• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Сұхбат 12 Қазан, 2022

Нағашыбай Алпысов, жыршы: «Қаншеңгелді» қақпақылға салмайық...

511 рет
көрсетілді

Жақында редакцияда Қостанайдан Астанаға ат арытып келген жыршы Нағашыбай Алпысов қонақта болып, биыл туғанына 150 жыл толған Ахмет Байтұрсынұлының өмір жолы мен шығармашылығы және жалпы Торғайдағы ақындық мектеп туралы әсерлі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ жыршы Ахмет Байтұрсынұлының туындысы деп телініп жүрген белгілі ақын Хамитбек Мұсабаевтың «Қаншеңгел» поэмасы туралы да айтты. Біз сұхбатты осы шығармадан бастадық.

– Нағашыбай аға, аталған поэмаға әуен қалай туды?

– Тоқсаныншы жылдардың басында Алаштың қос ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы мен Мір­жақып Дулатов ақталғаннан кейін Торғайда үлкен той өтті. Осы тойдың қарсаңында сол кездегі Жангелдин ауданының басшысы, кейін бұрынғы Торғай облысының әкімі болған Жақан Қосабаев: «Ақаң-Жақаң ортамызға оралып, ақ түйенің қарны жарылды. Енді осы асылдарымызды ел арасында кеңінен насихаттауымыз қажет. Нағашыбай ойланып, осыған арнап бір туынды жазсын», деп сәлем айтады. Ол кісі менің Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэ­масына мақам шығарып, оны республикалық телеарнадан орын­дап, оған Алматыдағы зиялы қауым өкілдері тәнті болғанын жақсы білетін. Соны меңзеп айтса керек. Дәл сол жылдары белгілі ақын, Хамитбек Мұсабаевтың өзі басқарып отырған Амангелді аудандық газетінде «Қаншеңгел» поэмасы жарияланды. Хамитбек – рухы биік ақын. Бұл шығарма ақын шабытынан бір деммен құйылып түскен. Көркемдігі де келісті, формасы да өзгеше. Оқығаннан көкейіңізге қона кетеді. Ақын Ахметтің Файзоллаға жазған хаты арқылы сол күрделі кезең мен игі жақсылардың басынан өткен ауыр күндерді шынайы жырлаған. Поэма да маған ерекше әсер етіп, ұзақ толғаныста жүрдім. Ақыры, көкірегімнен әсем бір әуен туды. Бірақ оны көпшілік алдында алғаш рет Абзал есімді балам орындады. Сөзі мен сазы үйлескен көркем жыр бірден елге ұнады. Тіпті оны тыңдағанда қариялар көздеріне жас алып, егіліп отыратын.

– Енді осы шығармаға қа­тыс­ты дауға тоқталсаңыз?

– Жалпы, осы шығарма дау тудыратын дүние емес еді. Оның авторы Хамитбек Мұсабаевтың есімі қарымды қалам­герлігімен Торғайға ғана емес, елімізге жақсы таныс. Бірақ осы дауды ұзақ жылдар банк саласында қызмет істеген белгілі экономист Кеңесбек Мәулетов бастады. Сол кісі бірде «Қаншеңгел» поэ­масы Ахмет Байтұрсынұлының туындысы» деп газетке ме, әлде әлеуметтік желіге жазды ма, нақ­ты білмеймін, бір ма­қала шығарды. Оны кейбіреулер іліп әке­тіп, тіпті «Орынбордан Ахмет Бай­тұрсынұлының өз дауы­сымен торғайлық досы Файзолла Сатыбалдыұлына жазған хаты табылды» деп дүрлігіп, оны жан-жаққа таратты. Осыдан үш-төрт жыл бұрын Астанада осы дауға байланысты бір жиын өтіп, оған поэманың авторы, марқұм Хамитбек Мұсабаевтың өзі де қатысты, мен де сол жиында бол­дым. Басқа да зиялы азаматтар келді. Сонда Хамитбек өз шы­ғармасының жазылу тарихына тоқталып, алғаш жарияланған нұсқасын көрсетіп, дау иесіне нақты жауабын берді. Оны бас­қалар да қолдап сөйлеген еді. Сонымен дау тоқтайтын шығар деп ойлағанмын. Бірақ әлі де басылмай тұр. Шындығы, бұл туындының бас иесі – Хамитбек Мұсабаев, оны мен ғана емес, Тобыл-Торғай өңірінен шыққан ақын-жазушылар да мойындайды. Бір жағынан, поэманың жазылу формасы, текстологиясы Ахмет атамыз өмір сүрген дәуірмен еш үйлеспейді.

Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы мен Файзолла Сатыбалдыұлы екеуі де бір елдің адамдары. Ақаң 1872 жылы Ақкөлде дүниеге келсе, Файзекең 1883 жылы Бат­­паққарада туған. Файзолла Ах­меттен 11 жас кіші, сондықтан Ахмет оған Файзолла досым деп айтуы мүмкін емес деп ойлаймын. Енді оны көркем шығарма болғандықтан, ақын өз қиялымен дамытып жазған. Қысқасы, осы дауға нүкте қоятын кез жетті.

– Сіз Ахмет атамыздың ком­по­­зиторлығы туралы да жазып жүрсіз, осыған да тоқталып өте­сіз бе?

– Осыдан біраз жыл бұ­рын «Қазақстан» арнасында «Қазақтың 1000 әні» хабарын жүргізген, белгілі дәстүрлі әнші Ақан Әбдуәлі «Аққұмды», «Екі жиренді» халық әні деп айтты. Мен осыған шыдамай: «Бұл әннің авторы бар, ол – Ахмет Байтұрсынұлы», деп хат жаздым, ол маған: «Ақаң ән жазбаған, ол қайраткерлікпен, ғылыммен айналысқан», деп жауа­п берді. Бұл пікірмен келіспеймін. Мысалы, айтулы ғалым Рымғали Нұрғали: «Ахмет Байтұрсынұлы – композитор, домбыра, скрипка тартқан, пианинода ойнаған, фотосурет түсірумен айналысқан, кезінде күреске де түскен, бір сөзбен айтқанда қазақ ұлт мәдениетінің алып бәйтерегі», десе, Гүлнәр Дулатова: «Ахмет атамыздың үстелінің үстінде нота жататын», деп жазады. Сондай-ақ жазушы Ғалым Ахметов пен туысы Самрат Кәкішевтің естеліктерінде ұлы тұлғаның музыкадан да хабары мол болғандығын айтады. Осы тақырыпты кеңірек қаузап, жазушы, марқұм Қоғабай Сәр­секеев басқарған «Қазақ» газетіне де жаздым. Ол да менің пікірімді қолдады. Қоғабай аға «Үш арыс» кітабында «Қа­раторғай» әні Ақаңдікі», деп жазады. Мысалы, «Аққұм» әніне кейіпкер болатын Іңкәр есімді ару өмірде болған. Көрнекті ақын Серік Тұрғынбековтің «Ахмет пен Іңкәр» деген поэмасы бар. Осыны көріп, біліп отырып, ұлт ұстазына өз туындысын қимай­тындарды түсінбеймін.

– Халқымыз жыршылықты кие тұтады, осы өнерге қалай келдіңіз?

– Біздің ауылда Болат Қоныс­­баев есімді термеші ағамыз болды. Ол атақты халық ақыны Нұр­хан Ахметбековтің дастандарын таңды-таңға ұрып айтатын. Болат ағаны ұстазым деп білемін. Жасымнан бұйығы өстім де, сол әдеттен біразға дейін арыла алмай, көпшілік алдында жыр айтуға ұялып жүрдім. Әйт­песе, Ілияс Жансүгіровтің «Құ­лагер» поэмасын 17 жасымда оқып, бірден жаттап алдым. Содан бірде Жұман деген інім: «Аға, сіздің жыр айтатын өнеріңізді білемін, кімді айтасыз?» деп сұ­рады. Сосын оған Нұрханның «Есім серісі» мен Мұхамеджан Сералиннің «Топжарғанын», Ілияс­тің «Құлагерін» білемін деп едім, інім: «Есім серіні» Тор­ғайдағы Сардан айтады, «Топ­жарғанды» Аралбайдағы Бегалы Көрпебаев жырлады, сіз «Құлагерге» бір мақам шығарып, соны айтыңыз» деп шабытымды оятты. «Құлагерді» алғаш ауылда орындадым, одан кейін Амангелді ауданына бір тойға барып, қарияларға айтып бердім. Сол тойда Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбілев те болып, ол: «Ой, аға, мынадай алтын қазынаны қайда жасырып жүрсің?» деп өнеріме тәнті болып, ол мені республикалық газетке жазды. Содан атым шыға бастады. Газетке шыққасын 1983 жылы Ілияс Жансүгіровтің қызы Үміт апай маған хат жазып, Алматыға шақырды. Бірақ ол кісіге баруға ауылдағы жұмыстан шыға алмадым. Айтпашқы, осы «Құлагерді» бұрынғы Торғай мен Көкшетау облыстары арасындағы республикалық айтыста да орындадым. Кейін белгілі сатирик, ол кезде облыстық радиода қызмет істейтін Табыл Құлиясов мені Алматыға апарып, осы поэманы бір сағатқа сыйғызып, телевидениге түсірді. Сонда ғалым, ақын Тұрсынхан Әбдірахманова: «Құлагерді» өте жақсы орындадың, бірақ сен бұл поэманы бір әуенмен айтпа, бір сарынды болып кетеді. Мәселен, шығармадағы Батыраш пен Ақанның айтысын өзгеше,  Құлагерді жоқтауын да басқа мақаммен айтсаң, әдемі шығады», деп ақыл қосты. Ақын апамыздың айтқаны маған дем берді, кейін поэмаға бірнеше мақам қосып, жаңаша түрленттім. Осыдан төрт жыл бұрын Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерейтойына ақын­ның туған жерінен шақырту алып, Жетісуға барып, Ақсуды көріп, керемет әсер алдым.

– Әкеңіздің де жыршы бол­ғанын естіп едім...

– Менің әкем Алпыс жыршы болған. Өнер кейде егіз қонады дейді. Әкемнің інісі де керемет жыршы еді. Әкем Нұрхан Ахметбековтің «Есім сері», «Қарға», «Жұпар ханым», «Жасауыл қырғыны» дастандарын, Ахмет атамыздың «Қырық мысалын» жырлайтын. Әкем Нұрханмен түйдей құрдас. Өте салмақты кісі еді. Күдері мен Әбдірахманның да жырларын орындайтын. Әйгілі әңгімешіл, шежіреші Ахметқан Әбіқай баласымен де жақын сыйласты. Нұрхан: «Ахметқанды үш күн көрмесем сағынамын, үш күн бірге болсам, одан қашуға тырысам», деп айтады екен. Ахметқан ағамыз керемет әңгімешіл еді, бір айтқан әңгімесін екінші қайталамайтын. «Адамда екі ауыз болса ғой, бірі әңгіме айтып жатқанда, екіншісі әңгімені тағы айтатын», деген сөзін торғайлықтар әлі ұмытқан емес. Әкесі Әбіқай Нұртазаұлы да атақты ақын, белгілі «Тас мешін» дастанының авторы. Ақын Назарбек Бектемі­совтің «Ахмет ұшқан алтын ұя» кітабында Торғайдағы ақындық мектеп туралы тереңірек толғап, оның басында Уақ Жұмабай, одан кейін Әбіқай, Есенжол Жан­ұзақұлы, Құбаша Шалбайұлы, Сей­дахмет Бейсенұлы секілді айтулы ақындар туралы тағылымды жазған.

– Бүгінде Тобыл-Торғай өңі­рінде жыршылық өнер өте кенжелеп қалды. Осы өнерді ілгері апаратын шәкірттеріңіз бар ма?

– Қазір мен Қостанай облысы Алтынсарин ауданында тұрамын. Биыл осы ауданда шығармашылық кешім өтті, сонда мәдениетке жауапты мамандар осы жыршылық өнерді дамытуға қолдау көрсетеміз деп айтты. Қолымнан келгенше шәкірт тәрбиелеуге қарсы емеспін. Бірақ соған мүмкіндік аз. Шәкіртім деп өз балаларымды айтамын. Олардың бәрі де өнерден қара жаяу емес. Абзал деген балам айтысқа қатысып, жыр айтса, Серік есімді ұлым «Қаншеңгел» поэмасын замануи бағытта жаздырып, қазір орындап жүр. Жақында Торғайда өткен Ахмет атамыздың тойында айтып, жұртшылықтың жылы бағасын алды. Әбдірахман мен Ақан есімді екі ұлым да өнерлі, музыка жазады.

 

Әңгімелескен

Азамат ЕСЕНЖОЛ,

«Egemen Qazaqstan»