• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 30 Қыркүйек, 2022

Туризмнің төрт құбыласы түгенделіп келеді

173 рет
көрсетілді

Еліміздегі туризм саласының көшін бастар көрікті өңірдегі бүгінгі ахуал туралы сөз сабақтар алдында мүмкіндіктің мол екендігін, бүгінгі таңда табиғаттың тамаша тартуын барынша тиімді пайдаланып, бар істі ілкімді үйлестіру бағытында біршама қадам жасалып жатқандығын айтуға болады.

Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қол­дың саласындай ақ қайыңдар көмкерген, мәңгі жасыл қара­ғайлар алыстан қол бұлғап, қой­науына шақырып, қырына же­телейтін жер жәннатының туризм саласындағы бүгінгі табысы қомақты. Бұл табысты есе­лей түсуге де әбден болады. Ол үшін әлі де болса, туристерге көрсетілетін қызметті жетілдіре түсуіміз қажет. Өткен жылдары жалпақ әлемді жарты тарының қауызына сыйғызардай қатерін төгіп, қасіретін арқалатқан жаман тұмаудың кезінде өңірге келетін туристер саны әжептәуір сейілді. Әйтсе де, жаман тұмау жайлаған уақытта да адамдар дертіне дауаны табиғаттан іздеді. Көкірегің қанша жұтса да тоймайтын мөлдір ауасын жұтып, дертіне дауаны осы жерден тапты. Биыл қауіп біршама сейілген соң Бурабай баурайына, жалғыз Бурабай ғана емес, Көкшетау мен Қорғалжынның арасында кең көсілген жұмақ жерде тынығуға асыққандар аз болған жоқ.

– Жалпы, туризм саласы өңір­дің табысына мол үлес қо­суда. Нақтырақ айтатұғын бол­сақ, өңірдің экономикасына табыс ретінде 6,3 миллиард тең­ге қаржы құйылады, – дейді об­лыстық туризм және демалыс индустриясы қауымдастығының төрағасы Шынарбек Батырханов, – бұл табысқа өңірдегі табиғи ресурстардың әлеуеті мүмкіндік беріп отыр. Мысал үшін Щу­чинск – Бурабай курортты айма­ғын алайық. Бұл аймаққа тамыл­жыған табиғатымен әлемге әйгілі Бурабай мен Біржан сал аудан­дарының әсем де айшықты, әдемі де құйқалы өңірлері кіреді. Елорда маңындағы дема­лыс аймағына Аршалы, Ақ­көл, Шортанды, Целиноград аудан­дарының маңындағы таби­ғат аялары жатады.

Ежелгі тарих тылсымы, елі­міздің өткеніндегі өрнекті із қызықтыратын адамдарды Қорғалжынның күміс көлдерінің бұйра толқындары шақыратын болса, ежелгі Ерейменнің бауыры рухани байлықты еселейтін-ақ жер. Әр төбесі мен әр белесінің астында ел тарихының тылсым сыры бұғып жатыр. Бұл арада бір айта кететін дүние, бүгінгі турист ақ айдынға шомылып, қарағайлы қалың орманның ауасы­н жұтып қана қоймайды, көзі ашық, көкірегі ояу келушілер ілкі замандағы бабалардың басып кеткен ізінен бүгінгі елді ұйыстыратын, жақсылыққа бастайтын жасампаз деректің сорабын аңдайды. Міне, осындай білмекке құмар адамдар үшін ежелгі Ереймен баурайы таптырмайтын өлке екендігін тағы бір таратып айта кетсек, артықтығы болмас. Бұл өлкеде әсіресе, жас ұрпақты Отанды сүйе білуге, туған жердің қасиетін ұғына білуге баулайтын әдемі аңыз тұнып тұр. Аңыз емес, шындық. Арада қанша кезеңдер өтсе де, уа­қыт шымылдығы сәл ғана көлегейлеп жапқанымен, асыл дү­ниені аршып алуға болады. Өңір­де шебер суретші сал­ған ғажайып сурет тәрізді таби­ғат­тың көркем келбеті аз емес. Мәселен, Зеренді, Сандықтау, Бұлан­ды аудандарында тұмса та­­биғаттың тұнығы сақталып қалған. Бұл өңірлерде туризм әлеуе­тін дамытуға, кеңінен қанат жай­дыруға әлі де мол мүмкіндік бар.

– Туризм саласында барлығы 600-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Сәл таратып айтатын бол­сақ, оның 344-і туристерді ор­на­ластыру нысандары, – дейді Шынарбек Бүркітбайұлы, – оған қоса, 16 санаториялық-ку­рорттық мекеме бар. Соңғы уа­қытта жол бойындағы қызмет көрсету нысандары да уақыт талабына сай жаңғыртылуда. Бұл орайда, 186 жол бойындағы қызмет нысандарының жұмыс істеп тұрғандығын айта кетуге болады. Әрине, бұрын-соңды киелі, көркем өңірге ат басын бұра қоймаған адамдардың бағдар алуы қиындау ғой. Бұл мәселе де өз ретімен шешіл­ген. 46 лицензияланған турис­тік фирмалар жыл бойына үз­діксіз жұмыс істейді. Үсті­міз­дегі жылдың алғашқы екі тоқсанының қорытындысы бойынша мынадай деректерді келтіре кетсек болады. Мәселен, курортты аймаққа келушілерді орналастырумен айналысатын орын саны өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, 102 пайызға жоғары. Қызмет көрсету орындары 181,4 мың адамды қамтып үлгерді.

Бұл орайда да 128,2 пайыз ілге­рілеу бар екен. Ағымдағы жыл­дың жеті айының қоры­тындысы бойынша негізгі ка­питалға құйылған инвестиция көлемі 5,6 миллиард теңге. Жалпы, инвестиция бойынша 75 жоба іске асырылуда екендігін айтатұғын болсақ, көрікті өңірдің шырайын келтіру орайында тәп-тәуір жұмыс атқарылып жа­тыр. Туризм нысандарына 13,3 миллиард теңге инвести­ция қаржысы бағытталды. Басқа салаларға да қомақты қар­жы құйылып жатыр. Бір айта ке­терлігі, туризм саласын дамыту арқылы жаңа жұмыс орындары ашылатындығын естен шығармауымыз керек. Бұл да өте ма­ңызды. Айталық 2021 жылы туризм нысандарында 800-ге жуық жұмыс орны ашылса, үс­тіміздегі жылы бұл көрсеткіш 904-ке жетпек. 2022 жылдың сегіз айы­ның қорытындысы бойын­ша инвес­тициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 153 жұмыс ор­нының ашылғандығын айта кетуге болады.

Соңғы жылдары сакральді, мәдени-танымдық, аңшылық бағытында қолға алынып жатқан шараларды айта кетуіміз керек. Экотуризм біртіндеп дамып жатыр. Өңірде жұмыс істейтін туристік фирмаларға өтініш айтушылар саны өсе түсуде. Туристерге жақсы жағдай жасау мәселесі де шешілуде. Щу­­чинск –Бурабай курортты ай­мағын дамыту жоспары үш кезеңге бөлінген. Көлік-логис­тика­лық және инженерлік инфра­құрылымды дамыту, қауіп­сіздікті қамтамасыз ету бағы­тында 16 іс-шара қолға алынған. Бұл іс-шараларға 21 миллиард теңге қаражат бағыт­талған. Межеленген іс-шара­лардың басым бөлігі аяқ­талды, 16 жоба орындалу үстінде. Қазіргі уақытта Бура­бай кентінің кәріз жүйесінің құрылысы Щучинск қаласының ауылішілік су құбырлары же­лілері, Қатаркөл кәріз коллекторы тәрізді бірқатар іс-шаралар мұқият атқарылды. Сөз арасында жаңа жобалардың курортты аймақтың кескінін бұрынғыдан да жақсартып, келімді-кетімді туристерге өте қолайлы жағ­дай туғызатындығын айта ке­туіміз керек. 2019 жылдан бас­тап елімізде туристік саланы дамытудың 2019-2025 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылып жатыр. Осы бағдарлама аясында 2021 жылды қоса алғанда, мемлекеттік және жеке инвес­тиция көлемі 28531,6 млн теңгеге жетті. Сәл ғана тарататын болсақ, республикалық бюд­жеттен 10191,7 млн теңге, жеке бизнес­тен 903,85 млн теңге бөлініп отыр. Ағымдағы жылдың ал­ғашқы жартыжылдығында жалпы сомасы 5,6 млрд теңгенің іс-шаралары жүзеге асырылды. «Бизнестің жол картасы-2025» аясында туризм саласының жеті жобасын жүзеге асыру үшін 52,9 млн теңге несие берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жалпы құны 2,1 млрд теңге болатын екі жоба жүзеге асырылуда. «Wyndham Garden» қонақ үйінің құрылысы мен «Ақ желкен» пансионатын қайта жаңғырту жобалары қолға алынуда. Облыс әкімдігінің ұсынысы бойынша Зеренді курорттық аймағы республикалық деңгейдегі турис­тік аумақтар тізбесіне кірді. Алдағы уақытта табиғаттың өзі сыйға тартқан мол мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланылмақ.

 

Ақмола облысы