• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 07 Қазан, 2022

Мәулен Әшімбаев: Халықтық коалицияның ұсынысы – еліміздің ертеңі үшін ең ұтымды шешім

311 рет
көрсетілді

Бұл туралы Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Кешелі бері еліміздегі ірі саяси күштер, республикалық қоғамдық бірлестіктер, ардагерлер мен жастар ұйымдары және басқа да ұжымдар алдағы президент сайлауына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың кандидатурасын ұсынып жатыр. AMANAT партиясының кезектен тыс XXIV съезінде де Мемлекет басшысын Қазақстан президенттігіне үміткер ретінде ұсыну туралы шешім қабылданғаны белгілі.

Осыған орай халықтық коалиция құрылып, оның құрамына енген барлық саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірауыздан Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасына қолдау білдірді. Бұл – мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігімізді нығайту жолында жасалған маңызды қадам. Өйткені қазіргідей күрделі кезеңде бізге осындай ортақ пайым мен бекем бірлік ауадай қажет», деп жазды М.Әшімбаев.

Сондай-ақ ол елдің ынтымағын арттыруға арналған жеті қағидаға тоқталып өтті.

«Қолдаушылар форумында Президентіміз елдің ынтымағына баса мән беріп, ұлтты ұйыстыратын жеті қағидаға назар аударды. Бұл орайда Мемлекет басшысы Тәуелсіздік, жеріміздің тұтастығы, мемлекеттік мүдде, рухани үндестік, заңдылық пен тәртіп, жасампаздық және достық пейіл мен мейірімділік біздің елдік жолындағы ең басты құндылықтарымыз екенін айрықша атап өтті», деді Сенат Төрағасы.

М.Әшімбаевтің айтуынша, соңғы жылдарда Президентіміздің бастамасымен елімізде ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар табысты іске асырылып келеді. Соның нәтижесінде саяси жүйеміз айтарлықтай жаңғыртылып, демократия, әділеттілік, заң үстемдігі, барлық азаматқа тең мүмкіндік сияқты қағидаларға басымдық берілуде. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға айрықша көңілі бөлініп, осы бағытта нақты жобалар қолға алынды. Алдағы уақытта да осындай игі бастамаларды табанды және жүйелі түрде жалғастыру аса маңызды.

«Сондай-ақ қазіргі таңда бүкіл әлеммен бірге Қазақстан да түрлі жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осындай алмағайып шақта бізге елді барлық сынақтан сүріндірмей алып шығатын нағыз көшбасшы қажет. Осы тұрғыдан келгенде, көпшіліктің Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасын қолдауы халықтың Мемлекет басшысына деген сенімі екені сөзсіз. Сондықтан халықтық коалицияның ұсынысы – еліміздің ертеңі үшін ең ұтымды шешім», деп жазбасын қорытындылады М.Әшімбаев.