• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2010

МЕКТЕПТІҢ ЖҮРЕГІ – МҰҒАЛІМ

847 рет
көрсетілді

“Ақпараттық техноло­гиялар заманында оқушы мұғалімнің алдында кетіп барады. Қазір мұғалім болу оңай емес. Сондықтан да қазіргі мектеп оқытушы­ла­ры бұрынғыдан да екі есе көп ізденіп, уақытқа ілесіп оты­руы керек. Бүгінгі оқушының алдында шын беделді болу үшін мұғалімдерге шын мә­нінде білімді, жауапкерші­лікті, мықты психолог бо­луға тура келеді”, дейді О.Жәу­тіков атындағы да­рын­ды балаларға арналған Рес­публикалық мамандан­ды­рылған физика-мате­ма­тика мектеп-интернаты жанын­дағы “Келешек” мек­тебінің директоры Гүлшар­бан Сабурова. Биыл барлық мектептерде түлек­тер үшін соңғы рет сылдыр қаққан соңғы қоңырау рәсімінің ерекше­ліктері бар. Алматыдағы бірқатар мектептердегі жыл жабар салтанатына куә болып, осындай пайымға келдік. Еліміздің ертеңі биыл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырғанымызды мақтаныш көреді. Сондай-ақ Ұлы Жеңістің 65 жылдығымен тұспа-тұс мектеп тәмәмдап отырған түлектер осы оқиғаларды ұлықтап, мақтаныш тұтатынын білдік. Биылғы соңғы қоңырау салта­натына математика, информатика мен физика пәндерін тереңдетіп оқытатын “Келешек” мектебі де ауыз толтырып айтарлықтай табыстармен келіп отыр. Мектеп білім берудің барлық соны жаңалықтарын енгізіп ғана қоймай, аяқталған оқу жылында математикалық логика атты жаңа пәнді дендеп ендірген. Оған қоса мектеп оқушыларының түрлі оли­м­пиадаларда, интеллектуалдық бай­қау­лар мен халықаралық жарыстар­дан алып келген жүлделері бар. Соң­ғы қоңырауда балалардың жарыс­тардан жеңіп әкелген дипломдары мен мектептің Алғыс хаттары өздеріне табысталды. “Келешек” мектебін басқа ақылы мек­тептерден даралайтын не десек, ал­дымен мұндағы шәкірттер атал­мыш пәндер бойынша 5 сыныптан бас­тап арнаулы қабылданған бағ­дарламалар арқылы жоғары дең­гейдегі дайын­дық­тан өтеді. Олимпиа­даларда жүлделі ор­ындардан табылған талантты балалар мен үздік оқығандар алғаш­қылар қата­рында О.Жәутіков атын­дағы дарынды бала­ларға арналған Рес­публикалық ма­ман­­дандырылған фи­зи­ка-математика мек­теп-интернатына 9 сыныптан бастап емтихансыз қабыл­данады. – Әу баста осындай мектепті ашудағы менің мақсатым да осы бо­латын. Аумалы-төкпелі, экономика­ның қиын кезеңдерінде, қайта құру жылдарында республикалық физика-математика мектеп-интернатының деңгейі төмендеп кетті. Әсіресе еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған қабілетті оқушылардың математика мен физика пәнінен білімі аса көңіл көншітпеді. Ойлана келе, балаларды 8 сыныпқа дейін өте жоғары дай­ындықтан өткізу қажеттігіне көзім жетті. Содан 1996 жылы 5 сыныптан бастап оқушыларды математика мен информатика, 7 сыныптан бастап физика пәніне түбегейлі дайындауды қолға алдық, – дейді ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин меда­лінің иегері Гүлшарбан Сабурова. Қазіргі озық технологияларды, интерактивті тақталарды, мультиме­диялық оқу құралдарын шын мәнін­де қолданатын, оның ғажап мүмкін­діктерін терең білетін мұғалімдер де осы мектепте. Қазір кейбір мектептер жас, тә­жірибе жинақтамаған мұғалімдерден қашады. “Келешек” керісінше үйре­нуге ұмтылысы бар жас ұстаздарды жұмысқа алуға қашанда бейіл. – Өйткені, жас мамандардың ақпараттық технологиялардан хабары бар. Және ерінбей-талмай өзімнің өмір бойы педагогика саласында жи­наған машығымды оларға үйретемін. Тез қағып алады, бір көргендерін ұм­ыт­пайды. Жаңашыл жас мұғалімдер қазірдің өзінде мектепті жетістіктерге жетелей бастады. Оқушылары олим­пиадалардан жүлдемен оралуда, – дейді мектеп директоры. Директордың осы сөзін де растай кетуге болады. Мектепке Ресейдегі математика мұғалімдері арасында өтетін байқауда екі рет қатарынан жүлдегер атанған Ибрагим Ибатулин жұмысқа шақырылып, оған балалар­ды халықаралық деңгейде өтетін олимпиадаларға дайындауды сеніп тапсырған. Нәтижесі көз алдымызда өтті. Соңғы қоңырау салтанатында түрлі жарыстардың жеңімпаздары марапатталғанын атадық. Соның бірі – соңғы жылдары дәстүрлі түрде өткізіле бастаған фи­зи­ка мен математика пәндері бой­ынша оқушылардың халықаралық Жәутіков олимпиадасы қазірдің өзін­де шет мемлекеттердегі есепке жүй­рік оқушылардың арасында аты мәш­һүр бола бастағанын айтуға тиіспіз. Мектепті даралайтын тағы бір тұс – мұндағы оқушыларға мектеп қа­быр­ғасында жүріп-ақ ғылыми жоба­лармен айналысуға мүмкіндік жаса­лынған. Оған қоса арнаулы мектеп бағдарла­малары шәкірттердің өзге пәндерден ақсамауын үнемі қадаға­лап отырады. Оқушылар бос уақыт­тарында шығар­машылық жұмыстар­мен, өнер түрлерімен, спортпен айналысады. – Бүгінгі балалар мұғалімдердің алдына түсіп кетті. Интернетті жақсы біледі. Ақпараттық технологияларды жақсы меңгерген. Осындай жағдайда мектеп оқытушыларына жұмыс істеу де оңай емес. Мұғалімнің өзі ком­пью­тердің “құлағында ойнайтын” қабілетті болуы керек. Барлық инно­вациялық технологиялардың тілін игеріп отыруы қажет. Бәсекеге қабі­лет­тілік деген осы! – дейді Гүлша­р­­бан Қамылбайқызы. Сабурова сынды тәжірибелі педа­гог математика ғылымдардың пат­шасы екендігін алға тарта отырып, уақыттың талабы бір басқа, одан бө­лек ата-аналардың талабы да күшейіп келе жатқанын айтады. Ұл-қызы сапалы білім алу үшін капитал салып отырған жандардың мектепке және мұғалімдерге жан-жақты талап қоюға да қақысы бар. Айнаш ЕСАЛИ, АЛМАТЫ.