• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 03 Қазан, 2022

Адам саудасына – ауыр жаза

451 рет
көрсетілді

Жақында шымкенттік полиция қызметкерлері құрамында 11 мүшесі бар ұйымдасқан топтың қылмысын әшкереледі. Бұл топ біраз уақыттан бері Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларының аумағында адам сатумен айналысқан. Ең сорақысы, қылмыстық топ «жыныстық құлдыққа» жегу үшін кәмелетке толмаған жеткіншектерді де аяусыз саудаға салып келген.

Қылмыстық топтың жас қыз­дарды құрықтарына түсіру тәсілі өте қарапайым. Ол үшін әккілер әлеуметтік желінің мүмкіндігін жақсы пайдаланған. Ұйымдасқан қылмыстық топ «ВКонтактеде» елі­міздің түрлі қалаларына жұмысқа қабылдау жүріп жатқаны туралы жарнама жариялап отырған. Әсіресе бойжеткендерді «өте қолайлы еңбек жағдайы жасалған», «жалақысы жоғары» деген жарнамаларымен «баулап алған». Өтіріктеріне се­ніп қалған қыздардың алдында біраз «абырой жинап алғаннан» кейін қаскөйлер құрбандарының құжаттарын тартып алып, өздерін жезөкшелікпен айналысуға мәж­бүрлеген. Осылайша, қыздарды үш қаланың жалдамалы пәтерлері, сау­налары мен қонақүйлерінде саудалаған топ «тірі тауарларын» бір-бірімен алмастырып, түскен табысты өзара бөлісіп келген.

Қарсылық танытып, айтқан­дарына көнбегендерді соққыға жы­­ғып, зорлық-зомбылық көр­сет­кендерімен қоймай, бопсалап, ойдан шығарған айыппұлдарын салған. Мұнымен шектелмеген әлгілер «мінез көрсеткен» қыздар­ды есірткі қолдануға да мәжбүрле­ген. Қазір жеңгетайлықпен айна­лысқандардың бәрі қамауда отыр. Бұл жөнінде ІІМ ресми ақпарат та жариялады. Алайда бізді жағ­дайы жақсы жұмысқа тұрып, жо­ғары жалақы табамын деп жүріп мәжбүрлі түрде жезөкшелік жолға түскен жас қыздардың ендігі тағ­дыры не болады деген сұрақ маза­лайды.

ІІМ-нің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері елімізде адам сау­дасына қатысты 51 қылмыс тір­келген екен. Оның ішінде 7 оқиға Қылмыстық кодекстің 128-бабы, яғни адам саудасына қатысты бол­са, 6 іс кәмелетке толмағанды жез­өкшелікпен айналысуға тарту бо­йынша қозғалған.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қар­сы күрес департаментінің басшысы, полиция полковнигі Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, соң­ғы сегіз айда ішкі істер органдары Қылмыстық кодекстің 135-бабы кәмелетке толмағанды сату бойын­ша – 4, 308-бап жезөкшелік­­пен айналысуға тартуға қатысты – 5, 309-баппен, яғни жезөкшелікпен айналысу үшін притондар ұйым­дастыру немесе ұстау бойынша 27 оқиға әшкерелеген.

«Елімізде адам саудасына, әсі­ресе әйелдер мен балаларды сату­дың алдын алуға ерекше ден қо­йы­лып отыр», деген полиция пол­ковнигі бұл бағытта қолға алын­ған іс-шараларды, нақты айтқанда заң­намалық тұрғыдан жасалған нақты қадамдарды атап өтті.

ІІМ өкілінің сөзіне қарағанда, қазіргі таңда Қазақстан адам құ­қықтары саласындағы 60-тан астам көпжақты шарттың қатысушысы. Бұл шарттардың 13-і халықара­лық конвенция болып саналады. «Шарттар мен келісімдердің маз­мұны құлдықтың қазіргі заманғы нысандарына қарсы іс-қимылға тіке­лей байланысты. Мұндай құ­жат­тардың ішінде балаларды сау­далауға, балалар жезөкшелігіне және балалар порнографиясына қатысты Бала құқықтары туралы конвенцияға факультативтік хаттама, БҰҰ-ның Адам саудасына және үшінші тұлғалардың жезөкшелікті пайдалануына қар­сы күрес және құлдық туралы, сон­дай-ақ трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциялары бар», дейді Қ.Нұрмағамбетов.

Полиция қызметкерлері адам саудасына қатысты қылмыстардың ішінде трансұлттық ұйымдасқан топтардың заңсыздығын әшкере­леу, құлдыққа түскен құрбандар­дың құқығын қорғау айтарлықтай күш пен кәсібилікті әрі қаражатты қа­жет ететінін жасырмайды. «Себебі трансұлттық адам саудасына байланысты қылмыстарды ашуда ше­телдік құқық қорғау органдарымен тікелей жұмыс істеуге тура келеді. Ол үшін, әрине, ең алдымен уақыт және өзара ынтымақтастықты рег­ламенттейтін үкіметаралық жә­не ведом­ствоаралық келісімдер қа­жет», дейді департамент басшысы.

«Жедел іздестіру, жедел анық­тамалық, криминалистикалық және мұрағаттық ақпаратпен алмасу; сұ­рау салулар мен тапсырмаларды орындау; прокурордың санкция­сын талап етпейтін жедел іздестіру і­с-шаралары мен тергеу әрекетте­рін, ірі ауқымды жедел алдын алу және арнайы операцияларды жүргізу – осылардың барлығы айтуға оңай болғанымен тыңғылықты да­йын­­­дықты, кәсіби біліктілік пен мық­­ты заңнамалық базаны та­лап етеді. Мәселен, қылмысқа қар­сы күресте шекара маңындағы елдер­дің құқық қорғау органдарымен ын­тымақтастық қолданыстағы келі­сімдер мен қылмысқа қарсы күрес­тің 2019-2023 жылдарға арналған мемлекетаралық бірлескен шаралары шеңберінде жүзеге асырылады. Бізде адам саудасына қар­сы күресті күшейтуге бағытталған заң­­намалық база жеткілікті. Бүгінде адам саудасы әлем елдерінің өзекті мәселесінің біріне айналып отыр. Сондықтан бұл қылмыстың алдын алуды және болдырмауды мақсат тұтқан мұндай база қажеттігіне қарай жетілдіріліп отырады», деді ІІМ өкілі.

Естеріңізде болса, 2006 жылы «Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне адам саудасына қарсы іс-қимыл мә­се­лелері бойынша өзгерістер мен то­­лықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Бұл құжат – елі­­міздің адам саудасына қарсы кү­рес жөніндегі халықаралық мін­деттемелерді орындау бойынша жа­саған алғашқы қадамының бірі. Ал 2010 жылы Қылмыстық ко­декс­ке кәмелетке толмағандарды жез­өкшелікпен айналысуға тарту туралы жаңа 134-бап енгізілді. Сон­дай-ақ заңнамаға адамды қа­нау, мәжбүрлі еңбек, адамды қа­йыр­шылықпен айналысуға мәж­бүрлеу, коммерциялық емес сек­суалдық қанау, сондай-ақ кәме­летке толмағандарға қатысты ең­бек заңнамасын бұзғаны үшін жауап­кершілік ұғымдары енгізілді.

Еңбек кодексінде адам саудасына байланысты, атап айтқанда, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмысы үшін бұрын сотталған адамдармен еңбек шартын жасасуға шектеу қойылды. Осы заңның 26-бабының 2-тармағына сәйкес білім беру, тәрбиелеу және дамыту, демалысты ұйымдастыру және сауықтыру, дене шынықтыру және спорт, медициналық қамтамасыз ету, әлеуметтік қызметтер көрсету, мәдениет және өнер саласындағы ұйымдарда адам саудасы үшін сотталғандарға жұмыс істеуге жол берілмейді.

Сонымен қатар адам саудасы, кәмелетке толмағанды жезөк­шелікпен айналысуға тарту, кәме­летке толмағандарды сату, жез­өкшелікпен айналысуға тарту және жезөкшелікпен айналысуға ар­нал­ған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық бо­йын­ша жаза күшейтіліп, қос тараптың татуласу мүмкіндігі мүлде алынып тасталды. Бүгінде адам сау­дасына байланысты қылмыстар үшін Қылмыстық кодекстің 8 бабында, атап айтқанда 116, 125, 126, 128, 134, 135, 308-баптарында қылмыстық жауапкершілік көз­делген. Ең ауыр жаза мерзімі – 18 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу.

Қ.Нұрмағамбетовтің айтуын­ша, ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қа­рағанды академиясы адам саудасына қарсы күрес бойынша жыл сайын 200-ге жуық маман даярлап шығарады. Бұдан бөлек, жыл сайын академия базасында осыншама полиция қызметкері, оның ішінде жедел уәкілдер, көші-қон, ювеналдық полиция мен кезекші бөлімдердің инспекторлары біліктілігін арттырады.

«Елімізде адам саудасына бай­ланысты қылмыстардың алдын алу, болдырмау және оларға қар­сы күрес жөніндегі іс-шаралар жоспары дайындалған. Құжат шең­берінде адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қар­сы күрес мәселелері жөніндегі ве­домствоаралық комиссия жұмыс істеп келеді. Сондай-ақ 2020 жылдан бері облыстық департаменттер мен үкіметтік емес ұйымдар арасында ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Жыл са­йын жүйелі өткізіліп тұратын акциялар тағы бар. Тізбелеп отырған бұл жұ­мыстардың барлығы адам саудасын ауыздықтау үшін жасалып жатқан шаруалардың бір парасы ғана. Алайда әйелдер­дің әлсізді­гін, жеткіншектердің қор­ғансызды­ғы мен құқықтық сауат­сыздығын «ұтымды» пайдаланып отырған қылмыскерлер заман талабына сай амал-айлаларын да сан құбылтып отыр», дейді полиция полковнигі.

ТҮЙІН. «Ең ұят қылмыстардың бірі» саналатын адам саудасының жаһандық мәселеге айналғаны қазіргі таңда бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Жыныстық қанау мен мәжбүрлі еңбек жыл сайын миллиондаған адамның тағдырын күйретіп кетеді. Ең өкініштісі, адам саудасының әрбір бесінші құрбаны – балалар.