Денсаулық сақтау министрінің бұйрығына сәйкес, 2022 жылғы 12 қазаннан бастап Қайыргелдина Саягүл Айдарқызы «Бурабай» республикалық оңалту орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қайыргелдина Саягүл Айдарқызы 1973 жылы 9 тамызда дүниеге келген. Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін «Биология» факультеті, адам анатомиясы және физиологиясы кафедрасы бойынша бітірген; Қарағанды Заң Академиясында «Құқықтану» факультеті, азаматтық құқық кафедрасын оқыған; Мәскеу қаласындағы Халықаралық қалпына келтіру медицинасы университетінде қалпына келтіру емі және медициналық оңалту мамандығы бойынша дәріс алған; «Астана» медицина университетінде Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент және маркетинг мамандығын тәмәмдаған. PhD доктор, ҚР ҰҒА профессоры ғылыми дәрежесі бар. «Болашақ» Президенттік бағдарламасының түлегі.
Еңбек жолын 1990 жылы №3 Киев орта мектебінің тәрбиешісі болып бастаған.
Әр жылдары ЖОО-да оқытушы, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының «Заманауи медициналық технологияларды енгізу орталығы» РМК инновациялық және білім беру қызметі басқармасының халықаралық медициналық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі, бас сарапшысы, бас менеджері қызметтерін атқарды.
Соңғы жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының санаторийлер өкілдігінің басшысы лауазымында болды, кейін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Қарағанды медицина университеті» КЕАҚ курортология орталығының басшысы болып жұмыс істеді.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас курортологы.
Ғылыми басылымдардағы 51 мақаланың, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған 1 оқулықтың, 2 ғылыми зерттеудің, 3 авторлық патенттің, Қазақстан курорттарына арналған 1 монографияның авторы.