• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
23 Мамыр, 2014

Уақытқа жарасты құбылыс

333 рет
көрсетілді

Биыл Қарағандыға 80 жыл толып отыр. Жас жағынан алғанда Қазақстан қалаларының ішінде үлкені де емес, кішісі де емес деуге болғанмен, құрылған беттен біразын басып озып, кезінде еліміздегі екінші шаһар қатарына қосылғаны мәлім. Мол көмір қоры арқасында ірі өндіріс орталығына айналуы соған негіз қалаған еді. Бұл қазынаға сұраныс азайып, кәсіпорындар сапы селдіреген кезең тынысын тарылтып, дүрілдеген шағын тежеуі қазір көрген түстей болып қалды. 500 мыңнан астам тұрғындары саны тарихи отандарына жаппай қоныс аудару кезінде 300 мыңға дейін кеміп, бір мезетте шағындалып қалған бүгінде орны толып, сәндігі мен мәндігі қайта оралып, көз ілеспес құлпыру-өркендеу үстіндегі Астана, Алматы, Шымкенттен қалыспай алға ұмтылысы көңіл қуантарлық құбылыс. Әуелде, ғылыми деректерге сүйенсек, бүгінгі Қарағанды орналасқан тұста есте жоқ ескі заманда телегей теңіз болған көрінеді. Ол бірте-бірте суалып, табанын түрлі өсімдіктер басады. Әсіресе, ну жыныс қараған қаулап өседі. Оның ғасырлар бойғы шіріндісінен көмір көзі қалыптасқан. Қаланың пайда болуына ықпал етуші осынау табиғи фактор ізі бірде белес, бірде ойпаң жер бедерінен де байқалады. Мұны айту себебіміз, алғашқы үйлер шахталар төңірегіндегі ойпаттау бөлікте пайда болса, Ескі қала атанып кеткен бұл жақ кейінде қаланың жаңа орамы бой көтеруіне байланысты дамуы шегерілген болатын. Орнына көлшіктер көтеріліп, алынған кен қабаттарын күл-қоқыс үйінділері басып, көрсе көз шошырлық күйге енген-ді. Қала сәулетшілерінің бас жос­пары бойынша бұдан былай қарай мұндай кейіп мүлдем өзгереді. Онда айналаны жасыл орман белдеуі қоршаған, Арқа табиғатына бейімделген ағаштар отырғызылады. Бұған дейінгі күйзелген, қуарған жер бедерін жаңартатын, көркін жаңғыртатын экологиялық таза орта пайда болады. Жұрттың сүйсіне демалатын, еркін сейілдейтін, балалардың ойын-сауыққа кенелетін аймағы болмақ. Жалпы, Қарағандыны жан-жақтан Астана тәрізді жасыл желек аясына малындыру, көшелері мен жолдары бойын­ қыста да жапырағын тастамайтын ағаш­тарға жайқалту, құлпырған бақ­тар­ды кө­бейту басты мақсат. Мәселен, Оң­түс­тік-Шығыс пен Майқұдық бөлігінің ашық­ аралығы бұрын бір жобаланғандай, үйлер тізбегімен қосылу орнына орманды алқаппен ұштастырылады. Ортасында шаңғы, велосипед тебушілерге арналған жолақтар, спорттың басқа да түрлерімен шұғылданатын алаңқайлар жасалады. Бүгінде шаһардың келешек орталығы Оңтүстік-шығыс аймағы болғалы тұр. Осы жақта сәулеткерлік сәні жөнінен бірінен-бірі асқан тұрғын үйлердің көптеп бой түзеуімен қатар мемлекеттік мекемелер, коммерциялық құрылымдар ғимараттары Қарағандының таяу уақыттарда қандай­­лық өзгеріске енетіндігін анық елестетеді. «Қарағанды-Арена», теннис, бокс сарайлары оның қазіргі тамаша көркі болса, архитектуралық өрнегімен тамсандыратын ғажайыптар ұлғая түспек. Ал бұлармен қоса екі құрылыстық жобаны іске асыру көзделуде. Біріншісі, бұдан 70 жыл бұрын салынған теміржол бекеті тарихи сәулеттік ескерткіш ретінде сақталып, басқа кең жерден жаңа ғимараты бой көтереді. Сондай-ақ, талай жылдар жергілікті жанкүйерлердің сүйікті командасы «Шахтердің» ойынын қызықтатқан стадионның да жаңасы ең көрікті тұстан алыстан көз тартатын болады. Құрылыстар баяғыдай егіз қозыдай емес, алуан өрнекті. Қалай да дамуға мүмкіндігі бар Қарағандының қанатын жайып, әрі мен келбетін жайнатуы заман талғамымен жарасқан талап. Айқын НЕСІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».