• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Қазан, 2022

Ұннан тарықпайды

203 рет
көрсетілді

Қияндағы Запорожье ауылында тәулігіне 450 тоннаға дейін ұн тартуға қарымы қаптал жететін жаңа диірмен ашылды. Кәсіпорын өнімін еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтумен қатар, аудандағы сауда орындары арқылы халықтың ұнға деген сұранысын өтемек.

Диірмен кешені ұнның алғашқы легін жергілікті наубайханалар мен дүкендерге жеткізіп берді. Әзірге кәсіпорын толық қуатына көшкен жоқ. Тәулігіне 15 тонна ұн шығаруда. Аз уақыттан соң қарқын алмақ. Ұн сапасы жақсы. Оған себеп, қажетті жабдықтардың бүгінгі талапқа толық жауап беретінінде. Ресейден әкелінген жабдықтар мамандардың бағалауына қарағанда ұзақ уақыт қызмет етуге жарайды. Жартылай автоматтандырылған диірменде төрт жаңа жұмыс орны ашылды.

– Біз тікелей ұзақтау әдісін қолда­нып, жоғары және бірінші сұрыпты ұн шығарамыз. Шикізаттан туындайтын мәселе жоқ. Биыл өңірде астық жақ­сы шықты, – дейді кәсіпорын директоры­ның орынбасары Игорь Хунзария.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірумен бірге өңдеуге де мейлін­ше назар аударылып отырғанын айта кетелік. Ақмола облысында ұн тартумен 37 кәсіпорын айналысады. Барлығы жылына 800 мың тоннаға жуық ұн да­йындайды. Биыл сұранысқа орай өндіріс көлемі бір жарым есеге артты.

– Қазір бірінші кезекте Орталық Азия елдері мен еліміздің оңтүстік өңірін ұнмен қамтамасыз етіп отырмыз десек те болады. Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан тарапынан біздің өңірде дайындалатын сапалы ұнға сұраныс мол, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Қасым Итқұсов, – азық-түлік белдеуінде болғандықтан Астана қаласына өнім жеткізу тиімді.

Астықты өңірде жергілікті өнімді өңдеп, ұқсатып пайдалануға басымдық беріліп отыр. Ас атасын молайтсақ, елдің дастарқаны да жүдемейді.

 

Ақмола облысы,

Жақсы ауданы