Павлодар облысын 2025 жылға дейін дамыту бағдарламасы шеңберінде ауылдарда жаңадан 15 бастапқы медициналық-санитарлық көмек пункттері ашылады деп жоспарлануда. Олардың төртеуі –амбулатория, оны – медициналық және фельдшерлік-акушерлік пункттер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында ауылдағы денсаулық сақтау мәселелеріне ерекше назар аударғаны мәлім. Президент келесі жылдан бастап ауыл тұрғындарының қажеттіліктеріне бағытталған ұлттық жобаны іске асыруды бастау туралы шешім қабылданғанын атап өтті. Бұл бағытта «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы жүзеге аспақ.
Өңірлік денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтың айтуына қарағанда, ауылдық елді мекендерге 30 медициналық нысан қажет. Олардың екеуі – ауылдық амбулатория, бесеуі – фельдшерлік-акушерлік пункт және қалғаны – медпункттер.
– Жаңа нысандардың салынуымен өңірде жалпы саны 15 мыңнан астам тұрғын сапалы медициналық қызметпен қамтылады деп күтілуде. Бұл жобалардың жалпы құны шамамен – 3,9 млрд теңге. Бұған дейін денсаулық сақтау ұйымдары мүлде болмаған 3 ауылда жаңадан медпункт тұрғызылмақ. Тағы 9 нысан тозып тұрған ғимараттарды жаңартуға және 18 құрылыс жалға алынып келген нысандардың орнына салынбақ. Жобалық-сметалық құжаттамаларды Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеуде, республикалық трансферттер бөлінеді деп болжануда. Ал Павлодар облысын дамыту бағдарламасы аясында жоспарланған 15 нысанның біреуі – Ақсудың Қызылжар ауылында 100 орынға лайықталған ауылдық амбулатория салынды. Құрылыс басқармасы тағы үш жобаға құжат әзірлеп отыр. Келесі жылы Екібастұздың ауылдық аймағындағы Әлкей Марғұлан ауылында және Ақсудың Пограничник ауылы мен Павлодар ауданының Набережное елді мекенінде медициналық мекемелер салынады, – деді басқарма жетекшісі.
Алыс ауылдарда тұратын халыққа жылжымалы медициналық кешендер қызмет көрсетеді. Игіліктің бұл түрімен 29 мыңға жуық адам қамтылып отыр. Кешендердегі дәрігерлер қазірдің өзінде 2 мыңнан астам емделушіден түрлі ауруды анықтап, оларды диспансерлік есепке қойған. Бұған қоса аудандық ауруханалар мен перзентханаларға және жан сақтау бөлімшелеріне заманға сай медициналық құрал-жабдықтар сатып алуға республикалық қазынадан 1,5 млрд теңге бөлінбек. Тағы 1,2 млрд теңге денсаулық сақтау мекемелерін күрделі жөндеуге бағытталады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы қажетті жабдықтарды сатып алудың жоспарын жасап, медициналық нысандарды жөндеумен айналысатын мердігерлерді анықтады. Жаңа құралдар алынса, өңірлердегі емдеу ұйымдарының заманға сай жарақталуы 85-тен 90 пайызға дейін артады.
Бұған қоса демеушілер есебінен алдағы қазан айында 60 акушер-гинеколог пен неонатологті оқыту жоспарланып отыр. Бұл үшін Ресейден мамандар келіп, жүкті аналардың жағдайына шұғыл түрде баға беру бойынша семинарлар өткізбек. Ал 18 медицина қызметкері Татарстанның Қазан қаласына жіберіліп, онда ультрадыбыстық зерттеу бойынша оқудан өтпек. Өңірдегі ақ желеңділерге құрсақта жатқан баланың алғашқы даму кезеңінде денсаулығындағы ақауларды анықтау міндеті қойылып отыр.
Атап өтерлігі, биыл экстракорпоралды ұрықтандыру бойынша өңірге 281 квота бөлінген. Қазір 82 жұп сәби сүю бақытын асыға күтуде. Тағы 80 ерлі-зайыптыдан оң нәтиже шығады деп болжанып отыр. Былтыр бала көтере алмау мәселесі бойынша Павлодардағы репродуктивті орталықта 1,5 мың ерлі-зайыпты тіркелген еді. «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы жүзден астам отбасы нәрестелі болды. Олардың арасында егіз балалы болғандар да бар.
Павлодар облысы