• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
Президент 12 Қазан, 2022

Қазақстан Президенті мен Қатар Әмірі брифинг өткізді

312 рет
көрсетілді

Брифинг барысында Қазақстан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен өткен келіссөздерге оң баға берді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Қатар арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 30 жыл ішінде екі елдің ынтымақтастығы нығайып, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстар, сондай-ақ жаһандық және өңірлік құрылымдар аясындағы іс-әрекеттер дамып келе жатқанын атап өтті.«Жалпы, Қатар – біз үшін Таяу Шығыстағы өте маңызды серіктес. Себебі Доха біздің әлеуметтік-экономикалық, саяси реформаларымызға алғашқылардың бірі болып қолдау көрсетті. Мен мұны бүгін шейх Тәмимнің өзіне де айттым. Оның екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Халқымыздың атынан ризашылық білдірдім», деді Мемлекет басшысы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында.

Президенттің айтуынша, бүгінгі келіссөздер нәтижесінде тараптар маңызды мәселелерді талқылап, бірқатар келісімге келген.«Қазақстан мен Қатар екіжақты қарым-қатынастағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа баса назар аударады. Алайда коронавирус індеті және геосаяси ахуал әлеуетімізді толық пайдалануға мүмкіндік бермеді. Сол себепті соңғы жылдары сауда-саттығымыз бәсеңдеп кетті. Ендігі мақсатымыз – елдеріміз арасындағы тауар айналымын жандандыру. Бұған қолайлы жағдай жасалды», деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Қазіргі уақытта Қатардың бірнеше компаниясы Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың өнімі бірқатар мемлекетке экспортталады. Сонымен қатар тараптар геологиялық барлау, тау-кен өнеркәсібі, көлік-логистика, қаржы және банк секторын дамытуға уағдаласты. Осыған орай бүгін бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.Мемлекет басшысы бұл келісімдердің қазақ-қатар қатынастарының дамуына тың серпін беретініне сенімді екенін жеткізді.