Талдықорған қаласында Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің жүлдесі үшін ІV Халық спорты ойындарының жалауы көтерілгелі де біраз күн болды. Осы шарапатты шара кешегі күні “Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан” акциясымен жалғасып, Елбасы аллеясына жиналған жастар қатары едәуір болды. Әсіресе, облыстық “Жасыл ел” жасақшылары мен “Жас Отан” жастар қанаты “Елбасымен біргеміз, берік біздің іргеміз” атты жастар акциясының ауқымын кеңейтіп, бұл күнді ерекше ынта-ықыласпен өткізді.
Осы бағытта Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің саябағына көктемде отырғызылған мыңнан астам қайың, емен, шырша, тағы басқа ағаш көшеттерін күтіп-баптап, суарумен айналысты. Бұдан соң “Менің үлесім” ұранымен жасылелдіктер қаладағы басқа да бақтарды ретке келтірді. Мәселен, осы күні 70-тен аса жасылелдіктер Қызылағаш ауылындағы тасқыннан зардап шеккен аймақты көгалдандыру мен көріктендіру мақсатында отырғызылған 8 342 түп көшетті суарып, тазалық жұмыстарын жалғастырып, белсене еңбек етті.
Облыстық ішкі саясат департаментінің ұйымдастыруымен “Елбасы Жолдауы – көшбасшылық жолы”, “Ауыл – менің құт мекенім, берекем!”, “Патриотизм: ел мен жерді құрметтеу”, “Басты құндылығымыз: ынтымақ, бірлік, береке”, “Жастар – елдің сенімді болашағы” тақырыптарында жастар фестивальдері жеті аймақта жалғасын тапса, одан әрі басқа жерлерде де өрістетілетін болды. Акцияға қатысқан облыстық ішкі саясат департаменті директорының орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев өткізілген шараның маңыздылығы жайлы ойын ортаға салды:
– Қазіргі кезде облыста 506 636 жас болса, оның 395 255-і ауылда, 110 381-і қалада тұрады. Осыған қарамастан, жастардың белсенділігімен және еңбекке деген құлшынысымен өткізілген фестивальдер жоғары деңгейде болғанын айтуға тиіспіз.
Соңғы бес жылда ғана 3692 жұмыссыз жастар “Жасыл ел” жасақшылары ретінде еңбекке тартылса, олар облыс көлемінде 635894 ағаш көшеттерін отырғызып, 966,03 гектар жерді абаттандыруға қатысты. Ағымдағы жылы “Жасыл ел” штабына республикалық бюджеттен 10 млн. 715 мың теңге, облыстық бюджеттен 15 млн. 969 мың теңге бөлінсе, 750 студент пен жұмыссыз жас еңбекпен қамтылды. Мәселен, сәуір-мамыр айларында “Жасыл ел” жасақшылары жалпы аумағы 34 гектар жерді қоқыстан тазартып, 26 190 түп әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызды, – деді ол.
Жастар “Бір шаңырақ астында бірлігіміз жарасқан”, “Елбасымен біргеміз, берік біздің іргеміз” акциясын жастық жалындарымен өріп, бастама баяндылығымен ерекшеленді. Оларды қолдау, жұмылдыру арқылы көптеген іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге болатынына көз жетті. Бұл олардың ел мен жерге, Мемлекет басшысына деген кіршіксіз пейілі мен риясыз көңілдерінің айғағы іспетті болды.
Иә, жетісулық жастардың жалындаған іс-қимылы осылайша тағы бір қырынан көрінді.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Суретте: акцияға қатысушы жастар тобы.
ЖҮЛДЕЛІ БИІКТЕ – ЖАС ЖҮЗГІШТЕР
Жақында Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы аясында ескекаяқпен жүзуден еліміздің чемпионаты болып өтті. Осы жарыс барысында өте жоғары нәтижелерге қол жеткізілгенін айту ләзім. №5 мамандандырылған кешенді балалар мен жасөспірімдер техникалық спорт мектебінің оқушысы Артем Климович үш бірдей қашықтықта – 50, 100 және 200 метрге жүзуде халықаралық дәрежедегі шебер нормативін асыра орындаса, армияшы Валерий Юдин бұл нормативтен 100 және 200 метрлік қашықтықта асып түсті.
Біріншіліктің бас төрешісі Юрий Куцин айтқандай, Алматы қаласында спорт дарындарын баулудың жаңа ұстаханасы пайда болғандығы жағымды жаңалыққа айналды. Бір ғажабы, нақ осындай ұстахана деп №173 физика-математика гимназиясын айта аламыз. Бұл білім ордасы жарыстарға жай қатысып қана қоймай, ерік-жігер танытып, жоғары нәтижелерді бағындыра білді. Сөйтіп, өздерінің болашағы зор, үміт күттірер үкілі спортшыларын барлық ірі жарыстарға әрдайым жіберіп жүр. Соның бір айғағы, осы біріншілікте гимназия түлегі Асхат Айтбаев 50 метр қашықтыққа сүңгуде және эстафеталық жүзуде екінші орын алды. Өзі армандап жүрген спорт шебері нормативін орындау үшін оған небәрі секундтың оннан екі мезеті ғана жетпей қалды.
Иә, мұны бір қуаныштың бір өкініші десек те, мерейленер жайлар жетерлік. Аталмыш гимназия оқушылары Алуа Мырзабаева, Нұрболат Төстеміров, Асқар Дүйсебаев, Бақытнұр Сматов, Айсұлтан Ділдәбеков, Даян Қали сияқты жас жүзгіштер эстафеталық жүзуде жүлделі биіктерден көрінді. Гимназияның былтырғы түлектері Алуа Оспан мен Асхат Айтбаев өткен жылдың сәуірінде Түркияның Ыстамбұл қаласында өткен Әлем кубогының қола жүлдегерлері атанған еді. Содан бері гимназия оқушылары Алматы қаласының және еліміздің барлық біріншіліктерінде ұдайы жүлделі жеңістерді уыстарынан шығарған емес. Қазақтың жас жүзгіштерінің жеңіс айдыны лайым кеңейе бергей.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, АЛМАТЫ.
ОЛЖАС ОЛЖАЛЫ ОРАЛДЫ
Астана қаласында өткен “Ақ көгершін” ІV халықаралық байқауында еліміздің барлық облыстарынан, көршілес мемлекеттерден келген 1500-ге жуық әнші, биші, күйші балдырғандар өнерлерін сынға салды. Байқауға біздің облыстан да бір топ өнерпаз барған болатын.
Байқаудың “Халықтық аспап” номинациясына домбыраларын арқалап келген 54 бала жоғары топта, ал 20 бала кіші топта өнер көрсетті. Бұл номинацияда Гран-приді Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінің 3-сыныбында оқитын Олжас Қазымбетов жеңіп алды. Кішкентай домбырашы байқауда алғашқы кезеңде Құрманғазының “Көк ала ат” күйін, екінші кезеңде “Адайды” тартып, қазылардың көңілінен шықты. Ол қазірдің өзінде төкпе күйлерді бабына келтіріп орындайды екен. Бұған дейін “Біз Астанамен құрдаспыз!” қалалық байқауында мақтау қағазын алған өндірдей өнерпаз жас музыканттардың 43 облыстық фестиваль-байқауында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталыпты, Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде мектепішілік байқауда жоғары топ арасында бәсекеге түсіп, алпысқа жуық өнерпаздың арасынан І орынды иеленіпті. Олжас тек өнерде ғана емес, өзі оқу үздігі де көрінеді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ, Ақтөбе облысы.