• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Президент 14 Қазан, 2022

Шекара мәселесі тек бейбіт жолмен шешілуі тиіс - Тоқаев

380 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның ең цифрланған мүше мемлекеттердің отызына кіреді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Орталық Азия – Ресей» саммитінде айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Тұрақсыздыққа алып келетін тағы бір фактор – өңірдегі жекелеген елдер арасындағы шекара мәселесінің реттелмеуі. Шекара проблемасы ғасырлар бойы қалыптасқан достық, өзара сенім және тату көршілік негізінде, сондай-ақ халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының іргелі қағидаттарын мүлтіксіз сақтау арқылы тек бейбіт жолмен шешілуге тиіс», деп атап өтті Президент.

Саммит барысында Мемлекет басшысы цифрландыру саласына да тоқталып, бүгінде Қазақстан БҰҰ-ның ең цифрланған мүше мемлекеттердің отызына кіретінін тілге тиек етті.

«Қазақстан осы салада белсенді өзара іс-қимыл жасауға және тәжірибе алмасуға дайын. Өңірлік жобаларға тікелей және портфельдік инвестицияларды ынталандыру үшін тиімді платформа «Астана» халықаралық қаржы орталығы бола алады. АХҚО әлемдік қаржы институттарының үздік тәжірибесі мен жаңа құралдарды біріктіреді. Орталықта 64 елден 1400 ден астам компания тіркелген», деп қосты Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент өз сөзінде сауда-экономикалық байланыстарды сақтау, шағын және орта бизнесті қолдау шараларына ерекше назар аудару қажет екенін айтты.

«Қазіргі жағдайда қалыптасқан сауда-экономикалық байланыстарды сақтау аса маңызды. Шағын және орта бизнесті қолдау шараларына, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды қолға алуға ерекше назар аудару қажет. Бұл ретте сауда кедергілерін жою және протекционистік шараларға жол бермеу маңызды. Бізге өңірішілік сауда-саттықты дамытуға бағытталған күш-жігерді жандандыру қажет. Бұл жерде тауар айналымының құрылымын жақсартуға және оның номенклатурасын кеңейтуге мән берген жөн», деді Мемлекет басшысы.