Apple компаниясының брендке айналған өнімі iPhone смартфондары үлкен сұранысқа ие. Көпшілік әр күз сайын оның кезекті нұсқасын асыға күтеді. Биыл нарыққа iPhone 14 Pro келіп түспек. Осы орайда сарапшылар әр елдегі орташа жалақы бағасы мен смартфон құнын салыстырып көріп, қызық зерттеу жасаған.
Picodi.com командасы iPhone 14 Pro-ның (128 GB) жергілікті бағасын әр елдегі жалақы мөлшерімен салыстыра қарап, айфонның индексін есептеп шығарған. Қазақстанда бұл смартфонның базалық комплектациясы 699 990 теңге тұрады. Ал АҚШ-тағы таза бағасы – 999 доллар. Бірақ бұл баға сатудан түскен салық 0 пайыз болатын төрт штатта ғана өзекті болып саналады.
Соңғы ресми деректер бойынша Қазақстанда орташа статистикалық жалақы 312 011 теңгені (қолға тиетіні 251 401 теңге) құрайды. Осылайша, орташа статистикаға ие қазақстандық iPhone 14 Pro сатып алу үшін 58,5 күн жұмыс істеуі керек екен. Яғни бүкіл жиған-терген ақшасын түгел смартфон сатып алуға жұмсайды деген сөз. Былтырмен салыстырғанда жұмыс істейтін мерзім 4,3 күнге азайған.
Соңғы бес жылдағы Қазақстандағы айфон индексі келесідей көрініс табады: 2018 жылы – 86 күн; 2019 жылы – 76,5 күн; 2020 жылы – 74,6 күн; 2021 жылы – 62,8 күн; 2022 жылы – 58,5 күн. Соңғы шыққан айфонды бәрінен бұрын ең жылдам сатып алушы – Швейцария азаматтары. Бұл елдің тұрғындарына қажетті соманы жинау үшін небәрі 4,6 күн керек. Америкалық азамат 5 күннен сәл асыра жұмыс істеп қажетті қаражатты тауып алатын болса, аустралиялық бір апта тынбай еңбек етуі тиіс.
Ең нашар көрсеткіш Тәжікстанға тиесілі. Бұл елдің орташа статистикалық азаматы 179,5 күн жұмыс істеуі керек. Соңынан санағанда екінші және үшінші орындарда Түркия (146,7 күн) мен Қырғызстан (136,3 күн) орналасқан.
«iPhone 2022 индексі жергілікті Apple дүкендерінде немесе рұқсат етілген сатушыларда көрсетілген iPhone 14 Pro (128 ГБ жады бар) ресми бағалары негізінде есептелді. Орташа жалақы туралы ақпарат мемлекеттік статистика органдарының немесе тиісті
министрліктердің веб-сайттарынан алынды және белгілі бір елдегі iPhone бағасы жарияланған сәтте өзекті болып саналады. Салықты шегергендегі жалақы мөлшері жергілікті жалақы калькуляторы арқылы есептелді. Айлық жалақыны біз бір айдағы орташа жұмыс күні – 21 күнге бөлдік», делінген Picodi.com хабарламасында.