Биыл тоғыз айда орман заңнамасын бұзуға қатысты 120 факті анықталды. 62 оқиға бойынша 4 041,6 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Орман қорына келтірілген залал көлемі 1260,1 мың теңгені құраса, оның 915,8 мың теңгесі өндіріліп алынған. Қалған іс материалдарын сот органдары қарап жатыр.
Көкшетау өңірі үзіліп түскен моншақтай көгілдір көлдерімен, қолдың саласындай ақ қайыңдарымен, мәңгі жасыл қарағайларымен әйгілі. Қай тарапқа көз салсаң да ит тұмсығы өтпейтін қалың орман қаулап өсіп тұрғандай әдемі әсер қалдыратыны бар. Шын мәнінде, орманды алқап барлық жер көлемінің 2,6 пайызы ғана. Демек қолда бар алтынның қадірін біліп, табиғаттың тамаша көрінісіне сызат түсірмей сақтап қалу парыз әрі міндет. Жоғарыда келтірілген табиғатқа залал тигізіп жатқан деректерді ой таразысына салғанда жаның түршігеді.
– Биылғы келтірілген залалдың көлемі – 186,3 текше метр, – дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов, – 18 мәрте заңсыз ағаш кесу оқиғасы анықталды, 49,1 текше метр ағаш тәркіленді. Құқық қорғау органдарына 11 материал жолданды, бес адамға 1 286,4 мың теңге айыппұл салынып, оның 858 мың теңгесі өндірілді.
Инспекция қызметкерлері жалпы аумағы 115 текше метрлік залал көлемін анықтады. Белгілі болған 4 оқиға кезінде кінәлі тұлғалар анықталмады. Әйтсе де барлық материал құқық қорғау органдарына жолданды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Орманды ойсыратып жатқан тағы бір кесел – ауық-ауық тұтанып, дүйім жұртты әбігерге салатын өрт оқиғалары. Ағымдағы жылдың наурыз-сәуір айларында аталған инспекция барлық орман иеленушілерінің өрт қаупі туындайтын маусымға дайындығын тексерген. Негізінен, кейбір жерде тыңғылықты дайындық болғанымен, өкінішке қарай, олқы соғып жатқан тұстары да аз емес. Алты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Орман мекемелері бұл кезеңге дайындықты ширатып келеді. Тілсіз жауға қарсы тұру үшін материалдық-техникалық база да мүмкіндігінше жақсартыла түсті. Әйтсе де көрікті Көкше өңіріне жадыраған жаз айларында келімді-кетімді кісі көп болғандықтан, өрт шығу қаупі де жоғары. Айталық, табиғат аясына шығып дем алатындар бейқамдықтың салдарынан рұқсат етілмеген жерде от жағып, ас дайындап, кейін сөндірмей кетеді. Осы бір ғана немкеттіліктің қасіреті қалың орманның от құшағына орануына әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Қара қарғаның миы қайнайтын шілдеде қау шөптің үстіне абайсыз тастай салған бір тал темекінің тұқылы жайнап тұрған жасыл әлемді жалмап кетуі әбден мүмкін.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 30 қаңтардағы бұйрығына сәйкес өртке қарсы қызметті жетілдіру қажет. Әйтпесе өрттің қаншалықты қауіпті екенін әркім де біледі. Осы жылдың тоғыз айында орман өртінің 65 оқиғасы орын алып, 823,2 гектар орман-тоғай өртке шалынды. Осы арада сәл таратып айтуға тура келеді. Орын алған өрт оқиғаларының 32-сі табиғат әсерінен, ал үшеуінде адамдар кінәлі болып отыр. 26 оқиға бойынша материал құқық қорғау органдарына жолданғанымен, нақты кінәлі тұлғалар әлі күнге дейін анықталмаған. Биылғы жаз айларында 4 бірдей ірі орман өрті орын алды. Осы оқиғалар кезінде тұмса табиғат зиян шекті. Алдын алу жұмыстары мұқият жүргізілгенімен, ұлттық байлықтың ұнжырғасын түсіретін осындай оқыс оқиғалар кездесіп қалады. «Қазақавиаорманкүзету» мекемесінің үш бірдей тікұшағы орманды алқаптардың үстімен ұшып, көзінің қарашығындай қорғағанымен, апат айтып келмейді.
Ұшақтар орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің республикалық диспетчерлік қызметіне есеп ұсынумен бірге, облыстың мемлекеттік орман қоры аумағына әуеден бақылау жасайды. Нәтижесіз де емес, өткен жылғы кейбір қателіктерді ескере отырып, биылғы жағдайды таразы басына тартатұғын болсақ, әуеден бақылаудың артықтығы көзге көрініп тұр.
– Инспекция өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін 25 лауазымды қызметкер мен бірнеше адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты, – дейді инспекция басшысы, – өрт қаупі мол маусымның алдында табиғат қорғау прокуратурасы мен полициясы, орман және табиғатты қорғау мекемелері, жергілікті атқарушы органдар басшыларымен бірнеше мәрте кеңес өткізілді. Біздің инспекция орманды молықтыруды бақылап отырады. Биыл облыстың орман және табиғатты қорғау мекемелері 5 910,6 гектар алқапқа ағаш көшетін отырғызды. Осылайша, күні бұрын межеленген тапсырма 108,7 пайыз асыра орындалды.
Тұқымбақта орман алқаптарын кеңейтуге қажетті көшеттер өсірілуде. Өңірде 11 тұрақты және 8 уақытша жұмыс істейтін тұқымбақ бар. Олардың ішінде мүмкіндігі мол Маралды мен Кіші Түкті тұқымбақтары облыстың орман шаурашылықтарын қажетті көшетпен толайым қамтамасыз етіп келеді. Әйтсе де белгіленген қағиданы бұзушылар да бар. Орман ойсырап қалмауы үшін кесілген немесе қураған алқапқа көшет отырғызу өте маңызды. Бұл әрбір орманшының үнемі көкейінде жүретін мәселе болуға тиіс. Әйтсе де бұл тарапта олқылықтың орын алатынын жасыруға болмас. Осындай жауапсыздық жасыл орманның жайқалып өсуіне кесірін тигізеді. Бұл орайда 37 орман шаруашылығы маманы жауапкершілікке тартылғанын айтуға тиіспіз.
Республикалық орман селекциялық орталығының солтүстік өңір филиалы ауқымды іске айтарлықтай үлес қосты. Барлық жерде тұрақты орман тұқымы базасын құру бойынша кең көлемді жұмыс атқарылып келеді. Дайындалған ағаш тұқымдарының сапасын арттыруға кең жол ашылды. Қазір Көкшенің көгілдір орманын молайту бағытында жыл сайын егіліп жатқан көшеттің едәуір бөлігі өңірдің өзінде өсіріледі.
Қалың орманды көздің қарашығындай күзетіп, қамқорлық аясында әлдилеу бар да, түрлі зиянкестерден, әрқилы аурудан сақтау бар. Осы жылы 10 мың гектардан астам аумақта орманды алқапқа залалын келтіретін әртүрлі зиянкестер мен аурулардан қорғауға бағытталған іс-шара өткізілді. Жыл басынан бері барлық орман зиянкестері мен ауру ошақтары шоғырланған аумақ 12 004,4 гектарды құраған болатын. Тынымсыз күрес нәтижесінде 3 127,74 гектар аумақтағы қауіп-қатер сейілді. Оның ішінде 10 699,92 гектар алқапта орын алған зиянкестер ошағы толығымен жойылды.
Орманның халыққа пайдасы өте зор. Бұл бағытта тәптіштеп айтудың өзі артық. Бір ғана жайды тілге тиек етуге болар. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар маңында ұзақ және қысқа мерзімді 44 жер телімі жалға беріліп, игілігін ел көріп отыр. Елдің жайын ескере отырып, ережеге сай пішен ору, мал жаю, омарта құру, саңырауқұлақ және жидек жинау тәрізді шаруалар атқарылады. Орман игілігін көру үшін арнайы билеттер жазылып беріледі.
Ең бастысы, көл-көсір байлығымызды келер ұрпақтың кәдесіне жарату үшін бүгіннен бастап бар күш-мүмкіндікті жұмылдырып сақтау керектігі жеріне жеткізіле айтылып жүр. Әсіресе жас ұрпақтың көкірегіне сіңіріліп келеді. Инспекция қызметкерлері күзетіп қана қоймай, келешектің қамын осылай жасамақ. Тұтас ел тұтқа болғанда ғана орманымыз ойсырамай, көз жауын алатын жасыл желек жайқалып өсе бермек.
Ақмола облысы