«Қазхром» ТҰК» АҚ-тың филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауытының Металлургтер мәдениет үйінде «Біз – қауіпсіз еңбек үшін» атты тақырыпта көңілділер мен тапқырлар командаларының сайысы болып өтті.
Жылдағы дәстүр бойынша биыл да зауыттықтар арасында көңілділер мен тапқырлар сайысы өз жалғасын тапты. Сайысқа цех, бөлімшелерден он команда қатысып, әзіл-шыны аралас тамаша ойын өрнегін көрсетті. Техника қауіпсіздігіне арналған сайыс әдеттегідей үш тапсырмадан тұрды. Мәдени шараның арқауы техника қауіпсіздігі болғандықтан әрбір команда күнделікті өндірісте орын алған жағдайларды астарлы әзілмен көрермендерге ой тастай отырып жеткізіп, кемшіліктің зардабы қандай болатынын көз алдарынан өткізуі әсерлі шықты.
Көңілдерге түрлі ой тастар әзілімен үздіктер қатарынан көрінген №2 балқыту цехы мен хиимиялық сараптама зертханасынан құрылған «ЭКШН» командасы бас жүлдені және 70 мың теңге ақшалай сыйлықты қанжығасына байлады. Екінші орынды иеленген шикіқұрам дайындау цехы және техникалық қадағалау бөлімінің «СИЗ» командасы 50 мың теңге, үшінші орын алған өндірісті автоматтандыру және байланыс цехы мен әкті күйдіру және көмірқышқылын өндіру учаскесінің жастарынан құрылған «White» құрама командасы 35 мың теңге ақшалай сыйлықты олжалады. Жүлделі орындарға ілікпеген қомандаларға да ынталандыру сыйлықтары мен алғыс хаттар табысталды. Ал көрермендердің көзайымы болған жекелеген ойыншылар да марапаттан құралақан қалмады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.