Он саусағынан өнері тамған Зоя, Зина мен Рая Қуанышқалиевалар Махамбет ауданының Бейбарыс ауылында тұрады. Ағайындылар меринос қойының жүнінен қазақы ою салынған текемет басып, қолөнер бұйымдарын жұртшылыққа ұсынып отыр.
Олардың ағасы Бөлекбай – ағаш шебері. Қуанышқалиевтер отбасына ұлттық қолөнерге бейімділік ата-анасынан дарыған екен. Қазір олар мемлекеттен грант алып, ұмыт бола бастаған ұлттық құндылықтарды қайта жаңғыртуға бел шеше кіріскен.
– Біздің анамыз қолөнердің шебері болатын. Текемет басып, терме алаша мен киімдер тоқитын еді. Анамыздың бұл өнерін бізге апайымыз Зоя үйретіп жүр. Оның мақсаты – әжелерімізден бүгінге жеткен асыл өнерді, ұлттық құндылығымызды дәріптеу. Сіңілім Рая – тігінші. Ұлттық нақышпен перделер тігеді, қолөнерді жақсы көреді. Әкеміздің ағаштан түйін түйген шеберлігі ұлдарға жұғысты болды. Мал шаруашылығымен айналысқан әкеміз ағаштан түрлі бұйым жасаушы еді. Енді оның осы ісін ағамыз Бөлекбай жалғастырып келеді, – дейді Зина Қуанышқалиева.
Қолөнер шеберінің айтуынша, қазір киізден жасалған бұйымдарға сұраныс арта түскен. Зина Қуанышқалиеваның күйеуі Асылбек Рахметов те – ағаш шебері. Аялап өсірген қыздары – Айдана мен Аягөздің де аңсары ұлттық құндылықты әспеттеуге ауып отыр. Қазір олар іс тігеді, қолөнер бұйымдарын жасайды.
Атырау облысы