Облыстық ішкі істер департаменті облыстық білім басқармасымен бірлесіп, Қарғалы ауылында орналасқан Есет батыр атындағы көпсалалы мектепте «Қозғалыстың жас инспекторлары» атты 14-ші облыстық слет өткізді. Шараның мақсаты балалардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жол қозғалысы ережелерін насихаттау жұмыстарын жандандыру, қозғалыстың жас инспекторларының жұмыстарын жетілдіру болып табылды. Слетке қалалық және аудандық деңгейлерде өткен қозғалыстың жас инспекторлары байқауларының жеңімпаздары, барлығы 140 оқушы қатысты. Байқау «Жол қозғалысы ережелерінің білгірлері», «Жас реттеуші», «Білімдар», «Жас санитар», «Қауіпсіз дөңгелек», «Саптық қарау», «Үгіт бригадалары» сияқты жеті номинация бойынша өтті.
Облыстық слеттің жеңімпаз командасы 22 маусым – 2 шілде аралығында Шығыс Қазақстан облысында өтетін «Қозғалыстың жас инспекторлары» республикалық слетіне барады. Онда Қазақстанның барлық өңірлерінен келген жеңімпаздар, сонымен қатар ТМД мемлекеттерінің командалары қатысады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.