Қазақстанда жеке тұлғаның банкроттығын көздейтін заң жобасы дайындалып жатыр. Әзірге заң талаптарына қатысты нақты деректер жоқ. Дегенмен Қаржы министрлігі кейбір ақпарларды там-тұмдап таратады. Соның ішінде білетініміз – жеке тұлғаның банкрот атануы үшін үш негізгі нұсқаның бар екендігі.
Мемлекеттік кірістер комитеті берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Сисембаеваның айтуынша, заң жобасы қазір Мәжіліс депутаттарының қарауында жатыр.
«Мұндай заңды әзірлеуге халықтың шамадан тыс кредиттік ауыртпалығы мен жалпы қаржылық жағдайының нашарлауы себеп болды. Несие бюросының ақпаратына сәйкес, 7 млн-нан аса адамның банк пен микроқаржы ұйымдары алдында қарызы бар. Соның ішінде 1,5 млн-нан аса азамат несиелерін төлей алмай, 90 күннен асатын кешіктіруге ұшыраған. Ал қарызын өтемегеніне 5 жылдан асқан азаматтар саны 700 мыңнан асып жығылады», дейді М.Сисембаева.
Заңның жалғыз мақсаты бар, бұл – несиесін төлей алмай қиындыққа ұшыраған азаматтардың қаржылық жағдайын жақсарту. Мемлекеттік кірістер комитеті өкілінің сөзіне қарағанда, дүниежүзілік тәжірибені ескере отырып заң жобасын жасауда үш түрлі рәсім қарастырылып отыр. Ол – соттан тыс банкроттық, сот рәсімі және төлем қабілетін қалпына келтіру. Қай рәсімді қолданатынын жеке тұлғаның өзі таңдайды.
«Азаматтар соттан тыс банкроттықты қарызы 4,9 млн теңгеден аспаған жағдайда пайдалана алады. Ол үшін борышкерде мүлік болмауы, кіріс болмауы керек немесе кірісі ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспағаны жөн. Тиісінше, банктермен өз қарызын реттеу бойынша алдын ала жұмыстарды жүргізуі керек. Айта кету керек, бұл рәсім тек екінші деңгейлі банк, микроқаржы ұйымы және коллекторлық агенттіктер алдында қарызы бар адамдар үшін ғана қолжетімді», дейді ол.
Аталған рәсімді қолданғаннан кейін пайда болатын салдарды сарапшы былай тізбелейді. Соттан тыс банкроттықты қолданған азаматтың міндеттемелерінің мерзімі өткен болып есептеледі. Кредитор борышкерден міндеттемені орындауды талап ете алмайды. Тұрақсыздық айыбы, өсімпұл мен айыппұл есептелмейді. Мүлікті иеліктен айыруға болмайды және өзіне басқа міндеттемелерді ала алмайды. Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану үшін азамат электронды үкімет веб-порталы арқылы өтініш береді. Құжаттар қабылданғаннан кейін мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректеріне сәйкес азаматтың осы рәсімге сәйкестігі немесе сәйкес еместігі тексеріледі.
Ал сот банкроттығы рәсімін қарызы 4,9 млн теңгеден асқан азамат және басқа да заңды ұйымдардың алдында берешегі бар жеке тұлғалар пайдалануға құқылы.
«Бұл рәсім барысында жеке тұлғаның мүлкі сатылады және сатудан түскен қаражат кредиторлардың қарызын төлеуге жұмсалады. Әрине, өзінің бір кезектілігіне сәйкес. Мүліктің ішінде жалғыз баспана болса онда ол сараланады. Азаматтың жалғыз тұрғын үйі кепілзаты болса (мәселен, ипотека) онда сотты банкроттық барысында кредитор оны талап етуге құқылы. Ал егер жалғыз мүлкі (жалғыз баспанасы – ред.) еш жерде кепілде болмаса онда ешбір кредитор бұл мүлікке көз тіге алмайды. Баспана адамның өзінде қалады», дейді комитет өкілі.
Үшінші нұсқа – «төлем қабілетін қалпына келтіру» рәсімі. Ол үшін азаматта тұрақты кіріс және мүлік болуы қажет. Бұл рәсімді пайдалану аясында борышкерге қарызды 5 жыл мерзім ішінде бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылады.
«Бұл рәсім бойынша арнайы жоспар әзірленіп, аталған жоспар сотта бекітілуге тиіс. Жоспарды әзірлеуге қаржылық басқарушылар көмектеседі. Төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімінің артықшылығы – жеке тұлғаның мүлкінің сатылмай, борышкердің еншісінде қалу мүмкіндігі және банкрот деген мәртебе болмайды. Сондықтан банкроттықтың салдары да ол азаматқа қатысты қолданылмайды», дейді.
Яғни «төлем қабілетін қалпына келтіру» рәсімін пайдаланған азамат өзін-өзі банкрот деп жариялаған азаматтар санатына кірмейді. Әдетте, банкрот атанған борышкерлер бес жылға дейінгі мерзімде кредит рәсімдей алмайды, екінші мәрте банкроттық рәсімін тек 7 жылдан кейін қолдана алады және қаржылық жағдайы 3 жылға дейін тексеріліп тұрады. Сонымен қатар банкрот болған адамның қаржылық сауаттылық курсына қатысуы міндеттеледі. Уәкілетті органдар ұйымдастырылатын мұндай курстар тегін түрде жүргізіледі. Ал мұндай шектеулер төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімін пайдаланған азаматтарға қатысты емес.