• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Спорт 29 Қыркүйек, 2022

Ларамен жұдырықтасу міндеттелді

163 рет
көрсетілді

Дүниежүзілік бокс ассоциациясы (WBA) орта салмақтағы WBA Super чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин (42-2-1, 37 КО) мен дәл осы салмақ дәрежесіндегі WBA World белбеуінің иегері кубалық Эрисланди Лараға (29-3-3, 17 КО) бір-бірімен жекпе-жек өткізуін міндеттеді.

Ұйым басшылығы былғары қолғап шеберлеріне бокс кешін ұйымдастыруға 30 күн уақыт берді. Егер тараптар 23 қазанға дейін ортақ мәмілеге келе алмаса, онда аталған жекпе-жек­ті про­моутерлік бәс саудаға шы­­ғарады. Алдын ала мәлімет бо­йын­ша Головкин өзіне тие­сілі WBA белдігін қорғауға келісімін берген жағдайда әлем чемпионы ретінде жекпе-жектен түсетін та­быстың 75 пайызына иелік ете­ді. Ал 25 пайызға кубалық қа­былан келісе ме? Міне, бокс­шылар бір ай бойы осы әңгіме төңірегінде келіссөз жүргізеді.

Бокс мамандары қандай жағ­дай болса да, Головкин бұл жек­пе-жектен екі түрлі себеппен бас тарта алмауы мүмкін еке­нін айтып отыр. Біріншісі – жоғарыда айтып өткендей, қар­жы мәселесі. Яғни аталған ай­қаста отандасымызға жап-жақсы гонорар ұсынылып отыр. Егер ол чемпиондық белдігінен бас тартып, басқа боксшылармен жұ­дырықтасуды құп көрсе, онда жоғары гонорар алатынына ешкім кепілдік бере алмайды.

Екінші себеп, WBA ұйымы Головкинге белбеуін осы жыл­дың күзінде қорғауды міндет­теген болатын. Алайда отан­дасы­мыз мексикалық Сауль Аль­вареспен үшінші жекпе-же­гін өткізетін болғандықтан, оған мін­детті белдік қорғауды бір жолға кейінге шегеріп, арнайы рұқсат берген еді. WBA бас­шылығы қазақстандық бокс­шыға екінші рет мұндай мүм­кіндік берілмейтінін айтып отыр.

Айта кетейік, Геннадий Го­лов­кин WBA Super чемпион­дық белбеуін биыл жеңіп алған болатын. Осы жылдың сәуір айында отандасымыз Жапонияда жергілікті боксшы Рета Мура­тамен жұдырықтасып, оны то­ғызыншы раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірген-ді.

Ал 39 жастағы Лара 2021 жылдың мамырынан бастап WBA World титулына иелік етеді. Былтыр ол АҚШ-тың Ка­ли­форния штатында өткен бокс кешінде америкалық Томас Ла­ман­наны (30-4-1) бір жарым минуттың ішінде есінен тандырып, чемпиондық белдікке қол жеткізген еді. Бұл – Лараның орта салмақтағы алғашқы жек­пе-жегі болатын. Арада бір жыл өткен соң Эрисланди WBA World белбеуін бірінші рет қорғады. Нью-Йорк­тегі Barclays Center спорт кеше­нінде ұйымдастырылған бокс кешінде ирландиялық Гари О’Салливанмен қолғап түйіс­тіріп, 8-раундта техникалық нокаут­пен жеңіске жетті.

Головкиннен тұп-тура бір жас кіші Эрисланди Лара 1983 жылдың 11 сәуірінде Кубаның оңтүстік-шығысындағы шағын қалада дүниеге келген. Әуесқой бокста мол тәжірибеге ие бол­ған Лара 2005 жылы әлем чемпионатында 69 килода топ жарса, 2006 жылы Орталық Аме­рика және Кариб теңізі жа­ға­лауының ойындарында алтыннан алқа тақ­ты. Одан бө­лек бірқатар ха­лық­аралық ірі тур­нирде оза шап­қан.

2005 жылы Қытайдың Мяньяне қаласында өткен әлем чемпионатында кубалық бокс­шы кіл мықтыларды жолдан тайдырып, барша жанкүйер ал­дында өз мықтылығын дәлел­деген болатын. Сол жылғы жаһандық доданың алғашқы айналымында ол украиналық Сергей Деревянченконы 30:9 есе­бімен тізе бүктірсе, екін­ші айналымда кейіннен Олим­пиада (2008) және әлем чем­пионатының (2009) күміс жүлдегері атанған үндістандық Виджендер Сингх­тен, үшінші кезеңде ресейлік Андрей Бала­нов­тан айласын асырды. Ши­рек финалда америкалық Мел­сон Бойдты жарыс жолынан ығыстырса, жартылай финалда Афина Олимпиадасының чемпионы болған қазақстандық Бақтияр Артаевты 31:22 есебі­мен жеңіп, финалдық сайысқа жолдама алды. Бас жүлде үшін өткен айқаста Беларусь өкілі Ма­го­мед Нурутдиновты 24:9 нәти­­жесімен қапы қалдырып, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.

2007 жылы Бразилияда өт­кен Панамерика ойындары кезінде Лара ұлттық құрамадағы әріптесі, Олимпиада чемпионы Гильермо Ригондомен бір­ге кәсіпқой бокста өнер көр­се­тіп, мол қаржыға кенелу үшін Америкаға қашуға ты­рысады. Алайда бірнеше күн­нен кейін Ригондо мен Лара құқық қор­ғаушылардың құры­ғына ілініп, оларды Кубаға депортациялап жібереді. Осы оқиғадан кейін Куба басшысы Фидель Кастро Лара мен Ригон­доны ұлттық құрамадан шет­тетуді тапсырады. Алайда арада бір жыл өткенде Лара екінші рет елден қашуға талпынып кө­реді. Бұл жолғы ұмтылысы сәт­­ті жүзеге асып, ол Германияға та­бан ті­рейді. Бұл жақта ол Одла­ньер Солис, Юриоркис Гам­боа және тағы басқалар сияқ­ты қаш­­­қын­дардың қатарына қо­сылады.

Сөйтіп, Эрисланди 2008 жыл­дың соңына дейін Түркия мен Германияда бір-бір жекпе-жек өткізіп, келесі жылы АҚШ-қа қоныс аударды. Сол уақыттан бері ол кәсіпқой бокс­­та 34 кездесу өткізіп, 28 рет же­ңіске жетті. Үш жекпе-жек­те қарсыласымен тең түссе, тағы үш кездесуде же­ңіліп қалды. 2011 жылы аме­рика­лық Пол Уильямстан, 2014 жылы мексикалық Сауль Аль­ва­рестен және тағы бір АҚШ өкілі Джарретт Хёрдтен ұпай сан­дары бойынша ұтылған.

Сондай-ақ ол әр жылдары бірінші орта салмақта WBA тұ­жы­рымының супер чемпионы, IBO белдігінің иегері атанған.