• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Қоғам 11 Қазан, 2022

Прокурор Біртановты алты жылға түрмеге қамауды сұрады

217 рет
көрсетілді

Елордада Денсаулық сақтау министрлігінің экс-басшысы Елжан Біртанов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің ісі бойынша сот процесі жүріп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Астана прокуратурасы мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, алты жылға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды, ал жазаны өтеу режимін орташа қауіпсіздіктегі қылмыстық атқару жүйесі мекемесінде тағайындауды сұрады.

«Үй қамауына байланысты Е.Біртановқа қатысты бұлтартпау шарасы қамауда ұстауға ауыстырылсын. Жазаны өтеу мерзімі үкім заңды күшіне енген күннен бастап есептелсін. Е.Біртановты қамауда ұстау уақыты 2020 жылғы 30 қазаннан 2020 жылғы 6 қарашаға дейін, сондай-ақ үкім шығарылған күннен бастап оның заңды күшіне енгеніне дейін жазаны өтеген 1,5 күн үшін қамауда ұстаудың 1 күні есебінен жаза мерзіміне есептелсін», деді прокурор Бауыржан Шекенов сот отырысы барысында.

Сондай-ақ Е.Біртанов пен оның бұрынғы орынбасары О.Әбішевтен 1 млрд 548 млн 136 мың 575 теңгені, оған қоса Біртановтан санитарлық авиация бортын пайдалануға жұмсалған 5 млн 503 мың 721 теңгені өндіріп алу ұсынылды.

Бұрынғы Денсаулық сақтау министріне ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы төртінші бөлігінің үшінші тармағы бойынша айып тағылды.

Қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау 26 қаңтарда басталды. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен вице-министр Олжас Әбішевке қатысты сотқа дейінгі тергеу өткен жылдың шілде айында аяқталды.

Олар Денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс істемейтін ақпараттандыру платформасын пайдалануға беру арқылы лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп күдіктелуде. Платформа Денсаулық сақтау жүйесіндегі мәселелерді жедел шешу үшін пациенттер, дәрі-дәрмектер және медициналық өнімдер туралы барлық ақпаратты біріктіруі керек еді. Бүгінгі таңда платформа жұмыс істемейді. Орындалмаған жұмыстардың құны 4,1 млн АҚШ долларын немесе 1,5 млрд теңгені құрайды.