• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қазан, 2022

Кітапханаға есімі берілді

358 рет
көрсетілді

Белгілі ақын, аудармашы, ғалым Сағынғали Сейітовтің туғанына 105 жыл толды. Қаламгердің мерейтойы оның туған жері – Батыс Қа­зақ­стан облысының Ақжайық ауданында кеңінен аталып өтті.

Осыдан бес жыл бұрын Ақжайық ауда­ны орталығында ақынның бюсті орнатылған болатын. Ал биылғы ке­шенді шара аудандық орталық­тан­дырылған кітапханалар жүйесіне Сағынғали Сейітовтің есімі берілген сүйінші хабардан басталды. Осы бір елеулі оқиғаға арналған салтанатты жиынға Сағынғали ақынның пер­зенттері Дидар және Ділбар Сейі­то­валар, жазушы Сәкен Сейфул­лин­нің жиені, биология ғылымдарының докторы София Сейфуллина, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қай­рат­кері Ғалым Жайлыбай, жазу­шы, ғалым, филология ғылым­да­рының докторы Нұрдәулет Ақыш, жергілікті өлкетанушы Жайсаң Ақбай, Батыс Қазақстан облыстық мә­дениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов, айтыскер ақын, Қа­зақстан Республикасы Жазушылар одағы облыстық филиалының же­тек­шісі Бауыржан Халиолла, жа­зушы-журналист Бауыржан Ғұбайдуллин, Жұбан Молдағалиев атын­дағы об­лыс­тық әмбебап ғылыми кітап­ха­насы директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова, Атырау, Ақтөбе облыстарының кітапхана директорлары мен мамандары, облыс еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Кітапханада өткен «Ел қо­нағы – ел ардағы» атты кездесу шарасында Сағынғали Сейітовтің өз шығармалары мен ол жайында ес­те­ліктер шоғырланған «Қандықта туып қалың елге танылған» атты жинақтың тұсауы кесілді. Сондай-ақ Махамбет атындағы Батыс Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев «Сағынғали Сейітовтің әдеби және ғылыми мұ­расы» атты су жаңа ғылыми-мо­но­­­графия кітабын оқырмандарға та­ныс­тырды.

Қаламгердің мерейтойына байланысты ұйымдастырылған ең үлкен шара Ақжайық аудандық мәдени-демалыс орталығында өтті. «Ақын. Ғалым. Азамат» тақырыбындағы республикалық ғылыми-танымдық конференцияда шешендер мерейтой иесінің сан қырлы қызметі мен шығармашылық болмысына тоқталды. Жергілікті қаламгер, қоғам белсендісі Нұрлан Сәдір «Сағынғали Сейітовтің заманы мен замандас­тары» тақырыбына сөз қозғаса, жа­зушы, ғалым Нұрдәулет Ақыш «Сағындырған Сағынғали ата» деп ой толғады. Ақ Жайық қалам­гер­лерінің ағасы, ақын Айтқали Нәріков ақынның азаматтық лирикасы жайында айтып берсе, филология ғылымдарының кандидаты Зейнолла Мүтиев Сағынғали Сейітовтің әдеби және ғылыми мұрасы хақында сыр шертті. Ал ақынның жерлесі, Ақ­жайық ауданының құрметті азаматы, ақын Үзілдік Елеубайқызы Сағынғали аға шығармаларындағы туған жер тақырыбы жөнінде баян­даса, Ақжайық ауданының тағы бір құрметті азаматы, ақын Тілес Жазықбай да кеш иесінің өмірлік болмы­сын дәріптеп, сөз сөйледі.

Осы шара аясында «Екі ғасырмен егіз өрілген тағдыр» атты аймақтық байқау жеңімпаздары марапатталды. Мерейтойды ұйымдастырушы Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетов ақынның қыздары Дидар мен Ділбар Сейітоваларға және жазушы Сәкен Сейфуллиннің ұрпағы София Мәжитқызына құр­мет көрсетіп, иығына шапан жапты.

Шара ауданның көркем­өнер­паз­­дары ұсынған «Жайықта туған екен­сің...» атты концерттік бағ­дар­­­ламамен қорытындыланды. Сағынғали Се­йітов­тің 105 жылды­ғы­на ар­нал­ған рес­публикалық-аймақ­тық жыр-мүшәйраның бас жүлдесін жас ақын Бекболат Қаленов жеңіп алды.

 

Батыс Қазақстан облысы