• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 12 Қазан, 2022

Мемлекет басшысы мен Қатар Әмірі кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

230 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәни кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz Мемлекет басшысының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аудара отырып, қазақ-қатар қарым-қатынасының жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.

Қазақстан Президенті Қатардың әлемдік аренада маңызды рөл атқаратын халықаралық қауымдастықтың беделді мүшесі екенін атап өтті.

Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға екі жақтың да ниетті екенін нақтылады. Қасым-Жомарт Тоқаев қатарлық компанияларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеп, оларды еліміздегі бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, энергетика, мұнай-химия, тау-кен өнеркәсібі, қаржы салаларында мол мүмкіндіктер бар екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынастар орнағанына 30 жыл толатынын атап өтті.

– Бұл – ерекше мерейлі белес. Осы мерзім ішінде біз тығыз мемлекетаралық ынтымақтастық орнаттық. Сындарлы саяси диалог құрдық. Осының бәрі дәстүрлі достық пен берік әріптестікке негізделген. Астанадағы «Әл-Фараби» мешіті мен шейх Тәмим атындағы білім ордасы – осының айқын көрінісі. Сондай-ақ, жуырда Алматы облысының Өтеген батыр кентінде перинаталды аурухананың құрылысы басталды. Біз Қатар Мемлекетінің елімізді көркейтуге қосқан үлесі мен жан-жақты қолдауын ешқашан ұмытпаймыз. Болашақта да қазақ-қатар қатынастарын әрі қарай дамытуға дайынбыз, – деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тани Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық көрсеткені үшін алғысын алғыс айтып, алдағы Республика күні мерекесімен құттықтады.

Қатар Әмірі Қазақстанмен арадағы жан-жақты байланыстарды одан әрі дамытуға ниетті екенін атап өтіп, екіжақты үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ көпжақты құрылымдар бойынша, оның ішінде АӨСШК аясындағы жұмыстарды жалғастыру қажет екенін жеткізді.