Қазақстанның Канададағы елшісі Константин Жигалов Қазақстан Республикасының өкілетті өкілі ретінде Сан-Хосе қаласында өткен Коста-Риканың жаңадан сайланған Президенті Луис Гильермо Солистің инаугурация салтанатына қатысты.
К.Жигалов Коста-Рика басшысына Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың атынан құттықтауын білдіріп, Қазақстан мен Коста-Рика арасындағы қатынастардың сәтті дамуына үміттенетінін айтты.
Сапар шеңберінде елші Коста-Риканың Сыртқы істер министрі Мануэль Гонсалес Санспен кездесу өткізді. Әңгіме барысында тараптар екі жақты ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын белгілеп, халықаралық деңгейде, әсіресе, ядролық қауіпсіздік пен таратпауды қамтамасыз ету саласында өзара әрекеттесудің мақсатқа сай екенін атап өтті. Аталған салада екі ел атқаратын жұмыс халықаралық қоғамдастық тарапынан жоғары бағаланады.
Коста-Рика тарапы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамашылық еткен «АТОМ» Жобасына, сондай-ақ, Астанада Әлемнің және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі сияқты өркениеттер үнқатысуын күшейтуге бағытталған шараларға үлкен қызығушылық танытты.