Қазақстанның халық әртісі Рабиға Есімжанованың туғанына – 100 жыл
Қазақ өнерінің тамыры тереңге тартқан алтын діңгегі дегенде сом алтындай тума дарындар, әншілік қырлары ешқашан бірін-бірі қайталамайтын Әміре Қашаубаев, Манарбек Ержанов, Жүсіпбек Елебеков, театр сахнасының керемет тарландары, болмыс-бітімдері бөлек Қалибек Қуанышбаев, Қанабек Байсейітов, Қапан Бадыров, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Әбікен Хасенов, Камал Қармысов, халқымыздың мақтанышы мен ардағына айналған тұңғыш режиссері Жұмат Шанин есімдері алдымен ауызға оралады. Осы бір шоғыр жарқыраған шоқ жұлдыздардың санатында Рабиға Есімжанованың алар орны да ерекше екендігінде талас жоқ. Әсіресе, ол салған әндердің құлаққа жағымдылығын былай қойғанда, оның үнінен көрікті жайлау, айдыны шалқар аққулы көл, жапырақтары бір-бірімен сыбырласқан қырқалы беткейлерді өрлей біткен жайқалған орман, зеңгір аспанда ноқаттай болып қанаттарын дірілдете қаға шырылдаған бозторғай – қысқасы қазақтың жазиралы салқар даласының барша табиғаты көз алдыңнан көлбеңдеп өте береді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Рабиға апамыздың дауысын радиодан естіп қана қоймай, дидарын да елге араға уақыт сала сағынышпен бір айналып келгенінде талай рет көрдік. Әр сапарында оның туған топыраққа деген ілтипаты ол айтқан әндердің қайсысынан болсын анық аңғарылып, тыңдаушыларының жүрегіне шымырлап құйылып жататын. Ол әр концертінде кең тынысты үнімен сахна төрінен:
«Жатыр едім көгалда пішен шауып-ай,
Шәйі көйлегім су болды жаңбыр жауып-ай.
Сен есіме түскенде, беу қарағым-ай,
Ақбоз аттан жығылдым есім ауып-ай.
Қош бол, қалқам, көргенше,
Қайта айналып келгенше.
Уәдеңе берік бол,
Мен сендікпін өлгенше», – деп әуелетуші еді. Жезтаңдай әнші шымылдық сыртына бет алғанда сыншыл көз болмаса, былайғы жұрт оның туған елге деген сағыныш жасы жанарының аясын шертіп тұрғандығын аңдай қоймайтын.
Жоғарыдағы әнді соншалықты тебіреніспен, инабат иірімдеріне сала айтуының сыры неде? Алатаудың бөктеріндегі Алматы қайда, Сарыарқаның бір қиянындағы Қорғалжын қайда? Жауабы да осында жатыр. Бұл кіндік кескен жерінен өнер қуып Астанаға кеткен перзенттің туған еліне деген жүрек соғысы мен қимас сезімі еді. Халықтың қайнаған ортасынан шығып, өнердің асқар биігіне қанаты талмас талпыныспен өрлеген әнші Рабиға апамыздың: «Қай қиырда жүрсем де елім, жұртым, өле-өлгенше мен сендердікімін», – деген антқа бергісіз, уәдеге берік кіршіксіз шынайы қалпын танытқандығы.
Сан алуан өнер адамдарының шығармашылық, ізденісті жолдарына бағамдап көз жіберсек, соның бастау қайнарында ата-анасы, отбасы, жақын туысқандары тұрғандығын, солардан үлгі-өнеге алып, «әу» дегеннен өнерге ұшқан ұясында машықтанғандығын аңғарамыз. Рабиға Есімжанова да сол жолдан өткен. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегеннің нақты мысалы бұл. Бүкіл болмысы, тұла бойы тұнған талантының жарқырай көрінуі сол әншілік ортада сомдалғандығы.
Қазір көпшіліктің жадында бар-жоғын кім білсін, он тоғызыншы ғасырда қазіргі Ақмола облысы, Қорғалжын ауданының №8 ауылында Бабақ есімді кісі болған. Әйелі Өреке екеуі де ауыздарын ашса, көмейлерінен күміс ән, саусақтарынан күмбірлеген күй төгілген өнерлі жандар екен. Олардан Сейітжан, Есімжан, Қосымжан, Досымжан есімді төрт ұл, Гүлжәмила, Бижан, Қанша, Бағира атты төрт қыз тараған. Айрықша атап айтарлығы сол, олардың барлығы да кейіннен әке-шешесі сияқты ел таныған әнші, өнер сүйген сауықшыл жандар болды. Бабақтың үйінен ертелі-кеш «құлақтан кіріп бойды алған...» (Абай) ән шырқалып, күмбірлеген күй естіліп жататын көрінеді. Бабақ пен Өреке ұл-қыздарының өнерге бейімін байқап, олардың дауыс ырғақтарының жетіліп, ән салу мәнерінің қалыптасуына айрықша мән беріп, барынша баулыған екен.
...Бабақтың Есімжанының шаңырағы. Өткен жиырмасыншы ғасырдың он төртінші жылының бесінші қаңтары. Қысы былайда алты-жеті айға созылатын Арқа өңірінің Қорғалжын топырағында тал бесік тағы да бір рет тербелді. Өмірге шыр етіп нәресте келді. Ән мен күйге бөленген бұл атырап сонда тал бесікте тербетіліп жатқан жас сәбидің қазақ халқының күні ертеңдері жоғарыда есімдері аталған Әміре, Жүсіпбек, Манарбек сияқты тума дарындар легін толықтырып, өзіндік дауыс үнімен тыңдаушыларын да, көрермендерін де тәнті ететін әуезі бөлек әнші болатынын болжап та білмеген еді.
Менің алдымда 1982 жылғы 8 қазанда шыққан «Қазақ әдебиеті» газеті жатыр. Соның он үшінші бетінде Шара Жиенқұлованың «Бұлбұл», Рабиға Есімжанованың «Сағыныш» атты қос мақаласы жарық көрген екен. Екеуі де қазақтың бұлбұл көмей әншісі, қайталанбас өнер жұлдызы, өмірден ерте озған Күләш Байсейітова туралы көздері көріп, қатарлас жүрген күндерінен естеліктер жазып, сыр шертіпті.
«1931 жылы мен Әміре Қашаубаевты іздеп республика астанасына келдім. Ол уақытта театр біреу – драма театры ғана. Театр сахнасында атақты әншілер Әміре, Манарбек, Жүсіпбек, тамаша өнер иелері Қалибек, Құрманбек, Қанабек, Қапан, Серке, Елубай, Әбікен, Камал, қазақтың тұңғыш режиссері Жұмат Шанин өздерінің керемет таланттарымен көрермендеріне танылып үлгерген кез. Солардың арасында жарқыраған жарық жұлдыздай Күләш та бар еді», – дейді Рабиға Есімжанова.
Бұл – Рабиғаның Алматыға барып, осылардан ән үйренсем, үлгі алсам, қатарларында жүріп көркемөнер саласында қызмет етсем деген үлкен арманының үміті шалғайдағы ауылдан алысқа қанаттандырған алғашқы сапары екен. Он алтыдан асып, он жетіге еркін жете қоймаған өрімдей жас қыздың жолы болады. Есімдері қазақ сахна өнерінің тарихына алтын әріптермен жазылып қалған Әміре, Иса, Күләш, Жүсіпбек, Елубай, Серке, Құрманбек сияқты тарландармен Алматыда 1930 жылы ұйымдастырылған музыкалық драма театрының бір кірпіші болып қаланады. Актриса-әнші қызметіне қабылданады. Сахнада ойнау шеберлігін меңгереді. Сол кезде театр репертуарынан түспей жүрген Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасында Еңліктің рөлін әйгілі дара тума Күләш Байсейітовадан кейін жарқырата сомдаған тұлғаға айналды. Олардың заманында әйел затын театр сахнасына шығару, рөл ойнату үрдісі дами қоймапты. Әйелдердің сахнада әлем-жәлем болып жарқырап көрінуі әбестікке бағаланатын болған. Міне, осы көзқарастың сеңін сөккен, әйелдер образын алғаш сахнада бейнелеу мұратына жеткен санаулылар Күләш, Шара, Рабиғалар болатын.
Осы жайды Рабиға апамыз былайша еске алып:
«Елден аңсап келген бетімде бауырмалдық құшаққа сияр шоқ жұлдыздар арасында маған ерекше ықылас білдірген Күләш еді. «Әнші қыз келді» деп жас балаша қуанып қарсы алғанын, үйіне әкеліп, төрін ұсынғанын қалай ұмытайын. Үш жыл бірге тұрдық. Ол уақытта театр киімге кедей болатын, екеуара бір сиса көйлегіміз бар. Соны кезектесе, сахнаға қайсымыз бұрын шықсақ, сонымыз киетінбіз. «Тез шешін!» деп апыл-ғұпыл киініп жататын да кездеріміз аз болған жоқ. Ол да бір дәурен екен-ау!», – дейді.
Беу, дариға-ай! Оның тасқа басылып қалған осы бір сөздерін оқығанда, өткенді жаңғыртып, сахнада қайта тірілтіп, адамдарға жан тебіренісі мен ләззатын сыйлайтын, мұңға батырып, ойға шомылдыратын сахна артистерінің сомдаған тұлғалары, қайталанбас ойнау шеберліктері бір емес, ондаған өнер зерттеушілерінің ізденістері мен еңбектеріне жүк болар еді деген ой мазалайды. Өйткені, 1930 жылдан Алматы музыкалық драма театрында актрисалық мектептің шыңдалуынан өткен Рабиға 1933 жылы Семейдің облыстық театрына ауысыпты. Онда композитор И.В.Коциктің, қазақтың тағы бір дарынды сахна режиссері Орынбек Бековтың (кейін халық жауы ретінде репрессияға ұшыраған, Рабиға апамыздың алғашқы шаңырақ құрған жары) қойған опералары мен спектакльдерінде «Айман-Шолпан» операсынан Айманның, Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсынан Жібектің, Бейімбет Майлин шығармасы негізінде қойылған «Жалбыр» операсынан Хадишаның, «Қозы Көрпеш-Баян сұлудан» Баянның рөлдерін орындауда, сахналық түрлі образдарды сомдауда зор жетістікке жетіп, оларды қайталанбас өнердің биік шыңына шығарыпты. Сол операларды орындауда асқақ үнді әншілік қыры барынша жарқырай көрініп, қос салаға да қатар бейімділігін танытып та үлгереді. Музыкалық білімі болмаса да, туабітті дарынды тұлға екендігіне көрермендері мен тыңдаушыларының көзін жеткізіп, өзіне тәнті етеді.
Семейдің облыстық театрында екі-үш жыл қызмет істегеннен кейін қайтадан Алматыға шақырылған Рабиға Есімжанова республикалық опера және балет театрына жұмысқа орналасып, осы ұжыммен Мәскеу, сол кездегі Ленинград қалаларында, көптеген концерттік сапарларда болады. Сахналық өнерімен қатар, халқымыздың әндерін кеңінен насихаттау мақсатында радиодан үнемі концерттер беріп жүреді. Осындай концерттерде өз дауыс ырғағы, мәнерімен танылған Р. Есімжанова 1940 жылы Қарағанды облыстық радиокомитетінің, одан кейін үзбей жиырма жыл бойына республикалық радиокомитеттің әншісі болып, ән салды. Ақан серінің, Біржан салдың, Жаяу Мұсаның, тағы басқа да халық композиторларының әндері радио арқылы Р. Есімжанованың шебер орындауында көпшілікке тарап жатады.
Халық әндерін нағыз қалпынан бұзбай, нақышына келтіре орындау шеберлігінде бүгінде Рабиға Есімжановаға жетер әнші жоқ десек асылық бола қоймас. Ол салған «Жонып алды», «Гауһар тас», «Әупілдек», «Әпитөк», «Сәулем-ай» әндері қайталанбас ерекшелігімен әлі жадымызда. Өйткені, теледидары жоқ қазақ ауылында өскен біз құлағымыздың түбіне радиоқабылдағышты жастанып, соны тыңдап өстік.
Әсіресе, «Көкем-ай» әніндегі:
«Көкем, көкем, көкем-ай,
Қай жерде отыр екен-ай!
Ел аралап, су кешіп,
Табар ма екем көкемді-ай!» – деген жолдар ерекше мұңды да, сырлы сағынышты сазымен көзімізге жас үйіретін. Рабиға апамыз өзі салатын әндерінің ішінде осы «Көкем-айды» айрықша қадірлейтін. Халық та оны құлағының құрышы қана тыңдайтын. Себебі, осы бір әуенде соғыстан кейінгі жылдардың жарасын тырнайтын мұң мен зар, сағыныш жататын.
...Иә, сағыныш демекші, Рабиға апамыз елге келген сайын жерлестерін қимай көзіне жас алып қоштасып кететін-ді. Сексенінші жылдары Қорғалжын өңірінен Алматыға барған ағайындар апамыздың сырқаттанып жүргенін айтып келгені бар. Ақыры, сол сырқаттан Рабиға Есімжанова 1986 жылдың шілдесінде 72 жасында бақилық сапарға аттанып жүре берді.
...Ұлтымыздың мақтанышы, 1936 және 1958 жылдары Мәскеуде өткен қазақ өнері мен әдебиетінің онкүндіктерінде ән құдіретін әлем жұртшылығына мойындатқан Қазақстанның Халық әртісі Рабиға Есімжанованың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Сахна саңлағының рухы қандай құрметке болсын лайық, қалай әспеттесек те орынды дер едік. Ендеше, жезтаңдай әнші, Қазақстанның Халық әртісі Р.Есімжанованың 100 жылдық мүшел тойы ел Үкіметінің қолдауымен мемлекеттік деңгейде атап өтілуге тиіс-ау! Сонымен бірге, ұлтын ұлықтайтын қазақтың өнерсүйер азаматтары қазақ әншілік өнері мектебінің негізін қалаушылардың бірі Р. Есімжанова еңбек еткен Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының жұртшылығы да өнер саңлағының мерейтойын атап өтуге орай ұйымдастырылған шаралардың бастамашылары болады деген сенімдеміз.
Жақсысына құрмет көрсеткен, барын бағалаған елдің абыройы артып, мерейі өсе береді.
Бәдуан ИМАШҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі.