• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экология 11 Қазан, 2022

Табиғатты аялау

325 рет
көрсетілді

Шымкентте студент жастар бастаған EcoStudentKZ челленджін Павлодар, Екібастұз, Түркістан жастары жалғастырып, Қызылжарға жетті.

Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің сту­дент жастары қолдарына сыпырғы, айыр-күректерін алып, қала халқы көп жиналатын қоғамдық орындарды – алаңдарды, көше қиылыстарын, Мағжанның ескерткішінің маңайын, Абылайдың ақ үйінің маңын сыпырып, қоқыстан тазалауға кірісті.

Топ бастаушы Бекзат Латыпованың айтуына қарағанда, бұл іс-шара жас­тар­дың санасына өзі жүрген жерде та­залық сақтауды сіңіретін және сол үшін күресуге бейімдейтін акция. «Біз қаламыздың, ауламыздың, көшеміздің тазалығына, оның жайқалып, жар­қырап тұруына көңіл бөлуіміз керек. Тазалықты, тәртіпті өзімізден баста­ға­нымыз дұрыс. Табиғатты аялауды әрбір азамат ойласа, қаламыз да таза болады», дейді Б.Латыпова. Ата-бабамыз «Ақыл – жастан, асыл – тастан» дегенді тегін айтпаған ғой, жақсы бастаманың қасында қашанда жастар жүреді. Солардың ынта-жігері, ба­тылдықтары мен белсенділіктері жақ­сылыққа бас­тайды. Ел болып қол­дап жатқан бұл игі істі де соның бірі деуге болады.

Қоқысқа толып қалған скверлер, алаңдар, көше қиылыстары, ескерткіштердің алды бір тазарып қалды. Жастар улап-шулап әндетіп, әзіл­десіп, жүріп-ақ айналаның бәрін тазалап, жайнатып кетті. Өтіп жат­қан қала тұрғындары олардың игі ісіне сүйсіне қарап, ал­ғыс­тарын айтып жатты. Кей­бірі «бүгін сенбілік пе еді» деп та­ңырқап та жатыр. Оларға жастар күле қарап, «жоқ бүгін сенбілік емес, жұмалық» деп күлісіп қояды. Шынында челлендждің Қызылжарда жалғасуы өткен бейсенбіге келген еді. Жергілікті баспасөз жастардың бастамасын облыстың барлық түк­піріне таратып, жақсы істен үлгі алуға шақы­рып жатты.

 

ПЕТРОПАВЛ