• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 02 Қазан, 2022

Көкшедегі жәрмеңке

207 рет
көрсетілді

Жылдағы дәстүрмен Көкшетауда ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өте бас­тады. Аудандардағы шаруашылық өкілдері облыс орталығына жалпы құны 68 млн теңге болатын 65 тонна әртүрлі өнім әкеліп, сауда көрігін қыздырды.

Қала тұрғындары таңертең жәр­мең­ке өтетін Тәуелсіздік алаңына қарай ағылды. Бұл жолы Зеренді, Ақкөл, Біржан сал тәрізді жеті аудан мен «Көкше» ӘКК» АҚ жүзге жуық өнді­рушілерінің сауда сөресіне шы­ғарған азық-түлік тауарларының сапасы да, бағасы да көп көңілінен шықты. 29 тоннаға жуық ет және ет-шұжық өнімдері, 1,5 тонна балық, 130 мың дана жұмыртқа, 6 тоннадан астам сүт пен сүт өнімдері, ұн, картоп, көкөніс тәрізді ұзын-ырғасы қырыққа жуық өнім түрлері ұсынылды.

– Жәрмеңкедегі өнімнің бағасы нарықтық бағадан әжептәуір арзан, – дейді қала тұрғыны Есенбай Қонысбаев. – Мәселен, сиыр етінің бір килосы 2 мың теңгеден, сүттің бір литрі 200-250 теңгеден сатылды. Ал картоптың бір килосын небәрі 80 теңгеден алуға болады. Қала тұрғындарына көп-көрім көмек. Әрі-беріден соң ауыл еңбеккерлерінің қала тұрғындарына қол ұшын беруі ел ішіндегі бекем бірлікті көрсетеді. Ішкен-жеген түске жетпегенімен, азық-түліктің бағасы аспандап тұрғанда, арзан өніммен дастарқанымызды май­лаған сәт есімізде жүреді ғой.

Жәрмеңкеде тұрмыстық тауарлар да сатылды. Ел ішіндегі қолөнер шеберлерінің ағаштан жасаған түрлі бұйымдары, тері және жүн өнімдері, тіпті қалалықтар зәру болып отырған отын, мал жемі, шөп те бар. Бұл жолғы жәрмеңкенің қыраулы қыстың алдында ұйымдастырылуы халыққа біршама пайдалы болғаны сөзсіз. Тағы бір айта кетерлігі, жәрмеңкеде жұртқа ұсынылған өнімдерді дүкен сөрелерінен кезіктіре алмас едіңіз. Сол жағынан да ұтымды әрі нарық бағасынан 15-20 пайызға төмен.

– Осы жолғы жәрмеңкеге келген адам­дар өте көп болды, – дейді Көкше­тау қаласы әкімінің орынбасары Азамат Ысқақов. – Ал келе алмағандар болса, алдағы уақытта да бірнеше осындай ша­ра өткізетінімізді ел есіне салғым ке­леді. Барымен бөлісіп жатқан ауыл шаруа­шылығы құрылымдарына мың алғыс.

Қоңыр күздегі сұрғылт тартқан Көкшетау аспанын шулы жәрмеңкеден бусанып шығып жатқан жан жылуы жылытып тұрғандай.

 

КӨКШЕТАУ