• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
21 Мамыр, 2014

Іс-қимылдың уақыты немесе қаржы дағдарысынан соңғы жаңа әлемді құру

335 рет
көрсетілді

Жаһандық қаржы дағдарысы­ның басталғанына алты жыл өтсе де әлемнің көптеген бөліктерінде оның экономикалық, саяси жә­не әлеуметтік зардаптары әлі де се­зілуде. Шындығында да, АҚШ-та «ипотекалық дағдарыс» ретінде басталған құбылыстың зардаптарын жұмсарту үшін көптеген жұмыстар атқарылды: жаһандық банк жүйесі тұрақ­тан­дырылды, Еуропа валюта ода­ғы құлдырауына жол берілген жоқ және соңғы болжамдар әлемнің көптеген елдерінде сенімді өсімге қайта оралудың орын алып жатқандығын білдіруде. Дегенмен, дағдарыс әкелген қиындықтарды жете бағаламауға да болмайды. Көптеген өнеркәсіптік мем­лекет­­терде үкіметтік борыштар қауіп­ті көрсеткіштерге жетті, миллиондаған адамдар, әсіресе, жас ұрпақ жұмыстарынан айы­рылды. Жетекші орталық банк­тердің коммерциялық несиелеуді ынталандыру және экономиканы өсіру мақсатындағы белсенді интер­венциялары даму­шы елдерде қасақана болма­са да, айтарлықтай елеулі проблемалар туындатты. Осы орайда бір қуанарлығы, Астана экономикалық форумының шақыруы бойынша әлемдік жетекші сарапшылар жалпылай қамтитын дағдарысқа қарсы жоспар әзірлеуде. Онда өткеннің сабақтары ескеріліп, неғұрлым тұрақты және әділ өсім үшін негіз қаланатын болады. Мұндағы нұсқаулардың дәл ортасында халықаралық институттарды, ең алдымен, ХВҚ мен Дүниежүзілік банкті реформалауға деген үндеулер тұр. Бұл – шынымен де айқын мәселе. Азық-түліктің, индустриялар мен рыноктардың жаһандануының жедел алға басу аясында соларға сәйкес құқықтық және реттегіш шараларды әзірлеп, жүзеге асыруға қабілетті тиімді де жаһандық басқару институттары жүйесінің айтарлықтай дәре­жеде мешеулеп қалуы байқалу­да. Дамушы мемлекеттер ха­лық­аралық институттар мен тұғыр­намаларда тиісті деңгейде көрініс таппайынша, олар іс-қи­мылдар үшін қажет болатын жеткілікті өкілеттіліктерге қол жеткізе алмайды. Сонымен бір­ге, Дағдарысқа қарсы жоспар авторлары жаһандық сауданы кеңейтудің, бірінші кезекте ДСҰ келіссөздеріндегі Доха раундының даулы мәселелерін шешу жолымен кеңейтудің маңыздылығын аттап көрсетіп, АҚШ-ты, Қытай мен Еуропаны қауіпті жаһандық тепе-теңсіздіктермен күресте шаралар қабылдауға белсенді түрде шақырады. Сонымен бірге, бұл салада жедел прогресс болады деп үміт­тену асығыстыққа жатар еді. Қалыптасқан мүдделер мен жаһандық басқару реформасының күрделілігі едәуір уақыттар жұм­сауды қажет етеді. Ал «бұйыр­ғанын көрерміз» сияқты халық­аралық деңгейдегі прогреске ғана бағдар ұстанатын артын күту қағидаты әншейін уақытты босқа шығындау болып табылмақ. Сондықтан, мәселен, кли­мат­тың өзгеруі сияқты жаһан­дық сипаттағы шешуші сын-қатерлерге әр ел өз күш-жігері­мен қарсы тұру үшін қолдан келгеннің бәрін жасағаны орын­ды болмақ. Кез келген «Дағ­дарысқа қарсы дүниежүзілік жоспар» халықаралық деңгейдегі бастамалардың жүйелі жиынтығы мен ұлттық деңгейдегі тиімді басқару арасында саламатты тепе-теңдік орнаған жағдайда ғана өз жемісін береді. Бір ұрпақ өмірі шеңберінде өз экономикаларын кең ауқымды жаңғыртуға қол жеткізген елдер­дің, мейлі ол Канада, Австра­лия, Сингапур, Оңтүстік Корея немесе Израиль болсын, «табыстарының тарихын» мұқият оқып, зерттеген адам оның табысты қайталау үшін пайдалы рецептер жиынтығын анықтай білуге қабілетті. Олардың көбін Қазақстан сияқты елде де оп-оңай қолдануға болады. Ең алдымен, пайдалы қазбалар қоры бай елдер зерттеу мен даму саласына мемлекеттік және жеке инвестицияларды тарту негізінде экономиканы әртараптандыру және жаңғырту арқылы табиғи ресурстарға деген тәуелділікті қысқартуы керек. Шағын және орта кәсіпорындардың өсуі және экспортқа шығуы үшін жағдайлар жасаған жөн. Қажет деген жердің бәрінде коммерциялық банктердің баланстық ведомстволарын тазар­тып, саламатты несиелік бел­сен­ділікті қамтамасыз ету үшін тиімді институттық қаржы инфрақұрылымын қалыптастыру қажет. Сондай-ақ, халықтың әлемдегі қазіргі өсімі ырғақты өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы сияқ­ты стратегиялық маңызды сала­ларға бағдар ұстана отырып, мемлекет пен жекеменшіктің бірлескен іс-қимылдарының жоспарын әзірлеудің де маңызы зор. Суды қоса алғанда, энергия мен ресурстардың барлық түр­лерінің шығындарын қысқарту қажет, оның өзі экономикада ау­қымды қаржыны үнемдеуге, ақ­шаны үй шаруашылығы үшін сақтап қалуға және климаттың өзгеру тәуекелін және басқа да көкейкесті табиғи катаклизмдерді төмендетуге үлес қосуға жағдай жасайды. Оның сыртында білім беруге және біліктілікті арттыруға инвестициялар салу жаһандық білім экономикасын дамыту үшін неғұрлым құнды ресурс болып табылады. Ақыр соңында, біз бұрынғы және қазіргі дағдарыстардан тұ­рақты өсу мен орнықты даму үшін мемлекет пен оның инс­титуттары тарапынан тиімді басқарудың мейлінше маңызды екендігі туралы пайдалы сабақ аламыз. Заң үстемдік құрған жерде инвесторлар ұзақ мерзімді капитал сияқты шектеулі, сон­дықтан да құнды ресурстар салу­ға, сонымен бірге зияткерлік меншіктерімен бөлісуге дайын болады. Талантты адамдар старт-аптарды инвестициялау тиімді деп тапса, жергілікті кәсіпкерлер өз компанияларын дамытуға мүдделі болмақ. Сыбайлас жемқорлықпен және парақорлықпен үнемі күрес жүріп жатқан жерде іскерлік ахуал да өркендей түсетін бола­ды. Елде салық салу жүйесі мен зейнетақымен қамтамасыз етудің сенімді, тиімді және мөлдір жүйесі қалыптасқан жағдайда билік университеттер, мектептер, қазіргі заманғы инфрақұрылым сияқты қоғамдық игіліктерге инвестициялар салуға қажетті қаржыларға қол жеткізсе, жергі­­лікті капитал рыногы жеке сектор­ды дамытуды ресурстармен қам­та­масыз ете отырып, дамуға жол ашады. Мен үшін мына төмендегілер біздің уақыттың шешуші сын-қатерлері болып табылады. Олар: бұлжымас жаһанданудың үнемі жедел туындап отыратын сын-қатерлерінің тиімді алдын алуға жағдай жасайтын көпжақты және халықаралық көзқарастар тұрғысында тоқтаусыз жұмыс істеу және сонымен бірге, тек өркендеген елдер мен табысты ұлттардың ғана мүмкіндіктер мен саяси күшке ие бола алатынын, осылайша жаһандық басқару құрылымын жетілдіруге, сол арқылы жаңа және үздік әлем құруға өз үлесін қоса алатындығын түсіну. Томас МИРОВ, Еуропа Қайта құру және даму банкінің бұрынғы президенті.