Көк мұнарлы Көкшетау мен үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлді Қорғалжынның арасындағы кең көсілген далада мыңнан астам көл бар. Ғалымдардың сараптауына үңілсеңіз, 531 көлде балық өсіруге әбден болады екен.
Әйтсе де, Көкшетау көлдеріндегі балықтың басым бөлігі бағалы балық түріне жата қоймайды. Алдағы уақытта осы бір олқылықтың орнын толтыру мүмкіндігі туып тұрғандай. Таяуда Бурабай ауданына қарасты Ақылбай ауылында форель өсіруге арналған жабық орын пайдалануға берілді. Осы бір тәуекелді істі қолға алған «Biosphere-fish» ЖШС директоры Руслан Қуатов алдымен нарықты, кейін осы өңірде бағалы балықты өсіру жайын зерттеген. Несі бар, мықтап қолға алса, оңынан оңғарылатын тәрізді. Қабырғасымен кеңесе келе, айналысуға шешім қабылдаған. Бағалы балықты өсіру үшін көп жұмыс істеу керек екен. Ең бастысы, экологиялық таза өнім. Бүгінгі тұтынушының іздейтіні де осы.
– Сыйымдылығы 25 текше метр болатын арнайы бассейндер дайындалды. Оған Франциядан жеткізілген форельдің алғашқы легі, яғни 70 мыңға жуық шабақ жіберілді, – дейді Р.Қуатов. – Сыры беймәлім бағалы балық біздің мөлдір суға үйреніп, өсе бастаған уақытта санын да көбейтуді межелеп отырмыз.
Кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 40-50 тонна балық өндіруге толық жетеді. Шынтуайтында, бұл – елең еткізерлік жаңалық. Бұған дейін дәл осындай бастама Қорғалжын, Целиноград аудандарында қолға алынған болатын.
Ақмола облысы,
Бурабай ауданы