• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қыркүйек, 2022

«Сергек» тәртіпке шақырады

212 рет
көрсетілді

Қазан айынан бастап Семейде «Сергек» бейнебақылау жүйесі іске қо­сылады. Осылайша, Абай облысының орталығындағы жол қозғалысының қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті қадағалау жеңілдей түспекші.

Бұл жобаның аясында ахуал ор­талы­ғы мен мәліметтерді өңдеу орта­лы­ғы құрылғанын айта кеткен орынды. Тұтастай алғанда, қала бойынша 1,5 мыңдай бейнебақылау камерасы ор­натылған. Қазір барлық бақылау жүйесі сынақ режімінде жұмыс істеп жатыр.

«Облыстық Полиция департаменті­мен кеңесіп, «Сергек» бейнебақылау жүйе­сін 1 қазаннан бастап іске қосуды ұй­ғардық. Қоғамдық тәртіп пен жол қауіп­сіздігін қадағалауға арналған 1551 ка­мера орнатылды. 775 камера қо­ғам­дық қауіпсіздікті және 776 бей­не­ба­қылау аппараты жол қауіпсіздігін бақылайды.

Бейне материалдар бойынша де­рек­терді сақтау 30 күнге, фото-айып­пұл бар суретті 3 айға дейін сақ­тау көз­делген және метеодеректер ша­ма­мен бір жылдай сақталады», деді «Көр­кем телеком» компаниясының Семей­де­гі филиалының директоры Рүстем Елубаев.

Осы жобаның аясында полиция қызметкерлеріне «Сергек Қорғау» мобильдік қосымшасымен жұмыс істеу үшін 100 планшет алыныпты. Аталған мобильді қосымша жол­дағы «Сергек» жүйесіне біріктірі­ліп, жалған нөмір таққан, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқарғандарды, сондай-ақ іздеудегі көліктерді анық­тауды оңтайландыра түседі дейді құ­зырлы орган өкілдері.

«Мұндай көліктер жөніндегі ақ­парат операторға жіберіліп отырады. Жедел алдын алу шаралары кезінде полиция қызметкерлері кө­лікті тоқтатып, қажетті шара қолдана­тын болады. Жол ережесінің бұзы­луын тіркеу автоматты режімде жүзеге асады.

Қазақстандық мамандар дайын­даған бағдарлама арнайы алгоритмге сәйкес заң бұзушылықты анықтайды. Бұдан кейін полиция қызметкері тексеру жүргізіп, электронды цифрлы қолтаңба арқылы ұйғарымға қол қояды. Барлық факті Бас прокуратураның құқықтық статистика және Арнайы тіркеу комитетінің әкімшілік істер бойын­ша бірыңғай реестріне бірден тір­келеді», деді құзырлы орган мамандары.

Алдағы уақытта Деректерді өңдеу орталығының қызметі кеңейеді деп көз­деліп отыр. Қала әкімінің мін­детін атқарушы Димитрий Гариков айт­қандай, қазір бейнебақылау камералары 88 оқу орны мен шаһардың бірқатар шағын ауданында жұмыс істеп тұр.

«Бұдан басқа, мұнда тағы бір қызмет – Komek 109, яғни барлық қа­лалық коммуналдық кәсіпорынның бірыңғай апатты қызметі орналасатын болады. Қала көшелерінен түсетін ақпарат орталық пультке келіп, кері байланыс орнайды. Алдағы уақытта осы жүйе Семей және бүкіл өңір бо­йынша жұмыс істейтін 112 қызметімен біріктірілмек. Оның құрылымына 101, 102, 103 қызметтері қосылады», деді Д.Гариков.

«Сергек» жүйесі оқиға орнына жақын орналасқан патрульдік және қызметтік автокөліктерді анықтап, оларды хабарландырып отырады деп нақтылады әкімдік өкілдері.

 

Абай облысы