стансаларының құрылысын жүргізу қолға алынуда. Солардың қатарында Үш Қақпақ ауылы маңында басталған «Үлкен қақпақ Гидро» серіктестігінің жұмысын айтуға болады. Аталған серіктестік биылдан бастап Кіші Қақпақ өзенінен қуаты 4,9 МВт құрайтын су электр стансасының құрылысын жүргізіп жатыр. Бұл жобаға 3,3 млрд теңге инвестиция тартылмақ. Сондай-ақ Energy DeveIopment Company Текес өзенінің бойынан қуаты 24,8 МВт болатын су электр стансасының құрылыс жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта техникалық және экономикалық құжаттары дайындалуда. Бұл жобаға тартылатын инвестиция көлемі 14,1 млрд теңгені құрайды. Компания құрылыс жұмыстарын 2023 жылы бастап, 2025 жылы пайдалануға беруді жоспарлап отыр екен. Сондай-ақ аталған компания 2025 – 2027 жыл аралығында Нарынқол ауылының маңындағы Байынқол өзенінен қуаты 32,8 МВт құрайтын су электр стансасын салуды да жоспарлап отыр.
– Алматы облысы – кез келген саланы дамытуға ыңғайлы өңір. Оның ішінде әлеуметтік сала, инфрақұрылым, логистика, балық, мал, егін шаруашылығы, балама энергия көзі салалары бар. Инвестициялық тартымдылық арқылы аймақта ет экспортынан гөрі балық экспорты жақсы дамып келеді, – дейді облыс әкімі М.Сұлтанғазиев.
Айтпақшы, облыстың жаңа орталығы – Қонаев қаласын IT мамандарының шоғырланған, өнеркәсібі дамыған, таза экологиялық қала ету үшін түрлі жобалар жасалып жатыр. Бұл бағытта инвесторларға иек артқан орынды. Жақында Алматы облысының әкімі Еуропалық инвестиция банкінің өкілдерімен кездесті. Кездесуде Қонаев қаласының түрлі салалардағы жобасы бойынша екіжақты ынтымақтастығы сөз болды.
– Еуропалық инвестиция банкінің жұмыс бағыты негізінен 4 салаға бағытталған: инновацияларды қолдау, шағын бизнесті дамыту, климатты қорғау және инфрақұрылым нысандарын құру. Яғни банк мемлекеттік және жеке секторға, оның ішінде инновациялық стартаптарды қаржыландыру үшін кредиттер береді. Шағын және орта бизнеске әдетте жергілікті банктер арқылы қолдау көрсетіледі. Бұл ретте орташа көлемді компаниялар Еуропалық инвестиция банкінен ғылыми-зерттеу саласы мен дамуға инвестициялар ретінде тікелей қолдау ала алады. Жалпы, біз Қазақстанға жеке инвесторлар мен мемлекеттік қаржы мекемелерінің қаражатын тартып, жұмыс істеуге мүдделіміз. Бұл тізімде Алматы облысы бірінші тұр деуге болады, – дейді Еуропалық инвестиция банкінің мемлекеттік мекемелермен жұмысын дамыту бөлімінің маманы Адам Бруун.
Жалпы, бұл қаржы ұйымы Еуроодақ кеңесінің шешіміне сәйкес ЕО елдерінде және шетелде, оның ішінде Азияда жобаларды қаржыландыру бойынша кредиттік операцияларды жүргізу мандатына ие. Банк 2 жылдан 6 жылға дейінгі жеңілдікті кезеңімен, 7 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге несие береді. Ал шетелдік инвестициямен жұмыс істеу бағытында да облыста ауқымды шара атқарылуда. Мысалға, қазір Алматы облысы әлем бойынша 97 елмен сауда ынтымақтастығын жүргізуде. Биыл 7 айда облыстағы экспорт айналымы 179,9 млн долларды құрады. Бұдан басқа шетелдік инвесторлардың қатысуымен ашылған, жалпы құны 1,3 млрд доллар болатын 19 жоба жүзеге асырылуда. Бұл 6 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Алматы облысы