Батыс Қазақстан облысындағы көші-қон ахуалы мен Ресей Федерациясымен шекарадағы жағдайды жергілікті билік орындары мұқият назарда ұстап отыр.
Соңғы күндері қалыптасқан жағдайға байланысты Батыс Қазақстан облысы аумағындағы 6 шекаралық кеден бекеті Ресейден келіп жатқан мигранттар тасқынының астында қалды. Ресми мәліметтерге қарасақ, 21 қыркүйектен бері өткен бір апта ішінде облыс аумағына 6 283 Ресей азаматы келген екен. Бұл Ресей Федерациясынан 2021 жылы 12 айда келгендер санынан артық.
Мұндай жағдайда не істеу керек?! Облыс әкімдігінде шекара мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылып, қазір қалыптасқан және болашақта болуы ықтимал қиындықтар мен түйткілдерді талқылап, нақты шешімдер қолға алынып жатқанын бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.
«Ресейден келіп жатқан мигранттар тасқыны толық бақылауда, шекарадан өткен шетелдіктер мәселесіне мониторинг жасалып отыр. Өңірде қоғамдық тәртіп сақталуы үшін тиісті шаралар қолға алынды. Қазақстан мен Ресей арасындағы Сырым, Шаған, Тасқала кеден бекеттерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Ол жерде 35 адам қызмет атқаруда. Облыс орталығында және өңірде азық-түлік бағасы бақыланып, ірі сауда орындары мен базарларда күн сайын тексеру жүргізіледі», деген еді облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.
Шекарадағы ұзын-сонар кезек екі ел арасында қарым-қатынас жасап жүрген Қазақстан азаматтарына да қиын тиді. Олар біздің елге ағылған ресейлік мигранттармен бір кезекте тұрып, бірнеше тәулік жоғалтқан. Олардың арасында Еуропадан, Ресейден жүк алып келе жатқан отандық кәсіпкерлер де аз емес.
– Қазіргі уақытта ең маңызды мәселе – Ресеймен шекарадағы Қазақстан азаматтарын елге қайтару. Өңір басшысы Ғали Есқалиев Ресей шекара ведомствосымен бірге шекара қызметі департаментіне біздің азаматтарымызға көмек көрсету бойынша мәселені шешуді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі осы проблеманы шешу бойынша Қазақстан Үкіметіне ұсыныстар жіберді, олар қазірдің өзінде жедел түрде қаралуда, – деді Бақытжан Хаберұлы.
Тағы бір маңызды міндет – Батыс Қазақстан облысы аумағында қалған Ресей Федерациясы азаматтарын дер кезінде есепке алу мәселесі. Заң бойынша шетелдіктерді қабылдаушы тарап ол азаматтар жөнінде үш тәулік ішінде полиция органдарына хабарлауға тиіс. Сондықтан көші-қон қызметі жергілікті халық пен мигранттардың құқықтары мен жауапкершілігіне байланысты түсіндіру жұмысын күшейтіп, қажетті ақпарат СМС арқылы таратылды. Сондай-ақ полиция және мемлекеттік кірістер департаменттері пәтерін заңсыз жалға беріп отырған тұрғындарды анықтап, заңнамаға сәйкес шаралар қабылдауға кірісті. Цифрлық технологиялар басқармасының қызмет базасында көші-қон заңнамасы мәселесі бойынша мигранттар мен жалға берушілерге 109 нөмірі бойынша кеңес беру ұйымдастырылды.
Өңір басшысы Қазақстан азаматтарының да, көшіп-қонушылардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін ерекше айтты. Сондықтан полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режімге көшірілді. Облыс әкімінің орынбасары өңірде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында құрылған халық жасақтары полиция департаментінің қарамағында екенін мәлімдеді.
Қазіргі таңда еріктілерден құрылған бірнеше топ облыс орталығындағы алаңға, парктерге бақылау жасап, мониторинг жүргізуде. Облыстағы еріктілер Ресейден келгендерге темір жол және автобус бекетінде, «Дина» супермаркетінде көмек көрсету орындарын ұйымдастырып, қол ұшын беруде. Мигранттарды шекарадан Оралға және одан әрі жеткізу орындарына дейін тасымалдау жүргізілуде. Облыс еріктілерінің бастамасымен «Атамекен» және «Самал» жазғы лагерьлерінің базасында келушілерді ақылы түрде қабылдау пункттері (барлығы 330 орын) ұйымдастырылды.
Сараптамаға қарағанда облыс аумағына келген шетелдіктердің басым бөлігі одан әрі басқа өңірлерге кетіп жатыр. Сондықтан әлеуметтік желілерде еліміздің басқа өңірлеріне жүретін тұрақты автобус маршруттарының қозғалыс кестесі, жолақы бағасы туралы ақпарат таратылды. Мысалы, қалыптасқан жағдайға байланысты Атырау қаласына жолаушылар автобусы бұрын күніне бір мәрте жүрсе, қазір күніне үш рет қатынауда.
«Сондай-ақ барлық пойыз бағыттарына қосымша вагондар тіркеу, әуе рейстерін көбейту жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қажет болған жағдайда мониторинг және жедел шаралар қабылдау үшін дербес штаб құрылатын болады. Облыс әкімі азық-түлік тапшылығына жол бермеуді және тауарлардың тұрақты болуын қамтамасыз етуді тапсырды, дейді Б.Нарымбетов.
Батыс Қазақстан облысы