6-12 қазан күндері Республика күніне орай Астана қаласында қол добынан қыздар арасында өткен Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Чемпионатқа еліміздің Астана, Шымкент, Алматы қаларымен қатар, Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе, Ақмола, Алматы облыстарынан құралған 8 команда қатысып, жас гандболшылар суперлига және жоғары лига бойынша сынға түсті.
Айта кетейік, ел чемпионаты 15 және одан төмен жастағы спортшылар арасында ұйымдастырылды.
«Чемпионаттың негізгі мақсаты - қаламызда бұқаралық спорт түрін кеңінен дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, барлық елді мекендерде қол добы ойынын одан әрі дамыту, тұрғындарды дене шынықтыру мен спортпен жүйелі шұғылдануға тарту, қыздар арасында қол добы ойынын шеберлік деңгейін көтеру, спорт резервін даярлауды қамтамасыз ету, облыс құрама командасын үздік ойыншылармен толықтырып, әлемдік деңгейдегі жарыстарға қатыстыру», дейді №5 БЖМОРСМ басшысы Қуат Тлегенов.
Жарыс қорытындысы бойынша Шымкенттен келген гандболшылар Павлодар қаласының спортшыларын айқын басымдықпен ұтып, бас жүлдені олжалады. Осылайша, Павлодар қаласының қол допшылары екінші орыннан көрінді. Қола медаль алаң қожайындары Астана қаласының қыздарына бұйырды.
Сонымен қатар шара барысында Астана командасының ойыншылары - Ұлжан Каметай, Мадина Мырзамсейітова, Мадина Егінбаева, Маржан Елеусіз, Жамила Сарсенбекова, Дамира Жапарова және Луиза Олейникова қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Сәбитұлының қолынан «Спорт шебері» куәлігін алды.